23.11.2020, 11:29
Қараулар: 98
Жақсының жалғасы

Жақсының жалғасы

 Ауданымыздың байырғы тұрғындары Қуаныш Баймұхановтың есімін әлі ұмыта қоймаған болар. Талай жыл білім саласында әрі кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген оны адамгершілігі мен қарапайымдылығы ерекшелеп тұратын еді. Сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдары аудандық «Серпін» газеті ашылғанда бас редактордың орынбасары болған-тұғын. Біздің айтпағымыз, Қуаныш Ілиясұлының жүрегінің кеңдігі, адамдарға деген қамқорлығы, үлкен-кішіге бірдей сыйластығы және жомарттығы еді. Ол әріптестеріне, үлкендеріне кішілік танытса, жастарға ағалық, әкелік қамқор қолын созған жан еді. Ағай кез-келген тақырыпқа қалам тербеп қана қоймай, әзілдеп өлең-әңгіме жазатын да қабілетке ие болды. Оның қарапайымдылығы сондай, ешкімге қолұшын бергенін, қарайласқанын айтпайтын, оны бертін келе жұртшылықтан естіп, әлі күнге ризашылықпен еске алып отырғандарды көріп ағаның болмысына одан әрмен тәнті болып келеміз. Сол жылдары жұмыс жасағанымызбен, еңбекақы бес-алты айлап қолымызға тимеді, бәрінде де бала-шаға бар дегендей. Қысқарту салдарынан кейбір жанұяларда отағасылар жұмыстан айырылып, бала күтіміндегі әйелдердің жәрдемақысына қарап қалғандар көп еді. Бірақ, сол жәрдемақыны берудің өзі кешеуілдеп жатқан тұста ағай жұмыстағы жас аналардың жағдайын айтып, тиісті орындарға аяқтай барып, тиесілі ақшаларын алуға көмектескен болатын. Ардақты жанның бізге деген осындай қамқорлығын қалай жадымыздан шығарайық.

Қазақта «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деген керемет сөз бар. Әкенің тәрбиесін алып, атын асқақтатып отырғандар да, жақсыдан туып, жаманның кебін киіп жүргендер де бар. Бірақ ардақты ағаның ұлы Саян Қуанышұлы – жас та болса әкенің байсалдылығын, қайырымдылық пен адамгершілік сынды қасиеттерін өз бойына жинай алған жас. Әдетте біз, мемлекеттік қызметкерлер туралы көп жаза бермейміз. Өйткені көптің түсінігі бойынша олар онсыз да лауазым иелері болғандықтан өз салалары бойынша жұмыс атқаруы тиіс, несіне оларды бөлектеп мадақтау керек деген ұғым қалыптасып қалған. Пікір еркіндігінің тұсауы ағытылған шақта шенділерді мінеп-сынау  басым болып бара жатқан тұста өмірдің әр белесінен өткен, қарапайым тірлік кешіп, көпке еленбей қалған жандарға қолын созып, бір ауыз жылы сөз айта білген шенділер туралы жазсақ несі айып? Өйткені бір бөлімнің басшысы болып отырса да қол астындағы қызметкерлерінің де, сала айналасындағы жандардың да, тіпті ауылдастарының жай-күйіне бойламайтын, қажеттерін шешуге талпынбайтын, тіпті жүре сөйлесіп, жөн білісуге жарамайтын басшылар да кездеседі. Өмірдің шындығы сол, бұл бәлкім біреуге жағар, біреуге жақпас, лауазамы иелері атанысымен-ақ еріндерін шаққа жыбырлатып амандасатын да, көрсе көрмегенсіп бұрылып кететін де, күні түскенде телефон құлағын бермейтін, қоңырау шалсаң «занят» болып тұратын жас шенеуніктердің қылығы халықтың  көңіліне қаяу түсіріп жүргені рас. Алайда, мемлекеттік қызметте де арпа ішіндегі бір бидайдай болып еліне, жеріне, туған халқына шапағатын тигізіп, ұлттық рухымыздың  айбынын асқақтату үшін аянбай еңбек етіп жатқан азаматтар бар. Саян Қуанышұлының ерекшелігі сол-ол әр адамға ашық жүзбен, таза көзқараспен қарай алатындығы. Оның жүрегінің кеңдігі сол, әр адам еңбегіне қарай бағаланып, құрметке бөленсе екен дейді.

