30.09.2020, 16:46
Қараулар: 49
«Жастар керуені» — Шыңғырлауда

«Жастар керуені» — Шыңғырлауда

Талантты әрі жан-жақты жастарды, мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат беретін және басқа да сала мамандарының басын біріктірген «Жастар керуені» Шыңғырлау ауданында қонақта болып, келесі ауданға жол тартты.  Қыркүйек айының 29 күні «Жас Дем» ЖҚБ ұйымдастыруымен «Жастар керуені» жобасы аясында жан-жақтан жиналған жастар мен мамандар Шыңғырлау ауданының жастарына арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өткізді. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіру, кәсіпкерлік, отбасы тәрбиесі жайында әңгімелесу, ауыл жастарының өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастырып, мазалайтын сұрақтарына жауап беру болып табылады. Керуен құрамында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат беретін мамандар, кәсіпкерлік бойынша мастер-класс ұйымдастырушы тренер, отбасы тәрбиесі бағытындағы мәселе шешу жолдарын қарастыратын тренинг-жаттықтырушы әрі психолог-маман,  облысымыздың жас өнерпаздары мен спортшылары және Жайдарман жоғарғы лигасының ойыншылары бар.

Шыңғырлау аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мамандары мен волонтерлары ауданымызға екінші рет келіп жатқан «Жастар керуенін» күтіп алып, аудан қонақтарын жылы шыраймен қарсы алды. Ауыл жастарын қолдауға арналған «Жастар керуені» жастар ақпараттық науқаны аудандық мәдениет үйінде ауданымыздың белсенді жастарының  және жас мамандарының келген қонақтарымызбен танысуымен басталды. Танысу аяқталысымен сол жерде психолог-маманның ұйымдастыруымен «Отбасындағы тәрбиенің өмірге әсері» атты жас отбасыларға арналған рухани-адамгершілік бағыттағы тренинг атқарылса, ал аудандық саз мектебінің залында «Бизнес идея таңдау және қаржылық сауаттылық» тақырыбында қызықты семинар-тренинг өткізілді.  Түстен кейін спорт бөлімінің қолдауымен самбо күресінен және «Freestylе football»-дан шеберлік сағаттары өтті.  Шеберлік сағаттары жастар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт аудандық мәдениет үйінде карантиндік шаралардың қатаң сақталуымен өткізілді.

Аудан жастары мамандарға мазалаған сұрақтарын қойып, семинар-тренингтерден, шеберлік сағаттарынан пайдалы ақпараттар алды. «Жастар керуені» жобасы әдемі дәстүрге айналып, жақсы жаңалықтарымен ауданымызға қонаққа келіп тұрады деп сенеміз.

Облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Аман Кабошев:

«Жастар керуені» жобасы ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға көмегімізді тигізуге, ауыл жастарының өзекті мәселелерімен танысып, сұрақтарына жауап беруге арналған. Жобамыз жастарға септігін тигізіп, пайдаға асып жатса керемет емес пе?! Шыңғырлауға бірінші рет келіп отырмын, аудан өте ұнады. Қонақжай әрі табиғаты керемет жер екен. Шыңғырлау жастары өте белсенді деп естуші едім, өз көзіммен көріп, шын екендігіне көз жеткізген соң аудан жастарына тамсанып, бір марқайып қалдым.  Шыңғырлау жастарына толағай табыстар және ұшқыр қиял тілеймін.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша қызмет атқарып жүрген жас маман Гүлжазира Асуова:

Ауданымызға келген «Жастар керуені» көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өте керемет әсер қалдырды. Түрлі тренингтер өткізіп көптеген ақпараттар берді. Әр түрлі сала мамандарының кеңестерін тыңдап, өзімізге керек ақпараттар алдық. Кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіншіліктердің көптігін, жұмысқа орналасуға түрлі жағдайлардың жасалғанын түсіндіріп, соның жүзеге асу жолдарын айтты. Және де «Жастар керуенінің» концерттік бағдарламасы аудан жастарын бір серпілтіп, жігерлендіргендей болды.

Алдағы уақытта да осылай ақпарат алмасып, әр аудан бір бірімен тығыз қарым-қатынаста болса, облыс жастарының болашағы жарқын болатынына сенімдімін!

Айбарша Аймырзақызы