30.07.2020, 10:56
Қараулар: 175
Жастар жауапкершіліктен жалтара ма?

Жастар жауапкершіліктен жалтара ма?

Бүгінде жаңадан оқу бітірген жас мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылып, баспаналы болуы үшін жағдай жасап отырған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өте ұтымды жобалардың бірі.  2009 жылдан бері қарай он жылдан астам уақыт ел игілігіне жарап келе жатырған жобаның мақсаты-ауылдық жерлерде білікті кадрлардың тапшылығын болдырмау. Алғашында жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары ретінде тек көтерме жәрдемақы берілген болса, 2010 жылдан бастап мамандарды келген жерінде тұрақтандыру мақсатында тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие де беріле бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында аталмыш бағдарламаның маңыздылығына тоқтала отырып, «Ауылдық жерлердегі білікті кадрлардың тапшылығы- негізгі мәселенің бірі. Сол себепті «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын» деп атап көрсеткен де болатын.

Тапсырма жерде қалған жоқ. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап бір жолғы көтерме жәрдемақы да, тұрғын үй сатып алуға берілетін несие көлемі де әжептәуір өсіп отыр. Мамандардың айтуы бойынша бағдарламаға қол жеткізу үшін қабылданатын құжаттар  ықшамдалып, ақпараттық жүйелерден алуға мүмкіндігі бар анықтамалар сұратылмайтын көрінеді. Жобаның қолжетімді мүмкіндіктеріне көңіл бөліп, тілге тиек қылып жатқанымыз бекер емес. Қарап тұрсақ, мұның барлығы туған жерді түлетуге келген жауқазын жастардың алаңсыз қызмет қылып, абыройлы міндет атқаруына жасалып жатқан жағдай. Алайда,  «алмақтың да салмағы бар» демекші, мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдауға ие болған жас маман кемінде үш жыл бір жерде тапжылмай еңбек етіп, он бес жылға 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен берілген несиені белгіленген уақыттан кешіктірмей, жауапкершілікпен мемлекетке қайтаруы тиіс. Осы тұста көп жастар жауапкершіліктен жалтарып кететін көрінеді. Мақаламызға арқау болып отырған мәселе осы. Алуын алып, қайтарып беруге келгенде суда жүзген балықтай ұстатпай, мамандардың мазасын кетіретін жастардың қатары көбеймесе, азаймай тұр бұл күнде.

Жергілікті жауапты мамандардың есебіне жүгінсек, ауданымыз бойынша 2009 жылдан бастап 405 маманға 53 млн. 424 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы тағайындалса, 2010 жылдан бері қарай 221 маманға үй алу үшін 572 млн. 160 мың теңге бюджеттік несие берілген. Ал өткен жылдың өзінде 27 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін  94 млн. 686 мың теңге көлемінде бөлінген қаржы толықтай игерілген. Аталған қаражат есебінен білім беру саласының 17 маманы, денсаулық сақтау саласының 6 маманы, ветеринария саласының 1 маманы, мәдениет және спорт саласының 3 маманы баспаналы болған.

«Біз міндетті түрде бағдарлама бойынша несие алуға өтінім берген мамандарға құжат рәсімдеуден бастап, ай сайын белгіленген мөлшерде төленетін қаражатты қайтару бойынша келісім шартта көрсетілген ережемен таныстыру жұмыстарын жүргіземіз. Соның өзінде қырық сылтауды алға тартып, несиені уақытынан асырып немесе үш-төрт айдың ақысын жинап төлейтіндер табылады. Мұндайда қарыздыгерді үздіксіз мазалауға тура келеді. Ал енді алдын ала жіберілген ескертпе хатқа жауап бермей, ай сайынғы төлемді салмағандықтан берешегі көбейіп кеткен тұлғаларды тәртіпке шақыру үшін сотқа жүгінетін кездеріміз болады. Несие алушы үш жыл мерзімі аяқталмай жатып жұмыстан шығып кететін жағдай орын алса, үйінің бағасын белгілеп, аукционға шығарамыз. Өкінішке орай ондай жағдай да орын алып жатады»,- дейді аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Айтбек Хабибуллиев.

