22.05.2020, 12:18
Қараулар: 25
Жаңа тротуар салынбақ

Жаңа тротуар салынбақ

«Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында республикалық бюджеттен 10 млн 134 мың теңге бөлініп, аудан орталығындағы Қазақстан көшесіне жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталды. Ұзындығы 800 метрге созылатын тротуардың жұмысын жергілікті «Мансур» ЖШС жүргізіп жатыр. 2020 жылдың мамыр-шілде аралығында жүзеге асырылатын жұмыстар сапалылығына мән берілмек.

«Өткен 2019 жылы аудан орталығындағы бірқатар көшелерге жаяу жүргіншілер жолдары салынды, кей жерде қайта жөнделді. Л.Қылышев, С.Датов, А.Құнанбаев көшелеріндегі жалпы ұзындығы 2 шақырымнан астам жаяу жүргіншілер жолы халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл ауылдағы ұзын көшелердің бірі, әрі аудан әкімінің есептік кездесулерінде жиі көтерілетін көше тұрғындарының сұрауы бойынша Қазақстан көшесінде қиыршық тас төсеу құрылыс жұмыстары басталды»,- дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғ.Жұмағазиев.

Жаяу жүрушілер тас жолда көліктермен жағаласа жүріп, өмірлеріне қауіп төндіру мәселесі біртіндеп  болса да азайып келе жатқаны қуантады. Тек тұрғындар сол игілікті күтіп ұстай білсе!

Аман ІЗМҰХАН

Шыңғырлау ауданы