27.10.2020, 16:25
Қараулар: 76
Блок-бекетте қызмет еткен батыр қыздар

Блок-бекетте қызмет еткен батыр қыздар

Биылғы жылдығ шілде-тамыз айлары халықтың есінен кетпес. Бұл негізі айтып келген дерт десек артық айтқандық емес, індет бас көтерген мезеттен-ақ дабыл қағылып, құзыретті мекемелер тұрғындарды сақ болуға, карантин ережелерін сақтауға, артық-ауыс жол жүруден, қонақтыққа барудан сақтандырса да көпшілік аса мән бере қоймады. Осындай бейқамдықтың соңы аурудың өршуіне алып келді. Қатаң шара ғана тұрғындардың есін жиғызып, ортақ талапқа көнуге мәжбүр етті.

Аудан-ауыл арасындағы жол-көлік қозғалысына ғана емес, шекара аймағында да, қалаларды байланыстыратын үлкен тас жолдарда да қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, аудандық жол полициясы мен аудандық аурухана медбикелері күндіз-түні сол маңдағы жол-көлік қозғалысындағы тәртіпсіздіктің алдын алуға жұмылдырылған болатын. Өмірлік тәжірибелері аз болғанымен, өз істеріне берілген аудандық аурухананың медбикелері төзімділік пен кәсіби біліктіліктің нағыз үлгісін көрсетті. Кезегімен, бір-бірін ауыстырып отырғанның өзінде де үлкен трассаның бойында қызмет ету оңайға түспегені анық. Ағылған көліктердің жүргізушілері қайсыбірі түсіністік танытып жатса, енді берулері жөнсіз ашуға бой алдырып, көңілге тиетін қатты сөздер айтып жатқандары да кездесті. Бірақ, бұл жерде жеке бастың жәйін ойлап жататын кез емес еді, бәріне де сабырмен қарап, өзіңді де қолға алып, жұмысыңды жалғастыру қажет болатын. Сол күндер туралы аудандық ауруханада Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің жалпы тәжірибелі мамандығын бойынша үздік дипломға тәмамдап келіп, еңбек жолын бастағанына  жыл  толған Сатыпалды Сағидоллиева былай деп еске алады:

-Ұжымымыздағы әріптестерім И. Болатова, А.Нұрманова, Ж.Жүмиева, Р. Сахипова, А. Шукимова сынды медбикелер бір ай жарым шыдамдылық танытып, өз мамандығының білгірлері ретінде көріне білді. Сол кездері Ақтөбе-Орал тас жолы арқылы тәулігіне 600-700-ге жуық үлкен фуралар, 200-300-ге жуық жеңіл көліктер өтіп жүрді. Жүргізушілердің де мінез-құлықтары әртүрлі, соның бәріне шыдамдылық таныту қажет болды. Бізбен бірге кезекшілікте болған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де кәсібиліліктің үлгісін көрсетті, ауа-райының қолайсыз күндері де болды, соның бәріне де төзіп, тезірек ауру ауыздықталса екен деген тілекпен жұмыс жасадық.

Бұл сынақ кезеңі медбикелер үшін тәжірибе жинау, сабырлылық пен табандылық таныту жолында өзін-өзі тәрбиелеу болғаны шындық. Қалыптан тыс жағдайда әрекет ету, біліміңді іс жүзінде көрсету, далалық аймақта жұмыс жасау оларға алдағы өмір жолдарында да үлкен пайдасын тигізері сөзсіз. Сол кездерде блок-бекетте тұрған қыздарды батырларға теңесек те артық емес, ұйқы-күлкіні жиып қойып, өзгенің денсаулығы үшін күресіп, өз жағдайларын екінші кезекке ысырып қою, шыжыған аптап ыстықта дем алдырмайтын сақтандыру киімдерімен жүру, үнемі бетпердемен тыныс алу айтуға оңай. Осы сынақ кезеңінен сүрінбей өткен медбикелерге сүйсінбеу мүмкін емес, алда да олар өз мамандықтарына адал қызмет етіп, ел-жұрттың алғысына бөлене береді деп сенеміз

  Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