Қарыз беру шартын мұқият оқи отырып ұққанымыз, несие алушының ай сайынғы төлемді уақытылы қайтаруға салғырт қарауының бір себебі-қарыз берушіге төленетін жылдық сыйақы мөлшерлемесінің ең төмен пайызды құрауында екен. Түсінікті тілмен айтсақ, жылына қарыздыгер үстеме ақы ретінде ай сайынғы сомманың 0,01% ғана төлейді. Бұл дегеніңіз болмашы тиын ғана. Көп жастардың бірнеше айдың ақысын бір жинап қайтаратындығы осында болуы әбден кәдік. Алайда, мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңілдіктің өзін жөнімен пайдаланбай, немкеттілік таныту азаматтыққа жата қояр ма екен?

«Мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының 2017 жылғы иегерімін. Оқуымды аяқтай сала ауданға келіп, жұмысқа орналасқаннан кейін, қажетті құжаттарымды рәсімдеп, тұрғын үйге қол жеткіздім. Қазір отбасым бар, екі баланың әкесімін. Отбасы болғаннан кейін шығын да екі еселене түседі ғой. Оның үстіне бірнеше несиеміз бар бір басымызда. Сөйтіп жүріп кейде тұрғын үйдің ақысын уақытылы төлеудің ыңғайы келмей қалады. Қайта сыйақы мөлшерінің пайызы төмен. Сосын да бір айдың ақысын келесі аймен қосып, қарыздан «құтылып» жататын кезіміз де болады. Бірақ мүлдем төлемей қалған кезім жоқ»,-деп Қ. есімді (есімін атамауды өтінді) аудан тұрғыны ақиқатын айтты. Алайда, бұл тек сылтау сөзге саятын әңгіме тәрізді.

«Қазіргі карантин жағдайында берешекті уақытылы төлемеу фактісі көбейіп тұр. Төлем жүргізу «ҚазПошта» арқылы болғандықтан, көбі «поштаның  карантинге жабылуына байланысты төлей алмай отырмыз» деген сылтауды алға тартады. Алайда, «Халық Банк» арқылы да төлем жүргізуге болады. Тіпті үйден шықпай, банктың электронды бағдарламасын пайдаланып, тұрғын үйдің ай сайынғы ақысын салып отыруға мүмкіндік бар»,-дейді Айтбек Хабибуллиев.

Жас мұғалім Бибінұр Чулакованың сөзіне құлақ түрсек, ол  «Бағдарламаның шарапатын көріп жатқан жас маманның бірімін. Мектепте жасап жатқаныма бес жылға жуықтады. Әрине, «шығын шықпай, кіріс кірмейді» демекші, адам болғаннан кейін қол жеткізгің келетін дүниелер өте көп. Бәрі де қаражатқа келіп тіреледі ғой. Кейде несие алып, қарыздануға тура келіп жатады. Алайда өз басым, өзге несиелерімнен бөлек алған баспанамның ай сайынғы ақысын уақытылы төлеп тұрамын. Себебі, мемлекет тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, ең төменгі сыйақы мөлшерімен баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік берді, ал енді келісім шартта көрсетілген тәртіпке бағынып, ережені сақтау тұтынушы тұлғаның тікелей міндетіне жатады емес пе?»,-деген пікірін білдірді. Орынды-ақ.

Қашан да өз қолыңмен алған дүниеге мойныңмен жауап беру қажет қой. Сондықтан кейбір жас мамандарға құлаққағыс, бұл жағдайда да сынықтан сылтау іздеп, жауапкершіліктен жалтармаған дұрыс болар.

Самат БАЙБОЛАТ