17.02.2020, 10:28
Қараулар: 308
Ауғанның асуында от кешкен

Ауғанның асуында от кешкен

Оқушыларға ауған соғысына қатысқан жерлес жауынгерлерді дәріптеу және олардың ерлік істерін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында Л.Қылышев атындағы ОЖББМ-нің 9-сынып оқушылары мен сынып жетекшісі М. Сисянгужинаның ұйымдастыруымен «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбында тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Мазмұнды шараның қонағы-ауған соғысының ардагері, ефрейтор Бахитжан  Баймұқашев.

Шара барысында оқушыларға әділетсіз соғысты бастан кешірген ауған жауынгерлері мен мерт болған жазықсыз жастар туралы деректі фильм көрсетіліп, оларды бір минөт үнсіздікпен еске алды. Мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Рысжан Дүйсенғалиұлы ауған соғысының ардагерлері турасында әңгіме өрбітсе, бейбіт елдің бүгінгі ұрпағы өздерінің рухты өлеңдерін оқып, патриоттық әндерді әуелете шырқады.  Кездесуде сөз алған Бахитжан Какімжанұлы: «Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды. Қаза тапқандардың ата-аналары, жақын туыстары мен таныстарының қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ауған соғысының ардагерлері ұрыста қаза тапқан қаруластарын жүректерінде мәңгі сақтайды. Мен өзімді ессіз ерлік көрсеткен сарбазбын деп есептемеймін. Бірақ «намысты нанға сатпай», қолымнан келгенше көппен бірге болдым. Ол кезді еске алудың өзі мен үшін үлкен азап. Бар тілейтінім кейінгі ұрпақ соғыс дегенді өңі түгілі түсінде де көрмесе екен»,-деп көңіл толқыта сөз сөйлеп, шараға шақырған ұйымдастырушыларға  алғысын білдірді.

Ауған соғысының аяқталғанына биыл 31 жыл. Осы орайда барша Ауған соғысының жаужүрек ардагерлеріне кейінгі ұрпақ атынан  ерліктері үшін басымызды иіп, амандық тілейміз.

Назым Айқын