7.11.2020, 15:51
Қараулар: 160
Ақшат ауылында мектептің ашылу салтанаты өтті

Ақшат ауылында мектептің ашылу салтанаты өтті

Облыс басшысының жұмыс сапары Ақшат ауылында жалғасты. Бұл елді мекенде облыс әкімі Ғали Есқалиев А.Тихоненко атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің ашылу рәсіміне қатысты.
1972 жылы салынған ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. 3784 шаршы метрді құрайтын білім ордасының жөндеу жұмыстарын «Жиенбай» ЖШС жоспарға сәйкес мамыр-қыркүйек айларында жүргізіп аяқтады.
Ашылу рәсімінде сөз алған облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы Ақшат ауылының тұрғындарын заман талабына сай жаңарған мектептің ашылу салтанатымен құттықтады. «Облыс көлемінде биылғы жылы көптеген әлеуметтік нысандар салынып, күрделі жөндеуден өтуде. Соның ішінде Ұлы Отан Соғысының батыры А.Тихоненконың есімі берілген Ақшат ауылының орта жалпы білім беретін мектебі де бар. Ендігі кезекте, ұстаздар мен оқушыларға толыққанды жағдай жасалған білім ордасынан білімді де тәрбиелі, үкілі үмітті ақтайтын шәкірттер тәрбиеленіп шығуына тілектеспін», дей келе, өңір басшысы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Облыстың маслихат хатшысы Мәлік Құлшар да ақшаттықтарды мектептің ашылуымен құттықтады.
Келесі сөз кезегін алған ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Жансұлу Қарлыбаева биылғы жылы күр­делі мәселенің түйіні шешіліп, әдемі де сапалы жөндерген білім ордасына, сонымен қатар ауыл көлемінде атқарылып жатырған өзге де игі істерге ауылдастары атынан шынайы алғысын білдірді. Ал жобаның бас мердігері «Жиенбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Қарағойшин ақшаттықтарды мерекемен құттықтады.
Жөнделген ғимарат заман талабына сай құралдарымен жабдықталып, түгелдей жаңартылған. Атап айтқанда, жиһаздарын, техникаларын есептемегенде, асхана мен жуанытын бөлмелері, заманауи білім беруге бағытталған жаңартылған модификалиялық кабинет пен робототехника кабинеттері, пән атауына байланысты жабдықтар және мектеп ауласында спорт алаңы мен хоккей қорабы да орын алған.