6.04.2020, 9:47
Қараулар: 401
Адал мал оңай олжаға айналмасын

Адал мал оңай олжаға айналмасын

Мал ұрлығы жылдың қай мезгілінде де күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналғалы қашан. Қараусыз мал жоғалғаны бір сәрі, кейде тіпті қорадағы малың да қолды болып  жатады. Былтырғы жылдың алғашқы үш айында мал ұрлығына қатысты 5 дерек тіркелсе, биылғы жылдың 30 наурызына дейін 2 мал ұрлығына қатысты қылмыстық іс қозғалған.Жыл басындағы мал ұрлығы фактысы азайғанымен, ұрлық мүлде жоқ дей алмаймыз. Қазір малдың жайылымға, күтуге шығар уақыты. Қар еріп, жер аяғы кеңейгенде мал ұрлығына қатысты көрсеткіш те бірнеше мәрте өсетіні аян.

Оған басты себеп: қараусыз, бақташысыз жайылған малдан көз жазып қалған иелері не малдарын арнайы күтуге қоспауы, не өздері қарамауы. Мал бақташыға төленетін ақша төлеуді қаламаған иелері малды қараусыз жіберетіні тағы бар. Малдың толық есебін білмейтін, соның салдарынан қанша уақыттан бері жоғалғанынан бейхабар мал иелері құқық қорғау қызметкерлерінің көмегіне жүгінгенде өздеріде ауыз толтырып ештеңе айта алмай жататыны да жасырын емес.

Өткен 2019 жыл бойына барлығы 15 мал ұрлау факті тіркеліп, жалпы 4 млн 860 мың теңге көлемінде шығын келтірілген. Осы қылмыстық істердің әзірге 68 пайызы ашылған. «Өткен жылы жасалған 15 қылмыстық істердің тек 4-уі қорадан ұрлау фактісі болды. Қорадан қолды болған малға қатысты қылмыстық істер тез арада 100 пайыз ашылды. Дегенмен, тұрғындардың малды жайылымға қараусыз жіберуі — жағдайды одан әрі ушықтырады»,-дейді Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Аслан Сұлтанғалиев.

Мәселен, былтыр Ардақ ауылының 3 азаматы өзара сөз байласып, ауылдан 20 шақырым қашықтықта еркін жайылып жүрген ірі қара малды сойып алған. Мамыр айында орын алған бұл  істі мал иесі Р.Төлеғанов көп уақытқа дейін сиырының не ұрланғанын, не жоғалғанын, не қасқырға жем болғанын білмей жүргенде, құқық қорғау қызметкерлерінің өздері қыркүйек айында барымташылардың ізіне түскенде ғана бір-ақ біледі. Ал Ақбұлақ ауылында да осы тектес жағдай орын алғанда мал иесі М.Шондыбаев ірі қараларын  күнделікті көз жазбай бағуының арқасында бір тәулік ішінде малыныңқолды болғанын сезеді де, тиісті органдарға шағымданады. Дер кезінде хабардар болған құқық қорғау қызметкерлері істі тез араза ашады. Сөйтсе, бұл жолы да ұрылар алыстан келмепті, Ақбұлақ ауылының азаматтары екен. Екі жағдайда да баукеспелер мал иелеріне 100 пайыз шығынын қайтарып береді.  «Ұрлық түбі қорлық» демекші, айыпталушылар сот арқылы өз жазаларын алды.

Иә, мал ұрлығы тиылмай тұр. Соңғы жылдарыҚазақстанда мал ұрлығы ауыр қылмыс түріне жатқызылды. Мал иелері ұрыны ұстауға қауқарсыз деп полицияны сынаса,полиция малды қараусыз қалдырады деп тұрғындарға ренішін білдіреді. Баукеспелер бағусыз малға әуес, олар сыртынан қай малдың қаралатынын,қай бақташы қалай бағатынын біліп отырады. Шынымен де, малдың ұрлануына көпшілік жағдайда, ең бірінші мал иелері өздері кінәлі болып жатады. Статистикалық деректерде баукеспелердің біреудің малын ұрлауда қорасынан ұрлағаннан гөрі, даладан ұрлану басым екенін көрсетеді.Солардың бірі, Жіңішке ауылының тұрғыны Кенжебай Жакиев 2019 жылдың желтоқсан айында еркін жайылымдағы ірі қара малынан көз жазып қалады.  «Жасырмаймын, малым бақташысыз жайылады. Анда-санда сыртынан көз салып қарап қоямыз. Соның салдарынан болар, өткен жылы бір сиырым қолды болды. Ұрланған мүлкім табылар деген үмітім сөнсе де, аудандық ішкі істер бөліміне өтініш түсірдім.Дегенмен, құқық қорғау органдарынан ақпан айының соңында хабарласып, ұрлық жасаған  азаматты тапты. Полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз»,-дейді Кенжебек ағамыз қуанышын жасырмай.

Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғ.Жұмағазиев: «Ауылүлкен болғандықтан ауыл ішіндегі аналық ірі қара малға 4 бағытта күту ұйымдастырылуда. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындарға малдарын күтуге қосуға шақырды. Егер де көшеде, далада қараусыз, иесіз мал кезіксе айыппұл салынатыны ескертілді. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 4 млн және ауылшаруашылық тұтыну кооперативінен 1 млн теңге қаражат бөлініп, ветериналдық іс шараларды жүзеге асыратын кешен салынбақ. Сол кешеннің ішінде иесіз малға арналған айыппұл қоршауы болады. Өткен жылдары көше кезген малдың иесін тауып, малын алып кету үшінхабарлама берсек, ендігі кезекте бірден айыппұл қоршауына тапсыратын боламыз»,- дей келе, тұрғындар тарапынан малды қараусыз жіберу фактісі көптеп кездесетінін баяндады.

Бүгінде қазір мал тұрмақ, үйдегі иттің  де, мысықтың да төлқұжаты болу керек заман туды ғой. Сол секілді әр жануар бірыңғай база жүйесіне тіркеліп, сырғасы тағылып, таңбалануы тиіс.Талаптардың барлығы орындалғанда, ұрлық малды қалай саудалайды деген сұрақ туындайды. . Малын сатуға ниет білдірген мал егесі ветеринарлық станциядан ең алдымен  ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендеру дерекқоры (АЖБ)базасынан «Форма-2»  анықтамасыналып, одан ауылдық округ әкімшілігінің шаруашылық кітабынан растайтын құжатын алып, кейін сол құжатқа учаскелік полиция қызметкерлерінің рұқсаты қойылғанда ғана сатылымға шығара алады екен. Қорадағы малынан пайда көрем деп, адал еңбегіңімен баққан малыңды сату үшін мекеме жағалап, құжат жинап жүргенде, оңай олжаға дәніккен ұрылар ешбір құжатсызұрлап алған малыңды арзан бағаға бере салуы ішіңді қыжылдатары анық. Оның үстіне әлемдегі жағдайға байланысты, азық-түлік құны күннен күнге қымбаттағанда, нарықтағы еттің бағасы да өз алдына шарықтай түсуде. Осы орайда оңай жолмен олжалы болғысы келетіндердің де қатары артары сөзсіз. Сондықтан, барымташылардың көз тігуі өршіп тұрғанда жесем-тамақ, кисем-киім, мінсем-көлік деп тапқан малымыздан көз жазып қалмайық, ағайын!

Аман ІЗМҰХАН