22.05.2020, 11:56
Қараулар: 25
          Жұмыс істеймін дегенге жер беріледі

          Жұмыс істеймін дегенге жер беріледі

Мамыр айы шуағын шашып,  барша адамзатты еңбекке шақырғандай. Қара жер бусанып, топыраққа түскен әрбір дәннің тамыр жайып, түйнек беретін кезі.Тек табиғат ана еңбектенгенге, жерді, суды, дұрыс пайдаланғанға беретінін ұмытпасақ болғаны.

Жақында Шыңғырлау ауылдық округі тұрғындарының сұрауымен Елек өзені маңынан  көлемі  екі гектар жер телімі тегін пайдалануға берілді. Бұған дейін де жылдар бойы көкөніс егіп шыңғырлаулықтардың азық түлік қамбаларын толтырып келген құнарлы «Подхоз» деп аталатын  жерге көкөніс және картоп салынды. Жер учаскелерін бөлу жұмысына ауылдық округтің әкімі Ғұсман Жұмағазиев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов басшылық жасап, ең алдымен он бес  тұрғынға, соңынан тағы он ауыл адамына жер бөліп, қолдау білдірді.

«Әрбір өткен тұрғындар жиындарында бақша  салудың мәселесі жиі айтылып жүргенді. Оны ауыл ақсақалдары да, жергілікті тұрғындары да қолға алып, ұсыныс білдірді. Міне, көктем шығысымен, біз жер бөліп, жұмысты бастап та кеттік. Біздің ұжымда бірінші болып бастама көтеріп,  алты қызметкеріміз өздерінің  отбасыларымен келіп, картоп екті. Енді келесі кезекте техникалық сумен жабдықтау, бақшаны қарайтын күзетші мәселелерін де шешіп беруге тырысудамыз»,-дейді ауылдық округ әкімі.

Біздің байқауымызша, бұл бастаманы естіген  басқа да ауыл тұрғындары бақша салу үшін өтініш білдіруде. Демек, шыңғырлаулықтардың  дені жұмыстан соң күрек ұстап, пайдалы жұмыспен айналысуға көшері әбден  мүмкін.

                                                                                                                                     А. МУСА

Шыңғырлау ауданы