6.11.2020, 15:42
Қараулар: 192
Ашық әңгіме өрбіген алаң

Ашық әңгіме өрбіген алаң

Жуырда «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Байтенова «Өңірдегі бизнесті дамыту мәселесі» бойынша онлайн түрде диалог алаңын өткізді. Аталмыш шараға аудандық мәслихат депутаттары Г.Волкогон, А.Камзаева, А.Талдыбаев, облыстық мәслихат депутаты М.Байжанов, ауданның сала басшылары, ауылдық округ мамандары, шаруа қожалықтары, аудан кәсіпкерлері қатысты.

Диалог алаңындағы басты тақырып-биылғы жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіріп, бизнес саласына қатысы бар тұстарды кеңінен талқылап, ұсыныстар беру. Пандемияның әсерінен шағын және орта бизнес өкілдерінің өз кәсіптерін жүргізулерінде қиындықтар туғаны баршамызға белгілі. Осындай қиын-қыстау сәтте Үкімет те қарап отырмай бизнес өкілдерін қолдау, қарайласу мақсатымен несиелерді жеңілдікпен жабу, төлемдерді кейінге қалдыру сынды шараларды қарастырған болатын.

Жолдауда шағын және орта бизнес өкілдеріне қызметтерін одан әрі қарай дамытулары үшін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беру тапсырылды. Бұл әрине, бизнес өкілдеріне үлкен көмегін тигізері сөзсіз.

Бәсекеге қабілетті экономика құру үшін дамыған ауыл шаруашылығының болуы өте маңызды. Президентіміз ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланатынын және табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жататынын жасырмай, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында аграрлық секторға инвестиция тарту қажеттігін баяндай келе, жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын ерекше атап өтті.

Бұл да нәпақасын жерден тауып отырған еңбек адамы үшін үлкен қолдау екені түсінікті. Жер-біздің бірден бір асыраушымыз, ұрпақтан ұрпаққа берер басты мұрамыз болғандықтан оны тек табыс көзі ретінде қарап қоймай, күтіп-баптау, агротехникалық шараларды уақытымен жүргізу қажеттігі де назардан тыс қалмауы тиіс. Шындығы керек, ауыл шаруашылығына басым бағыт бере отырып, жеке сектордағы мал шаруашылығын өрістетіп отырған тұрғындардың да жәйі кейде естен шығып жатады. Мал жайылымдарын кеңейтіп, су көздерін ашу, кезінде жер телімдерін жеке иеліктеріне алып өзі де пайдаланбай, өзгеге де бермей отырған жеке тұрғындармен жұмыс жасау да кезек күттірмейтін мәселе екендігі де осы онлайн басқосуда әңгіме өзегіне айналды. Ең бастысы, бизнеспен айналысушы жандардың қадамына тұсау салынбай, мейлінше қолдау болмағы баса айтылды.

Осы тақырыпты одан әрмен жалғаған келесі басқосу  «Бизнес-идеяларды қолдау» деп аталып, онлайн-тренинг түрінде  өтті. Бұл шараға да аудан  кәсіпкерлері қатысты.  Тақырып аясында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Шыңғырлау ауданы бойынша филиалының кеңесшісі А.Сұлтанғалиева «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде «Шағын бизнесті несиелендіру бағдарламалары» тақырыбында «Игілік», «Сыбаға», «Қарапайым заттар экономикасы», «Кәсіпкер» бағдарламаларының тиімділігі, осы бағдарламалармен қалай жұмыстану керектігі жөнінде қызықты әңгіме өрбітіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. Отырыс барысында кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мәселелер көтеріліп, онлайн режимінде қойылған сұрақтарға жауап берілді. Өз кәсібін дөңгелетуге ынтасы бар, бірақ жүрексініп жүрген жандарға қалай өз ісіңді бастауға болады, қаржы мәселесін қалай тиімді шешкен дұрыс деген сұрақтарға жауап берген аудан кәсіпкерлері ондайн-тренингтің жанды өтуіне өз үлестерін қоса білді. Осындай ашық әңгіме айтылып, өз тәжірибесін бөлісу шағын және орта кәсіптің ауданымызда кеңінен қанат жаюуына өз үлесін қосады деп атап өткен филиал төрғасының бірінші орынбасары Светлана Ешматқызы мұндай басқосулар ерекше пайдалы екендігін атап өтіп, өз тәжірибелерімен ашық бөліскен іскер жандарға алғысын білдірді.

                                                                                             Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Шыңғырлау ауданы