22.02.2020, 15:37
Қараулар: 314
Баға шарықтамаса екен…

Баға шарықтамаса екен…

Жыл басталысымен-ақ елімізде коммуналдық қызмет пен азық-түлік қымбаттайды деген қауесет тарады. Ол енді шынға айналып келе жатқандай. Байқап қарағанымыздай, біздің аудан аймағында да аз-мұз қымбаттау үрдісі орын алғаны шындық. Десек те, жергілікті құзырлы органдардың араласуы арқасында кейбір әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағалары қалпына келтірілуде.

-Егер  азық-түлік бағасы қатты көтерілген болса, оны тұтынушыларға қол жетімді қылу бағытында жұмыстар жүргіземіз. Ауданымызда осындай шаралар жүйелендіріліп, сауда нысандарына тұрақты түрде мониторинг жасап отырмыз. Жыл басында нан бағасы 110 теңге болатын. Кәсіпкерлермен жеке түсіндіру нәтижесінде үлкен сауда орталықтарында нан бағасы бірінші сұрыпты ұн 105 теңгеге түсті, бұны біздің жетістігіміз деп білеміз,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов.

Жүргізілген рейдтердің және түсінік жұмыстарының нәтижесінде дүкендегі баға мынадай. Орташа есеппен алғанда 1 сортты ұнның бағасы 4 пайызға, макарон өнімдері 4 пайыздан (207 теңгеден199теңгеге), күріш 311-ден 288 теңге, яғни 7 пайызға түсті. Сәбіз 8 пайызға (127-ден117 теңгеге дейін), қырыққабат 2 пайызға (98-ден 96 теңгеге).

Бұған керісінше, қарақұмық 2пайызға (325 теңгеден 330 теңгеге дейін) өсті. Көпшілігі күнде тұтынатын картоп 4 пайызға (92-ден 96теңгеге),пияз 5 пайызға (95-тен 100 теңгеге), ал күнбағыс майы 2 пайызға (445 теңгеден 453 теңгеге дейін) ал 2,5 пайыздық сүт бірден 16 пайызға ( 222 теңгеден 257 теңгеге) дейін өскен. Бұған қоса ет бағасы -6,2 пайызға қымбаттап,100 теңгеге көтерілді.Тек қана  тұз бағасы еш өзгеріссіз қалған.

Аудан тұрғыны Жұмақыз апамыз «Бағаның неліктен бұлайша көтерілуін түсінбедік. Еңбекақымыз болса, сол күйі қалды. Қарап отырсаң, күнделікті өнімнің өсуіне еш себеп те байқалмайды. Елімізде жалақы, не зейнетақы өседі деген сыбыс естілсе болды, бірден бағаы аспанға шарықтап шыға келеді. Неге бағалар негізсіз өседі? — дейді ренішін жасырмай.

Иә, бұған қоса, электр жарығына төленетін ақы да 85 тиынға күрт өсіп, электр жарығының әрбір кВт үшін 11,74 теңге болып шыға келді. Баға неліктен өсті деген сұраққа тиісті мекеме өкілі бұл облыстан келген баға деп мардымды жауап бере алмады.

Бағаларды шарықтатпай, халықтың жағдайына қарап, қол жетімді қылу үшін ауданның бизнес субьектілері жетекшілерімен 16 мемарандум жасалған. Бұл жұмыс әлі де жалғасын таппақ. Десек те баға шарықтай берсе, оны ұстау қиынға соқпай ма деп қамыққан жұртшылық әлі де үміттерін жалау қылып жүр. Баға тұрақты, ел тыныш, жұрт аман болсын дейік, ағайын!

А.Муса