25.03.2020, 11:08
Қараулар: 213
Ұрпақ жадындағы бейне

Ұрпақ жадындағы бейне

Осыдан  жетпіс жыл бұрын өткен қан майданның жаңғырығы халық жадында мәңгілік сақталып қалғаны сөзсіз. Сол жылдардың тірі куәгерлері, сұрапыл соғыстың ортасынан аман-есен оралған жандардың  да көзі бүгінде сирей бастады. Қайсыбір ауылдарда  майдангерлер туралы тек естелік қана айтылып, артында қалған ұрпақтары өнеге ретінде кейінгі толқынға қимастық сезіммен әңгіме өрбітеді.Сондай майдангердің бірі ауылдасымыз- Синап Мұрзағалиев. Бозбала жігіттің жасы әскер қатарына шақырылуға жеткен сәтте ол  Қостанай   облысының  Тарановск аудандық әскери комиссариаты  арқылы  әскерге  алынады. Әскер  қатарында үйрену-жаттығу  тезінен  өткен  Синап  елге  қайтуға  жиналып жүргенінде  аяқ  астынан  басталған  соғыс  оның  келешек күндерге  деген  арманының  бәрін  кейінге  шегеріп  тастайды. Сөйтіп өзі құралпы жастармен  бірге  жан алысып, жан беріскен  майдан  шебінен бір-ақ  шығады. Синап атамыз  1942  жылдың маусымына  дейін  16-шы  әуе  полкінде  моторист, 1944  жылдың маусымынан  1945 жылдың  ақпанына  дейін 3-ші  атқыштар дивизиясында  өзінің  Отан  алдындағы  борышына  қылау түсірмей, қаруластарымен бірге қас дұшпанды өз жеріне түре қуады.

Соғыс  аяқталған соң Синап Мырзағалиұлы 1945 жылдың ақпанынан 1946 жылдың маусымына дейін 2900-шы гвардиялық полкте  әскери  қызметте  болады. Елге 1946 жылдың 12 мамырында оралған ол келген соң да  қолын қусырып отырмай, еңбекке белсене араласады. 1973 жылға дейін Алмаз селосында мал дәрігері болып зейнетке жеткенше қызмет етеді.

Ауылдастарына сыйлы, өскелең ұрпаққа жүріп өткен жолы өнеге болған жауынгер отбасында да ардақты әке, адал жар бола білді. Екі рет жараланып, соғыста көрсеткен ерліктері үшін « Сталинградты қорғағаны үшін», «Праганы азат еткен үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған. Қан майданның қасіретін көріп, енді  соғыс болмасын деген ұлы тілекпен өмірден өткен Синаптай аталарымыздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Г. ИБРАГИМҚЫЗЫ

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар