7.05.2020, 11:11
Қараулар: 164
Аудан ахуалымен танысты

Аудан ахуалымен танысты

Жуырда ауданымызға  облыс әкімінің орынбасары Б.Қонысбаева жұмыс сапарымен  келді. Ол бүгінгі таңда елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында «Самара-Шымкент»  тас жолы бойында Орал-Ақтөбе бағытындағы жол-көлік қозғалысын бақылайтын блок-бекеттегі қызметкерлермен кездесті. Осы жердегі өз өмірлерін қатерге тіге отырып, жауапты қызмет атқарып жатқан полиция және денсаулық сақтау қызметкерлерімен тілдесіп, жұмыс барысы туралы ақпараттарға қанықты. Жауапты мамандар блок-бекеттен қатаң қадағалау мен тексерістер нәтижесінен соң өткізіліп жатқан көліктер, тиісті алынатын сауалнамалар, дәрігерлік бақылау жұмыстары туралы егжей-тегжейлі баяндап, тексерістен өтілген көлік иелері тарапынан шағымдар болмағанын атап өтті.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары жауапты сәтте  қызметкерлерге  шыдамдылық пен түсіністік танытуларына тілектестігін білдірді.

Б.Қонысбаева  өзінің жұмыс сапарында аудандағы әлеуметтік нысандарды аралап,  төтенше жағдайға байланысты қолға алынып жатқан шаралар легімен, қызмет аясын жүргізіп отырған мекемелер жұмысымен танысты.

Гүлім ШЫНТАС