26.02.2020, 15:51
Қараулар: 288
Балалық шағымыздың ойындары

Балалық шағымыздың ойындары

Қазіргі гаджетті телефон, түрлі экранды ойындардың жасөспірім бүлдіршіндерге берер пайдасынан гөрі зияны көп екені баршаға мәлім. Балалардың ойыны да заман талабына сай заманауи технология аясында өзгеріп, ертеректегі ойындар ойналмақ түгілі, ондай ойын болғанын да білмейтін шығар-ау…

Бүгәнде мактеп жасындағы балалардың да көшенің шаңын шығарып, улап-шулап жатқанын көрмейсің. Ертеректе таңның атысынан кештің батысына дейін үй шаруасымен қатар ауыл балалары болып сақина салу, соқыртеке, тығылыспақ, ләңгі тебу, асық ату, ақсерек-көксерек, резеңкемен секіру, доп қуалау, т.б.ойындарды ойнайтын едік дейді үлкендер жағы. Қазір ойлап отырсақ, сол ойындар денсаулықтың мықты болуына, ойының сергек болуына, тіл дамытуға, ең бастысы достық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған екен. Мәселен, мамандардың айтуы бойынша, асық ойыны баланың көру қабілетін жақсартуға таптырмайтын ем көрінеді.Ептілікке, есепке үйретіп, ой өрісін де дамытуға сеп. Асықты дәлдегенде ми тамырлары кеңейіп, жұмысы жақсаратын көрінеді. Қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері оянып, ми тынығады екен. Иә, мергендікке бағытталған бұл ойын да арнайы тактиканы, алдын ала ойлауды талап ететінінде сөз жоқ. Ал, «ләңгі» ойыны ше?! Жапырақтай теріге оймақтай қорғасын құйып жасалған «ойыншықты» аспанға теуіп, аяғымен қағу арқылы ер балалар икемділігін, тепе-теңдікті ұстауды, жеңіске деген құштарлығын дамытқан. Қыз балалар жағы да «мұғалім» болып ойнап, сабақ түсіндіріп, «оқушыларына» тапсырма орындатқызып, қуыршақтарына киім-кешек тігіп, «үй» ойнап, болашақ өмірге қадам басатын.

Қазір «Алма кетті домалап, көше бойын жағалап» деп санамақ санап, дорба-дорба асық жинаған баланы кездестіруден қалдық. «Біздің балалық шағымыз 70-ші жылдарда өткен болатын. Біздер жылдың әр кезеңіне байланысты ойындарымыз да түрлі болатын еді. Жазда жерге төртбұрыштарды сызып «мак» ойнайтынбыз, сым тебетінбіз. Топ-топқа бөлініп сол кезеңде белгілі «Знамя», «Жамбы», «Шпион-милиция», біздің арамызда «Тыр-тыр» аталып кеткен ойындарын ойнайтын едік. Тіпті, шөп үстінде айналып (сальто) секіретінбіз» деп еске Гүлсім апамыз еске алғанда балалық шағының қызықты да есте қаларлық естеліктерге толы екеніне қызығасың.   Ал, бүгінгінің еркесі 5 сынып оқушысы Әлима: «Жазда достарымызбен «Үй» ойнаймыз, велосипед тебеміз. Ал қазір қыста, салқында ойнамаймыз. Үйде компьютермен түрлі ойындар ойнаймын» десе, 11 жасар Ербол «Далада ойын ойнаған қызық емес. Одан да компьютерден жақсы ойындар ойнаған ұнайды. Жазда анда-санда достарыммен доп ойнаймыз. Сіз айтып отырған «Ләңгі» ойынын білмеймін, асық ату ұнамайды. Компьютер арқылы футболдың да, атысудың да шебері болдым» деп мақтанғанда олардың қызығушылықтарының басқа екеніне еріксіз таң қаламыз.

Расында, бүгінде балалар ойыны мүлде жойылып бара жатқандай. Заманына сай бөркіңді ки дейді атам қазақ. Дегенмен, күні бойы далада жүріп, «Д» дәруменін бойына сіңіріп, денесі шымырланып, тілі жатығып, достығы нығайып, жан-жақты жетіліп өскенге не жетсін. Есейгенде, осы балалық шағынан тек теледидар мен телефонға үңіліп отырғанынан басқа естелік болмайды-ау…

 

Аман Ізмұхан