22.04.2020, 10:09
Қараулар: 448
Білместік орға жығар

Білместік орға жығар

«Аңқау елге арамза молда» деген сөз  ескіргелі  қашан?! Себебі қазіргі күнде ақымақ адам таппайсыз. Оқыған -тоқығаны немесе өмірден үйренген, білгені кім-де  өмір сүру қажеттілігіне жарап-ақ жатыр емес пе? Ақпарттық кеңістік жүйесі дамыған сайын адамның миы бірге дамып келгендей. Тек ынта болса болды. Оның үстіне көрген-түйгені адамды дамытып отыратыны шартты нәрсе. Сондықтан да шығар қазірде «Өз ақылым  өзіме жетеді» дейтіндер  көбейді. Не нәрсені де түп-төркінін білгің келсе немесе нендей дүниенің қайда, қанша, қандай деген сұрақтарыңа да ешкімнің мазасын алмай — ақ қол жеткізетін заманға келдік. Тәрбиеге қатысты,  әлде бір ескінің жаңғырығын да бұрынғыдай үлкендерден сұрауды місе тұтпай,интернетті аша салып, содан іздейсің.

Десек те осы  ақпарат көздерінің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ойланбай-ақ, былайша айтқанда ғаламтор бетіндегі барлық жазылған ақыл-кеңесті ала салып, оны іске асыра салу әдетке айналып бара ма қалай.Тек қана бір мысалды алайықшы. 16 наурыз күні әлеуметтік желіде тараған қаусеттің кесірінен орталық дүкендердегі  азық-түліктің дені  бір күнде сатылып кетіп, ертеңіне бағаның өсіп шыға келгені естеріңізде шығар. Сөйтіп, қымбатшылыққа өзіміз себеп болдық. Тағы бір жәйт-тағы да сол әлеуметтік желідегі желдей жүйткіген ақпарат  себебінен дүкен-дүңгіршіктердегі  сарымсақ пен лимон қымбаттап шыға келді. Тіпті  максималды сатылымнан  барлық дүкенде түгесілді. Ал енді жақында ғана ватсап бойынша тараған коронавирустың жалғыз емі бұл-інжір  деген бір әзілкештің  түсірілімінен соң қаланы қайдам, өзіміздің ауданда інжірдің бағасы бір күнде аспандап кеткені естеріңізде шығар. Бұған дейін килосы 2300 теңге тұратын оның бағасы 20 мыңға бір секірді. Оны көргендер де көрмегендер де бар, әйтеуір,  дүкен жағалап екі-үш килолап алғанындарды көрдік.  Сөйтсек, короновирустан сақтану үшін екен. Ай, білместік -ай, десеңші!

 Айсұлу АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