20.01.2020, 17:17
Қараулар: 276
Ертеңгі күнге сенім мол

Ертеңгі күнге сенім мол

Ауданымызда ауыл әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындары басталды. Қаңтардың 13-де шағын елді мекендерде басталған есептік кездесулер 15 қаңтар күні Алмаз, Ақшат және Қарағаш ауылдық округі орталықтарында жалғасты. Аталған ауылдық округ әкімдері өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, тұрғындар алдында есеп берді. Кездесулерге ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым басшылары, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алмаз ауылдық округінде өткізілген жиында округ әкімі Сағындық Қалниязов өткен жылғы атқарылған жұмыстарға шолу жасай келе, 2020 жылға арналған негізгі міндеттер туралы баяндады. Баяндама барысында слайд көрсетіліп, көрсеткіштер халық назарына ұсынылып отырды. Жалпы округ бойынша 21 шаруа қожалығы, 1 ЖШС және 2 ауылдық тұтыну коорперавиві тіркелген екен. Қысқы мал азығын дайындау жоғары деңгейде жүргізіліп, бекітілген жоспар 104 пайызға орындалған. Кезегімен сөз алған ауылдық учаскелік инспектор Мирлан Қазекенов  өткен жылда 4 қылмыс тіркеліп, оның 4-іде ашылып, сотқа жолданғанын, 271 437 теңгеге айыппұл салынып, оның 50,2 пайызы өндірілгенін баяндады.  Жиында аудандық сот төрағасы Миржан Қадырбаев сот саласындағы өзгерістер,  пилоттық жоба, медиация жөнінде тұрғындарды хабардар етті. Округ әкімінің баяндамасынан кейін аудан әкімі Ержан Тұрмағамбетов де жыл бойына тындырылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, алға қойылған нақты міндеттермен бөлісті. Аудан әкімі аудан бойынша 100 пайыз көгілдір отынмен, 85 пайыз таза ауыз сумен, жаңа асфальтті жолдардың қатары көбейіп, жаңа нысандар ашылып жатқандығын тілге тиек етті.

Жиын соңында сөз алған ауыл тұрғындары Алмаз ауылының кіре берісіне көпір салу, жер алу, мал бағылымы туралы сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алды.

Алмаз ауылдық округінен бастау алған есептік кездесу 1400- ге жуық тұрғыны бар Ақшат ауылында жалғасты. Ақшат ауылдық округінің әкімі Мәди Сатыбалдиев әр салаға кеңінен тоқталды.  Округ әкімінен кейін учаскелік полиция инспекторы Райымбек Жангужиев  ауылдағы қоғамдық тәртіп пен құқық бұзушылыққа қатысты мәліметтерді баяндады. Ақшат ауылдық округі бойыншы өткен жылы 13 қылмыстық іс қозғалып, оның 12 ашылған.

Жиын соңында ауыл тұрғындары аудан әкімінің орынбасарларына, тиісті мекеме басшыларына сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды. Мәселен, М. Байқатов мектепке күрделі жөндеу жүргізуді, ал  ауыл тұрғыны Бисманов Абылай спорт кешенін салуды сұраса, өзге де ауыл тұрғындары  ауылға қатысты және жекелеген  мәселелерді көтерді. Жиын соңында аудан басшысы Е.Тұрмағамбетов осы жәйттардың шешілу жолдары қарастырылатынын хабарлады.

Қарағаш ауылдық округінде өткен есептік кездесуде округ әкімі Еділ Бекжанов та 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы  баяндап, өткен жылдың табысты аяқталғанын айтты. Ауылшаруашылық саласында мал басы өсіп, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде несие алушылырдың қатары көбейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  150 орындық кафе ашылып, ауылға кіре берісте маңдайша орнатылғанын тұрғындар жетістігі ретінде жеткізді.

Учаскелік полиция инспекторы Елесбаев Бекежан да қоғамдық тәртіп туралы қысқаша баяндады.

Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар түйінді мәселер де көтерілді. Аудандық маслихат депутаты, ауыл тұрғыны Мұхамбетов Жантілеш ауылдан шыға берісте көпір орнату қажет екендігін алға тартса, тағы бір ауыл тұрғыны неше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ұялы байланыс орнату мәселесін шешуді тағы да назарға салды.

Сондай-ақ, жер телімдерін тиімді пайдалану, техникалық сумен қамту сынды қордаланып қалған мәселелер ортаға салынды. Жалпы барлық жиындарда мал бағу, көшелерді қардан тазалау, ауылдарды көгалдандыру мәселесі көтеріліп отырды.

Барлық жиындарда тұрғындармен сұхбат түрінде әңгімелескен аудан әкімі Ержан Рысжанұлы әр маңызды мәселені сараптай келе, көтерілген мәселелердің шешілу жолдары аудан бюджетінің мүмкіндігіне қарай қарастырылатынын баса айтты.

Есептік кездесуде байқағанымыз, тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтар жыл сайын азайып келеді. Бұл әлеуметтік маңызы бар мәселелердің түйіні тарқатылғандығының белгісі болар.  Жалпы халықтың ертеңгі күнге деген сенімі мол, өйткені қазіргі таңда ауылда бәрі бар. Көгілдір отын келіп тұр, жарық пен судан да мұқтаждық көріп отырған жоқ. Интернет желісі жұмыс істеп жатыр, халықтың көзі ашық. Тұрғындар заманауи тұрмысқа үйренген. Ел ішіндегі еті тірі жандар өз кәсіптерін дөңгелетіп, қайырымдылық жасап отырған жанашыр жандар қатары да көбейіп отыр. Осының бәрі көңілді тоғайтары анық. Ашық әңгімеге негізделген жиындардан соң  ауыл тұрғындары әкімдер жұмысына жақсы деген баға берді.

Есептік кездесулер аптаның соңғы күндері Ардақ, Ақбұлақ, Ақтау, Ащысай және Шыңғырлау ауылдық округтерінде жалғасты.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы