6.05.2020, 13:01
Қараулар: 288
Ерке Електің суы тартылуда

Ерке Електің суы тартылуда

Екі мемлекетке ортақ, кезінде ағысы қатты, екпіні күшті, суы мол, балығы көп болған Елек өзенінің жағдайы бүгінде мәз емес. Ауданның Жаңакүш, Шыңғырлау, Шоқтыбай мен Талдысай ауылдарының маңымен ағатын Елек өзенінің тартылуы экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Негізгі бөлігі жауын, қар суымен толығатын өзен құрғақшылықтан жойылса, жағдай не болмақ?!

Қыс мезгілінің ортасынан бастап аудан көлемінде су тасқынына қарсы оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылып, қапшық-қапшық құм қапталып, техникаларды сапқа тізіп дайындық жұмыстары уақытылы жүргізілді. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, су тасқыны қауіпі болмады деп қуанышпен хабарласа, мәселенің екінші жағы – есесіне өзен-көлге мүлде су құйылмады.

«Қазіргі таңда Елек өзенісуының нөлден жоғары деңгейі 159 см-ді көрсетеді. Бұл көрсеткіш те өзенге қар мен жаңбыр суы мүлде құйылмауына орай күннен күнге 1 см-ден төмендеуде. Жалпы соңғы бес жыл мерзім ішінде тек 2017 жылы Елек өзеніарнасынан тасып, 699 см-ге көтерілген. Аса максималды, яғни қауіпті шекті білдіретінін меже 750 см болғанда, 699 см бұл өте жақсы көрсеткіш. Ал 2018 жылы  585 см-ге көтерілді. Бұл да нашар көрсеткіш емес. Ал соңғы екі жылда Елекке мүлде су құйылмады. Өткен 2019 жылы 206 см болса, бүгінгі таңға судың деңгейі тіпті төмен. Оның үстіне жаз мезгіліне шаруашылыққа пайдалануға ауыл арасына Електен техникалық су жіберілгенде су одан әрі азаятыны белгілі»,-дейді «Казгиромед» орталығының бақылаушысы Елена Зубенко.Маманның хабарлауыншаөзен суы наурыз, сәуір айларында тек 20 см-ге ғана көтерілген.Осы орайда, суы тартылса да, тазалық деңгейі қандай деген сауалмен Орал қаласындағы «Казгиромед» орталығының мамандарына арнайы хабарласып көргенбіз. Ондағылар басшының рұқсатынсыз ештеңе айта алмаймыз деп мардымды жауап қайтара алмады.

Ауыл тұрғыны Мырза Қуанаев:«Ертеректе Елек өзені көктем мезгілінде ауыл іргесіне дейін көтеріліп, бірнеше мәрте көпірді шайып жіберу қаупін төндіретін. Осыдан 30-40 жыл бұрын, тіпті бертін келе де Елек өзенінің арғы бетіне өту үшін қайықтар өз алдына, тіпті ауыр көліктерді тасымалдайтын понтон қатынайтын еді. Оның үстіне, ауылымызда қайық жасауды кәсіп қылған Құснай Ғұбайдуллин,Метхад, Қайрат деген үлкен ағаларымыз болды, олар тұрғындарды жасаған қайықтарымен арғы бетке өткізетін. Тәй-тәй басқан сәбиден бастап үлкен кісіге дейін Елек өзенінің жағасынан табылып, суына шомылып, арғы жағадағы ауылмен бергі беттегі ауыл қызу қатынаста болатын еді. Биыл көктем мезгілінде Елек жағасына барғанда, мұздың тіпті орнынан қоғалмай ерігенін байқадым. Ертеректе мұз орнынан қозғалғанда, ауыл түгелімен сол үрдісті қарауға баратынбыз. Тіпті, мұз өзімен бірге қайғыны алып кетеді деген нанымымыз да болды»,-дейді.

Иә, суы өте мол әрі тереңөзенайдынында шоршып ойнаған балықтар, оны жағада аулаған балықшылар, айналасына отырғызылған бау-бақшалар секілді көріністердің бүгінде бірі жоқ. Есесіне, жағалай өскен қамыстар, шағын-шағын аралдар, түбі көрінген су. Байырғы ауыл тұрғындары кезінде ерке Електен балықтың алабұға, жайын, шортан, табан, т.б.түрлерін аулап, әуесқойлар оларды бөшкеге салып тұздап, қыс кезінде сағынғанда мұздатқыштарынан алып қуырып та жеп жататын. Қазір соның бәрі бүгінгі ұрпақ үшін ертегідей естілері анық. Кезінде ені 100 метрден асатын Елек өзенінің суы күннен күнге тартылып, арғы бетіне жаяу жетуге де болады деп кім ойлаған?

Күні кешеге дейін аудандық туризм орталығы Електе «Жайық толқыны» шарасын өткізіп, балаларды сұлу табиғат аясында шынығуға үндеп келген болатын. Енді алдағы уақытта туризмді дамыту, өлкені тану бағытындағы жұмыстардың қай бағытқа бұрыларын ешкім дөп басып айта алмасы түсінікті.

«Иә, Елек өзені мен су тоғандарының толмауы үлкен мәселеге айналып отыр. Әлемдегі жағдаймен күресе жүріп, біз бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқпыз. Елек -трансшекаралық өзен болғандықтан, оның түйіткілі үкіметаралық деңгейде шешілетін мәселе. Әзірге нәтижесі белгісіз. Жалпы осыған дейін 2-3 жыл бұрын өзіміздің Елек суына қар, жаңбыр суынан су мол жиналатын. Ал, биыл қыс мезгілінде қардың түсімі өте аз болды, оның үстіне жердің тоңы жұқа болғандықтан қар жерге сіңіп кетті. Дегенмен, егінге жыртылған жердің ылғалы 85 см-ден жетеді, яғни жақсы. Шаруа қожалық жетекшілері жер асты суларын қолдану мақсатында құдық қазуды бастады»,-дейді аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев.

Аудан орталығын жанай өтіп, Жайыққа құятын өзендердің бірі Елек өзенінде ертелі-кеш өзен суына шомылатын адамың қарасы жылдан жылға азайып келеді. Оған бір жағынан экологиялық жағдай әсер етсе, екінші жағынан Елек өзені шекара аймағы деп танылуы да себеп болуда. Қалай дегенде де Елек өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып қала бермек.

Електің бойы ең тоғай,

Сан түрлі жеміс көкөрім.

Төрт түлік түгел қаптаған,

Шыңғырлау байлық мекенім, —

деп жырлаған  ақындарымыздың өлең арқауына айналған ауданның жеті кереметінің бірі — Елек өзенін қорғау тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес, бұл Сіз бен біздің парызымыз деп білейік, құрметті оқырман!

 

Аман ІЗМҰХАН