19.06.2020, 17:53
Қараулар: 146
Бірлігі жарасқан ауыл

Бірлігі жарасқан ауыл

Кеңестік заманында «Полтавка» астық кеңшарының орталығына орайластырылған ауылдың атауы осыдан 3 жыл бұрын «Ардақ» атауына ие болды. Ауылдық округ әкімі лауазымына тағайындалғанына 1  ай ғана болған Саида Біркенова ауыл тұрғындарымен жете танысып,  жұмысқа  кірісіп кеткен.

Сырт көзге тып-тыныш, «ұйықтап» жатқандай көрінетін 350 ауыл тұрғыны бар шағын ауылда қора-қора мал ұстап, шаруаларын шайқалтпаған отбасылар көп екен. Көпшілігі шаруа қожалық ашып, өз істерін дөңгелетіп отырған жандар. Бұл елді мекенде сиырды сүт сауу аппаратымен сауып, қымыз сапырып, құс пен мал баққан шаруа адамдарды жиі кездестіресіз. Мәселен, Мұхамбетқалиевтер өз еңбектерінің нәтижесінде 500 меринос қойлары, 125 бас зеңгі баба түлегімен қатар, жылқы, түйе бағып отыр. Тек сиыр ғана емес бие де, түйе де сауып, игілігін көріп отырған Мұхамбетқалиевтер отбасы көпке үлгі. Отағасы Ескендір балаларымен бірге түздегі малға ие болса, жары Айгүл үйдегі бау бақшаға, құсқа ие. Ауладан кіре бергенде көздің сәнін алатын тіршілік бірден қуантады. Мемлекеттен субсидия алмай өз күшімен еңбек етіп отырған отбасы жақын арада «Тоқанов» ШҚ деген атаумен шаруа қожалығын ашыпты.

Ауылдың әр тұрғыны тек мал шаруашылығымен ғана айналысып қана қоймай, өздерінің бойындағы өнерін де халық игілігіне жұмсауда. Солардың бірі, 1962 жылы қазақ топырағына  Сібірден, яғни Краснояр өлкесінен қоныс аударған Весртюк отбасы Ардақ ауылында аянбай еңбек еткен жандардың бірі. «Әке көрген оқ жонар» демекші Верстюк Петр Дмитриевич өз әкесінен аманат еткен ұсталық кәсіпті дамытып, ауылдастарының керек-жарағына қолғабыс етуде. «Бұл кәсіпті мен әкемнен үйрендім. Ауыл тұрғындары күнде, тіпті кем дегенде 4-5 адам келеді. Біреуі темірді жалғауды, бірі майыстыруды, екіншісі қайрауды, келесісі бір бұйымды жасап беруді сұрайды. Таға, күл  қалақ, күрек секілді бұйымдарды темірден қыздырып жасай беремін» — дейді Петр. Тек қана темірден түйіп қана қоймай, ағаштан да бұйымдарын жасауға да шебер. Шебердің қолынан туындаған шана, гүл қоятын орындықтар мен безендірілген үстелдер көздің жауын алады. Жан жары Татьянамен 35 жыл отасып, бүгінде ұл мен қыз өсірген жұп Ардақтай ыстық ауылдың еш жерде жоқтығын айтады.

Ал 30 жыл бойы мектепте қызмет ететін Дариға Оразғалиева кондитердік өнімімен ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленіп отырған жан. «Торт, рулет пісіргеніме15 жылдай болыпты. Ауылдың қыз-келіншектері менен пісіруді үйреніп, қазір қолым ұзарды. Дегенмен, үлкен шараларға қатысты болса, бірден маған келеді» деп күледі. Расымен 4 баланың анасы Дариға Ахметжанқызының «туындылары» көздің жауын алады. Шағын ғана ауылда қала фабрикаларының өнімдерінен кем түспейтін дүниелеріне, бір қызығы Дариға ешқашан арнайы ақша сұрамайды екен. Өзі  ешкімнің тауын қайтарғысы келмейтінін, бір жағынан ауылдастарынын ақ батасынан артық ештеңе жоқ екенін айтады.

Ауыл тұрғындары ауыз суды көше бойындағы колонкадан алып отырған. Енді міне «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде Ардақ ауылына таза ауыз су жүргізу жұмыстарын бастады. Мердігер «Қалдығайты» ЖШС-нің учаске басшысы Аслан Баймағамбетов «Су өткізу жұмыстары келесі жылға дейін жалғасатын ауыспалы жоба. Дегенмен, біздер өздеріміздің тарапымыздан 2020 жылдың қыркүйек айына дейін бітіріміз деген ойдамыз. Ауыл ішіне жалпы ұзындығы 5520 метр болатын құбыр өткіземіз. Қазір су резервуарларын тазарту жұмыстары жүріп жатыр» дейді. Бюджеттен 129 млн 924 мың теңге  бөлініп, жергілікті жерден 10 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл ұстаздары да қарап отырмай,  өз үлестерін қосу мақсатында мектеп ауласынан балаларға арналған мұз алаңын салуды қолға алған. Ұстаздар демеушілігінің бастамасымен, «Жайдар» ШҚ-ның басшысы Нұржан Лесовтың қолдауымен жүзеге асатын мұз алаңы 12-де 24 метрді метрді құрайтын болады. Полтава негізгі орта білім беретін мектеп балабақшасының директорының міндетін атқарушы Ляззат Қабдығалиева «Біз ұстаздар қауымы баларымыздың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алған жобамыз. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші жаз басталысымен болашақ мұз алаңының айналасын таспен қоршап, орнын тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда бізге техникасымен, құралдарымен көмектесіп жатырған жерлесіміз Нұржан Лесовқа алғысымыз шексіз» дейді

100-ге жуық түтіні бар ауылдың жәйі осындай, «жоқ» деп ешкімге алақан жаймайды. Туған жердің суын, шөбін, жерін пайдаға асырып, бала өсіріп, еңбек етіп, тып-тыныш тірлік кешуде. Аядай ғана ауылдың адамдарының жүздері жарқын, көңілдері шат.

Еліміз аман, жұрт тыныш болсын!

                                                                                                                                 Анар ІЗМҰХАН

Шыңғырлау ауданы