20.11.2020, 17:58
Қараулар: 22
Жастар аудан әкімімен кездесті

Жастар аудан әкімімен кездесті

Шыңғырлау ауданының әр түрлі саладағы үздік әрі белсенді жастары аудан әкімі Мұханбетжанова Әлия Биғазықызымен кездесті. «Жақсымен жарты сағат» атты тақырыпта өткізілген сұхбат еркін форматта өткізілді. Кездесу барысында Әлия Биғазықызы өзінің өткен өмірін сағынышпен еске алып, тебірене баяндады. Жұмыстың оңайы жоқ, әрине. Дегенмен әкім жұмысы үлкен жауапкершілікті, көптеген кәсіби дағдыларды талап ететін жауапты қызметтердің бірі. Осы орайда Әлия ханым өз жұмысындағы қиындықтар мен қызықтарын айтып, жұмыс барысындағы ұстанымы туралы әңгімелеп өтті. Жұмыс барысынан бөлек бос уақытында немен айналысатындығы, сүйікті кітабы, үлгі тұтар жандары жайында сұрақтар қойылып, қызықты әрі өнегелі жауаптар алынды. Сұхбат барысында жастар да өз сұрақтарын қойып, шара атмосферасы одан да жеңілдене түсті. Қызыққа толы шараның ортасында бейне-хабарлама жолдап тосын-сый жасаған мектептегі ұстазы Әлия ханымды бір қуантып тастады. Бейнероликті тамашалаған  Әлия Биғазықызы: «Бұл менің орыс тілі пәнінен берген мұғалімім ғой. Өте керемет ұстаз, керемет жан. Қаншама жыл көрмесем де бейнесі, көзқарасы дәл бұрыңғыдай жылы» деп мұғалімдерін, мектеп кезін еске алды. Аталмыш шараның арқасында жастар мен аудан әкімінің ара-қатынастары жақындай түсті деп ойлаймыз. Шара соңыңда ізгі тілектерін жеткізген жастар аудан әкіміне жүйелі сұхбат үшін алғыстарын білдіріп, осындай шаралардың жиі өткізілуіне қолқа салды. Әлия ханым да жастарға жұмыстарында табыс, өмір жолына сәттілік тілей отырып, жастармен жиі кездесіп тұруға қарсы еместігін жеткізді. Шара соңында Әлия Биғазықызына аудан жастары атынан естелік алғыс хат пен гүл шоқтары табыс етіліп, шараға қатысушылар кештен әдемі әсермен қайтты.

Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы