6.05.2020, 13:06
Қараулар: 45
Жеке аула шаруашылығын дамытудың уақыты келді

Жеке аула шаруашылығын дамытудың уақыты келді

 Шыңғырлау  инфраструктурасы дамыған аудан. Әрбір үй ауыз су, көгілдір отынмен қамтылған. Техникалық суы да жаз бойы пайдалануға беріледі. Көшелері жыл сайын жас көшеттермен көркейіп,  асфальттанған. Интернет жүйесі де еш үзіліссіз. Үш үлкен супермаркет  тұтынушы қажеттілігі үшін жұмыс істеуде.

Баршамызға аян,еліміздегі төтенше жағдай  халықтың жаппай үйде отыруына әкелді. Бұл уақытша қиындық десек те бір үйлі адамдардың бір жерге қамалып отыруы әрине, оңай емес. Біреулерінің психикасы сыр берсе, біреулері қол бостықтан зерігуде. Адамдардың барлығы бірдей осы уақытты тиімді пайдалануда деп те айта алмаспыз. Дейтұрғанымен  «бір жамандықтық бір жақсылығы» болады дегендей, бұл уақыт үй-ішіне көңіл бөліп, жұмыс басты болып кеткен жандарды енді үй тұрмысымен, жеке аула жұмысымен айналысуына бірден- бір себеп болды емес пе?!

Ауыл-аймақты қоспағанның өзінде аудан орталығында 2337 жеке аула бар. Оның 30 пайызы мал-құс ұстаса, қалғаны тек  еңбекақы есебінен немесе жеке бизнес, саудадан түсетін табыстарымен тұрмыс кешеді екен. Енді дүкендердің,басқа да қызмет көрсету орындарының жабылуына байланысты  жеке аула шауашылығымен айналысушы тұрғындарымыздың саны  бірден өседі деген пікірдеміз. Ауыл әкімі Ғұсман Жұмағазиевтың айтуынша, «соңғы жылдары  мал, соның ішінде ірі қара сатып алушылар  көбейген. Көпшілігі ұсақ малды қыс кезінде үйде ұстап, жаз келе  күтімге қосып отырады. Үйде отырған әйел адамдар өткен жылы балапан сатып алып, молынан құс өсірумен  айналысқан. Биылғы жылы төтенше жағдайға орай  жүріп-тұрудың қысқаруына байланысты уақытша болса да біршама қиындықтар туындауы шартты»,-дейді ол.

Сауда-саттық жарнамасы  үнемі мол сұранысқа ие «Шыңғырлау хабарландыру» әлеуметтік желісіне көз жүгіртсек, бұған дейінгі жиһаз  және киім-кешек саудасынан гөрі  ауыл шаруашылық мал, құс немесе одан шыққан өнімдерді  жарнамалау басым екен. Бұл заман талабына сай тұрғындар тарапынан  азық-түлікке, соның ішінде табиғи өнімдерге сұраныс басым екендігін байқатады. Мұндай сұраныстың алда  көбейетіні аңғарылады.

— Ауа райы тұрақтанысымен бақша жұмысына кіріспекпіз,- дейді шыңғырлаулық   Төрехан  Иманбаев ақсақал. Ол жылда  үй маңына, көше бойына  жаңа көшеттер отырғызып, ал ауласына бақша өнімдерінің он-он бес түрін егіп-өсіруді  қолға алған. Биыл көкөністермен қоса картоп  салмақ. Ауласында шие, өрік, алма ағаштары да өсіп тұр. Өздерінен ауысқанын сатуға шығара алады.

Жылдар бойы  жеке ауласының шаруасын дамытқан көнекөз қариялардың барлығы да  жастарға ақыл қосып, бақша салдырып, әрі балаларды  еңбекке баулуға, әрі үйдің азық-түлік себетін толтыруға шақырмақ. Сұрап қарағанымызда  жас отбасыларға ірі қара алып қора-қопсы салмас үшін, азын-аулақ ұсақ мал алудан бастау керек. Мысалы, ірі қараның орнына  ешкі алса  тез көбейіп, бір жылда екі рет төл береді. Үй қояндары да  солай,  көп азықты қажет етпейді. Көк шөп жетерлік, әрі үйден шыққан қырыққабат, картоптың қабығын  беріп отырса оларға сол да азық. Тиімдісі осы. Қазірде дүкендерде тауық жұмыртқасы   500 теңгеден асып барады, демек, тауық асырап, оның жұмыртқасының  артылғанын сатып, өзін көбейтуге де болады. Осы құстардың ішіндегі ең тиімдісі күрке тауық дейді әжелер. Мекиені он бес жұмыртқадан балапан басып шығарып, жаздай аула немесе үй маңында шөпке жайылып, қорегін өздері табады. Жаз аяғында құрт- құмырсқа, шегіртке жейді. Ал күзде етін дайындап, келесі көктемге дейін екі күркетауықты  тұқымға қалдыруға болады. Міне, бұл да ескеретін  дүние. Жеке аула шаруашылығын дамыту қажет -ақ. Оның үстіне мына уақытша демалысқа  берілген уақыттың пайдасы сол,  жастар бойында жерге,  өз аулаңа, отбасыңа деген құрметті сіңіруге бағыттау болады.

Айсұлу АРЫСТАНОВА