23.11.2020, 11:14
Қараулар: 111
«Ауылым» деп алаңдаған азаматтар

«Ауылым» деп алаңдаған азаматтар

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Қарағаш ауылының тұрғындары соншалықты көп емес. Десек те мейірім мен бір-біріне деген жанашырлық сезімдері және дархан көңілдерімен ерекшеленеді. Асарлатып, қаумаласып шаруа жасап, бірігіп мал бағып, түзу түтін түзетіп отырған жөндері бар.

Бұл жолы әңгімеге арқау-қарағаштық шаруа жандар болмақ. «Елім» деп еңіреген деп айтпасақ та «ауылым» деп шын жүрегімен елжіреген деуге әсте лайық.

Асланбек Нұрғалиев және Жасұлан Орынғалиев сынды қарағаштықтар осы ауылда өсіп-өніп, оқу бітіріп, еңбек етуде. Отау құрып, ұрпақ өсірген шақта ауылдың баяғы сәнінен айрылғаны жанға батып, шырқырап жүр десек те артық айтқандық емес.

Туған ауылды қалай аяғынан тұрғызам деп жүрген азаматтар, «Аруақ риза болмай, жарлы байымас» дегендей ең алдымен ауылдағы ата-бабалары мәңгілікке қоныс тепкен жерлерді қоршап, абаттандырып, мұсылманша барлық ырымдарын жасауға күш салыпты. Бір-екілі адамның қолынан келмейтін шаруаға ауыл адамдарын біріктіріп, өздері әр бірі 400 мың теңгеден қаражат қарастырып, барлығы 800 мыңды санап берген. Жомарт жандардың қаражатына қоршау үшін керекті материалдар алынып, осы жұмысқа жұмсалған. Айта кеткен дұрыс, бұл игілікті іске қарағаштық барлық тұрғындар да қам-қарекетінше ат салысқан болатын.

Жомарт жігіттер ауылдағы фельдшерлік пунктке ингалятор аппаратын да алып беріп, аналардың алғысын алды. Жасаған жақсылығын айтуды әсте қажет етпейтін Асланбек пен  Жасұлан жақында қомақты қаражатты аудан орталығындағы мұқтаж тұрғындардың нанды тегін алуына жағдай жасау мақсатында «Бәйтерек» дүкеніне арнайы әкеліп табыстады. «Бұндай іске бару мақсатымыз-әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының басым дерлігі осы орталықта тұрады. Көпшілігі тек қана жәрдемақыға күн көріп, ауласында құсы немесе малы жоқ. Сол себепті, ең болмаса күнделікті азық саналатын нанға ешкімнің зәрулігі болмасын деп ойладық»,-дейді бір ауыздан. Сонымен қатар қос азамат аудандық «Серпін» газетіне бірнеше отбасын тегін жаздыру мақсатында тағы да қаражат бөліп отыр.

Мінеки, жомарт жандар тірлігі осындай. Әманда жанашыр жандар көп болсын!

 

А.МУСА

Шыңғырлау ауданы