21.08.2020, 15:37
Қараулар: 131
Бапталған бақшаның берері мол

Бапталған бақшаның берері мол

Ауданымызда бау-бақшамен айналысатын іскер Александр Рудьты білмейтін жан жоқ, сірә! Жаңакүш елді-мекеніндегі үлкен тоған маңын жалға алғалы бері, өздерінің нәпақасын тауып, әрі ауылдастарын жыл сайын көкөністің небір түрімен  қамтып келеді. «Әсіресе, қияр өнімі сөреге түспей жатып, тез өтіп кетеді»-дейді сатушылар. Бірнеше гектар жерді алып жатқан бақшада қауын-қарбыз, қияр, қызанақ, тағы да басқа көкөніс түрлері молынан егілген. Бақша жұмысының оңай еместігі белгілі, әрі қол жұмысы үлкен күшті, қажырлылық пен төзімділікті, ыждағаттылықты қажет етеді. Әрі үлкен бақшаны баптап, жаз соңында сапалы да мол өнімге қол жеткізу үшін өзің агроном, кейде тіпті өзің бақташы да болуың тиіс дейді.

Жаздың 40 градустан асқан аптап ыстығында күн астында жұмыс істеу оңай емес. Сол себепті бақшада Рудьтармен бірге қызы Анастасия Рудь және Марина Чистовская, Орынбасар Ақбалиев, Нина Щегорина сынды ауылдастары  еңбек етіп жүр. Александр бақшасында биылғы жазда қарбыздың ерекше сортын егіп шығарды.  Ол  «Голден Грейс» деп аталатын қарбыз түрі.  Ерекшелігі — өте тәтті, қызыл қарбызға қарағанда А С, және В дәрумендеріне өте бай. Тек, тәттілігінің жоғарылығына байланысты диабет ауруы бар адамдардың мөлшерден көп пайдаланбағаны дұрыс дейді. Жерлестеріміз  енді таңсық көріп сары қарбыздарды үлкен  қызығушылықпен  сатып алуда. Бұл да кәсіпкерді өзін тағы бір қырынан танытып, үнемі ізденіспен жүретіндігінің бір дәлелі іспетті.  Тұрғындарға тек қарбыз ғана емес, дәмі тіл үйіретін балығын да жеткізіп отырған осы Александр. Шабақтарды, облыс орталығындағы арнайы  өсіретін жерден әкеліп, балық өсіріп, тоғанды толтыруды да мақсат қылған.

Айсұлу АРЫСТАНОВА