30.07.2020, 10:54
Қараулар: 64
            Дәрі-дәрмектер бағасы бақылауда

            Дәрі-дәрмектер бағасы бақылауда

Елімізде қалыптасып отырған күрделі жағдай кезінде дәрі-дәрмектер бағасын негізсіз көтеріп немесе оны жасырын сатып, қайсыбірі тіпті қоймаларына тығып тастап жатқан жағдайлар белгілі болып отыр. Жақын-жуықтарына дәрі іздеп жаныққан жұрт қайтсін, удай болса да сол дәрілерді сатып алуға мәжбүр болды. Мемлекет тарапынан қолға алынған пәрменді шаралар, тексерулер мұндай жолсыздықпен қолға түскендердің атын атап, түрін түстеп беріп жатқаны дұрыс болды. Бірақ, әлі де осындай заң бұзушылық пен алыпсатарлардың қолға түсіп жатқандығы шындық. Жер-жерде құрылған мониторингтік топтар осындай заң бұзушылықтардың алдын алуда үлкен көмек беріп келе жатқандығы рас.

Жуырда ғана аудандық партиялық бақылау комиссиясы мен аудандық мониторинг топ мүшелері дәріханалардағы дәрі-дәрмектің тапшылығы мен оның негізсіз қымбаттауын болдырмау мақсатында «Елтаева» және «Нұрекенов» ЖК дәріханаларына рейд жүргізді. Рейд барысында “Елтаева” ЖК-нің дәріханасында бүгінгі таңда ерекше сұранысқа ие «Цефтриаксон», «Арпефлю» 100 мг, «Ингавирин»,«Тамифлю 75мг», «ЦефІІІ», «Эргоферон» дәрілерінің қоры бар, ал бетперде жоқ екен. ”Нұрекенов” ЖК-нің дәріханасында «Парацетамол», «Цефтриаксон», «Азитромицин», «Тамифлю» дәрілері бар және аспирин, бетперделер жеткілікті екендігі анықталды. Бетперденің бағасы 85 теңге. Комиссия мүшелері сұранысқа ие дәрі-дәрмектің дәріханаларда болуы, бағаның тұрақтылығын сақтау қажеттігі, карантин ережелері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта да мониторинг топ мүшелері жоспарға сәйкес  рейдтік шаралар ұйымдастырып, дәрілердің негізсіз көтерілмеуін қатаң бақылауда ұстап тұрмақ.

Гүлім ШЫНТАС