23.03.2020, 11:04
Қараулар: 406
Менің атам майдангер

Менің атам майдангер

 Атам Балмекен Жұмағалиев  Ұлы Отан соғысының  ардагері, қазіргі  Батыс  Қазақстан обылысы  Шыңғырлау  ауданы, Жаңакүш ауылының тумасы.

 Атам  Орынбордағы әскери бөлімшеде бір айдай оқып атқыштар мектебін бітірген, сөйтіп 1941 жылдың қыркүйек айында  соғысқа аттанады. Орысша жақсы білетін, ширақ қазақ жігіті барған бетте мергендер тобын басқарған, тобында он екі-он үш адам болған. Күрделі тапсырмаларды орындап қауіп-қатерге басын тігіп, талай рет  ажалмен бетбе-бет келген. Қанды  ұрыс  кезінде ауыр жараланып,ес-түссіз госпитальге түседі. Жарақаты толық  жазылмай  қайтадан  қатарға қосылып Украина бағытындағы майданға алынады. Сталинград түбінде  үш  ай ұрысқа  қатысады. Днепр өзенінен өтіп бекініске қатысқаны үшін «Даңқ» ордені және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Сондай-ақ, Минск, Польша, Чехославакия жерлерін жаудан азат етіп, Германия жеріне кіріп, неміс армиясын тізе бүктіреді.

Соғыс аяқталса да майдангер атам екі айдай елге оралмастан, үкіметті қайта орнату мақсатында қызмет атқарып шілде-тамыз айында елге оралған. Соғыстан кейінгі елдің жағдайы тым ауыр болған. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Осының бәрі майданнан Жеңіспен оралған жауынгерлерге оңай болмаған.

Елдегі осындай жағдай атамның да қабырғасын майыстырады, білек сыбана ауылдағы жұмыстың қай қызметке де бел шеше араласып кетеді, шебер механизатор болып, егіс бригадасын да басқарған. Атамды колхоз-совхоз басшылары,қазағы бар, орысы бар, татары бар іш тартып, жауапты қызмет тапсырып, ел экономикасын көтеруге бірге ат салысады. Атамыздың майдан даласындағы ерлігін, елге келіп адал жасаған қызметін әрқашан мақтаныш сезіммен айтып, еске аламыз.

  Бүгінде біз, кейінгі ұрпаққа осы жарқын өмірді сыйлаған майдангер атамыздың ерлігіне тағзым етеміз.

                      шөбересі Гүлнәз ЖҰМАҒАЛИЕВА

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар