21.08.2020, 15:44
Қараулар: 40
Жақсыдан шарапат

Жақсыдан шарапат

Қай кезде де су тіршілік көзі, өмір нәрі саналып келгені дәлелденген шындық. Аудан орталығынан қашықта орналасқан Қотантал ауылы шөбі шүйгін, мал жайлымы мол мекен. Әртүрлі шөптері аралас өскен жайлымды жерлерде еркін жайылатын малдар да күйлі.

Алайда ауыл тұрғындарын мазалайтын бір мәселе бар екені де жасырын емес. Ауылда мал суаруы ыңғайлы өзен-көлдің, бөгеттің болмауы шаруаға мығым ауыл тұрғындарына жылдар бойы қиындық келтіріп келеді.

Көктемде жырылып кеткен бөгетті қалпына келтіру шағын ауыл тұрғындарының қолынан келмейді. Ауыл тұрғыны Төлеген Игесиновтың үйіне соғып жағдайымен танысқан аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова бұл мәселенің маңызды, нағыз қажетті іс екенін түсініп, бірден іске кірісті. Село әкімі Ерлан Айшуақов пен ауыл тұрғындары Төлеген, Жақсыбай ағаларымен бөгеттің жағдайын көріп, дереу шешім қабылдады. Нәтижесінде, ауыл іргесіндегі бөгеттің жағалауы жөнделіп, су бұзып кету қаупі бар жерлерге тұрба салынып, бөгет жағдайы жақсарып қалды. «Жақсыдан — шарапат» деген осы да.

Талантты адам — тез істің адамы деген сөз бар. Ауыл тұрғындары аудан басшысы Әлия Биғазықызына бек  риза. Алла қосса келесі көктемде Шыбынды жақтан келетін көп судың Қотантал бөгетіне келіп жететініне сенім мол.

  Бұның сыртында, Шілікті бұлағын қалпына келтіру жөнінде кешенді жұмыстар жүрсе деген ұсынысымыз бар. Бұлақты көрдік, суының тұщы, молдығы байқалып тұр. Бұрқырай шығып, мөлдірей ағатын бастау көрінбейді. Соны тауып көзін ашса нұр үстіне нұр болар еді. Шілікті бұлағынан нәр алып, Шыбынды бағытынан су алып айдынға айналатын бөгетті кезеңді ауыл халқы күтеді. Тек сол күнге амандықпен жетейік.

Ауыл тұрғыны Төлеген Игесинов былай деді: «Бөгет суы ауыл малына молынан жетеді. Аудан әкімі Әлия Биғазықызына, округ әкімі Ерлан Мәлікұлына алғысымыз шексіз. Алдағы жұмыстарына табыс тілеймін».

Бұған біз де қосылдық. Бірлесе атқарар жұмысымыздың берекесін бірге көре берейік, ағайын.

Сулы бөгеттің бойында өсетін малымыз өрісті болсын.

                                                                                      Адақ ТАНАБАЙҰЛЫ