9.11.2020, 18:09
Қараулар: 163
Аудандық архивке — 30 жыл

Аудандық архивке — 30 жыл

Әрбір өлкенің тарихы мұрағатынан басталады. Тұрғылықты жер-судың, нысандар мен қорық атауларынан бастап, сол жерде өмір сүрген адам атаулының баршасы осы мұрағат жазбаларында тіркелуі қаһ.

Шыңғырлау аудандық мұрағат-архив деп аталатын мекеменің мақсаты-ауданға тиесілі құжаттардың барлығын дерлік есепке алу, ғылыми-анықтамалық құжаттар беру, Ұлттық мұрағат қорын жасақтауға ықпал ету және ведомостволық актілердің жұмысына басшылық жасау,  сонымен қатар лауазымды және жекелеген азаматтардың, мекемелердің әлеуметтік-құқықтық сұраныстарын қанағаттандыру болып табылады. Аудандық архивтің жұмысы 1990 жылдан бастау алған. Десек те, тек қана 2002 жылдың 18 сәуірінде облыстық әділет басқармасында тіркелініпті.  Ал 2011 жылдан бастап архив  жаңаша, толыққанды жұмыс істеуге көшкен. Айта кету жөн, 1922-2015 жылдар аралығындағы  құжаттар ғылыми-техникалық өңдеуден өткізілген және 3-ақ адам қызмет еткен.

Кеңес үкіметінің құлауы еліміздегі үлкенді — кішілі архивтердің жұмысына кері әсерін тигізгендігі шындық. Дейтұрғанымен белсенді тұрғындар, ауданға жанашыр жандар архив жұмысына көмек қолын созып, талай құнды дереккөздерімен толықтырып отырды. Әсіресе, ашаршылық, репрессия жылдарындағы нәубет күндердің еміс-еміс болса да адамзат ұмытуға тиіс емес тарихтарын паш етер құнды деректерді осында әкеліп табыстаған. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарындағы құжаттары өз алдына, қанды қырғын соғыстың естелігін көз алдыңа елестетердей жазбалары жетерлік. Нақтылай айтсақ, 1922-2015 жылдар арасындағы тарихқа жүздірер112-ге жуық қор бүгіндері сұрыпталып, өңделіп, қатталған. Ал негізінен мұрағатта 25 мың дана құжат сақталуда. Аталған мекемеде ауданымыздағы жұмысын тоқтатып, жойылған мекемелердің сонымен қоса атқарушы органдардың, мәдениет, білім, медицина мекемелерінің де құжаттық актілері сақтаулы. Сонымен қатар бұрынғы колхоз, совхоз, автомекемелердің де құжаттары жинақталған. Елімізге танымал адамдарымен қоса ауданға еңбегі сіңген қайраткерлер мен майталман мамандардың да дерегін осы жерден таба аласыз. Жыл бойына мұрағатқа 600-800-ге жуық құжат келіп түседі екен. Зерттеліп, өңделіп, түптеліп, осындағы қорға алынады.

Архивтің, әсіресе, аудандық мұражайдың ашылуына зор көмегі болды. Біз білмеген, көрмеген талай деректермен  мұражайды толықтырып, көп білуге үлкен мүмкіндік алдық. Тағдырдың талайына төтеп берген жандар туралы оқып білдік. Ауданымыздың бұған дейін де мақтан тұтар тұстарымызбен қуандық. Қиын-қыстау күндерді өткен, тағдыры тәлкек болған ата-бабалардың рухымен осы архив құжаттары арқылы қайта қауыштық.

Бұның бәрі да шағын мекеменің жұмысы туралы, ал мекеме қызметінің халық игілігіне жарауы үшін адамдар еңбек етуде. Нақтырақ айтсақ, архивте 4 адам қызмет етуде. Мекеменің құрылған күнінен бүгінге дейін оның директорлық қызметін Хрипченко Надежда атқарып келеді. 30 жыл бойы осы жұмыспен біте қайнасқан басшы абыроймен еңбек етуде. Бұл істе оған көмекші болар  қызметкерлері   Ботагөз Миннегулова, Гүлімай Мұқашева және тазалыққа жауапты Әлия Омаровалар талап биігінен шығуда. Бұған дейін аудандық архивте Лидия Гостяева, Татьяна Кошевая, Надежда Бондаренко еңбек етіп, өз үлестерін қосқан еді.

Әр мамандықтың өзіне ғана тән қиындығы мен қызығы болатынындай қызметтеріне адал берілген жандар адамдардың әрбір сұранысына жауапкершілікпен қарап, сапалы және уақытылы қызмет көрсетуге машықтанған. Жоғары жақтың қаулысымен бірде мұрағат, бірде архив деп аталатын салмақты мекеме бүгінде тағы да архив болып бекітілді.

30 жыл бойы аудан өмірінің тарихын өрнектейтін сан парағын аударып, бүге-шігесіне дейін қаттап отырған бұл ұжымға сәттілік, жемісті еңбек тілейміз.

                                                                                      А.АРЫСТАНОВА