Ауданымыздың кезінде Ново-Петровка совхозында тұрып, өмір бойы алдына отар-отар қой салып, шопан таяғы шау тартқанша қолынан түспеген Орынбасар Дүйсенбаев деген азаматты көпшілік біле бермес. Қарапайым ғана тірлік кешіп, ешқашан ешкімге мұң-мұқтажын айтпаған, барға да, жоққа да төзе білген нағыз еңбек адамы. Сол ақсақал жасы 80-ге келгенше еңбек еткен жылдарында бірде-бір мақтау қағазға да, алғысқа да ие болмапты. Биыл ақсақалдың 85 жасқа толуына орай аудан әкімі болған Е.Тұрмағамбетов мерейтойымен құттықтап алғыс хат табыс еткенде сенбестікпен  аңтарылып, тосын марапатқа балаша қуанған қартты көріп көңіліміз ерекше толқыған еді. Сол қарт еліне адал еңбек етсе де, бала күнінен қиындық көрсе де «Тыл ардагері» деген атаққа ие бола алмапты, негізі оны осы атаққа көппен бірге ие болуға тиіс-ау деген ой ешкімнің басына кіріп-шықпапты деген дұрыс болар. Осы жәйтке қанық болған Саян Қуанышұлы бірнеше ай еңбектеніп Орынбасар қартқа «Тыл ардагері» деген атақтың берілуіне өз үлесін қосып, бір әулетке қуаныш сыйлай білді.

Аудан орталығында көгілдір газ кірмеген үй кемде-кем. Алайда осы ауылда еңбек етіп, көптің құрметіне бөленген еңбек ардагері Лидия Язвинская әлі күнге дейін от жағып, күл шығарып отыр екен. Бұл жәйт та бөлім басшысына маза бермеді. Дереу көмек қолын соза алады-ау деген азаматтарға қолқа салды. Қара күздің басында тосыннан үйіне көгілдір газ кіргізілген қарт  кейуананың қуанғанын көрсеңіз! Адамға қуаныш сыйлау қандай ғанибет! Осындай сәттерді көргенде құдды бір өзіңнің көмегің тигендей ерекше шалтты күй кешесің.

Саян Қуанышұлы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне басшы болып келген аз уақыттың ішінде ауылдастарының ризалығына бөленіп отыр. Өмірлерінде осы саланың бөлім басшысының бет-жүзін бірі көріп, бірі көрмеген, арнайы нысаналы топта тұратын жандар хал-жағдайларын білуге келген бөлім басшысының қарапайымдылығына, шынайы болмысына, көңілінің кеңдігіне ерекше тәнті болысуда. Мүгедек балалардың үйіне аяқтай барып танысуы, төсекке таңылып қалған жандарға қарайласуы, үйден ұзай алмай отырған үлкендерге сәлемдесе баруы, өтініштерін түртіп алуы бұл екінің біріне беріле бермейтін «жауапкершілік» деген қасиеттің көрінісі болса керек. «Көңіл-көңілден су ішеді» деген халық даналығы осындайда еріксіз ойға түседі. «Әр адам қоғамнан оқшау қалмауы керек, хал-қадіріміз келгенще қарайласып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау-басты міндетіміз» деп білетін Саян Баймұхановтай жас шенеуніктер қатары көбейе түссе, қанеки.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демекші, жақсының жақсы істерін көре білу барда, оны айта жүру бар. Өзгенің жоғын жоқтап, мұңын мұңдай білу де үлкен азаматтық, мықтылық. Екінің бірі түйсініп, бірі түсінбейтін, жүрекпен, тәрбиемен берілетін бұл қасиеттер өмір деген қысқа жолда біздің кім екенімізді көрсетіп бермек. Жақсының қайырымы Алладан. Ендеше, бұл өмір бізге берілген сынақ екенін жадымыздан шығармай, басты сынақ алдында жүзіміз жарқын, ісіміз адалдан болғай!

Гүлшат БОТАНОВА

Шыңғырлау ауданы