24.03.2020, 11:07
Қараулар: 297
Майдангер жүріп өткен жолдар

Майдангер жүріп өткен жолдар

Лубен ауылының тұрғыны болған Төлебай Құлпейісұлы Елемесовтің майдан даласында жүріп өткен жолы кім-кімге де үлгі өнеге, ғибрат.Әкесі кезінде көзі ашық, көпшіл адам болған. Бірақ сол жылдардағы солақай саясаттың құрбаны болу оның да маңдайына жазылған екен,  «халық жауы»  атанып кете барады.Әке атына тағылған жаладан артындағы жақын-жуықтары қанша қиындық көрсе де, ұрпағы әке атынан бас тартып көрмеген еді. Тұтқиылдан басталған  соғысқа елдегі дені сау, қолына қару ұстауға келетін барлық азаматтар өз еріктерімен майданға кетіп жатты.Төлебайдың жасы жетіп тұрса да «әкең халық жауы»  деп о баста  жолатпай, соғысқа алмай қояды. Кейін әкесінің кінәсіздігі дәлелденіп, 1943 жылы 20 қаңтарда әскерге кетеді. Осы күннен бастап Төлебай ағайдың майдан даласында елі үшін ойран салған, атойлап жауға арыстандай атылған , жеңіске жетелеген жауынгерлік жолы басталады. 1943 жылы Орынбор облысына қарасты Куйубянка деген стансада 45 запастағы атқыштар бригадасының  653 атқыштар полкының  І-ші жаттықтыру ротасында болады.  Содан кейін 12  запастағы атқыштар бригадасының 323 атқыштар полкында І және ІІ жаттықтыру ротасында, кейін 1983 нөмерлі зениттер полкінің 643 дивизиясының 3 батареясында наводчик ретінде 3 ай оқуда болады. Осындай үздіксіз жаттығулардан соң 1944 жылдың 10 қаңтарында майданға алынды. ІІ- ші Белорусь майданында маршал К.Рокоссовскийдің қолбасшылығымен Днепр маңында Батыс Украинадағы Невель қаласы үшін шайқасқа кіреді.Көпірлерді жаудың самолеттерінен қорғап, қиян-кескі ұрыстың ортасында жүреді. Өзінің ержүректілігімен, көзсіз батырлығымен қаруластары арасында ерекше көзге түскен оның беделі зор болған екен.

Жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының  керін жасап, Украина бендерлері елдің мазасын алып, бүлік шығаруды тоқтатпайды.Осы кезде жаумен жағаласа жүріп Төлебай  ағай ішкі жауды да жоюды мақсат ете отырып, кезекті бір шайқаста бендерлер полкінің командирін, штаб бастығын қолға түсіріп, құнды мәліметтер алуға тікелей үлес қосады. Қиян-кескі бір шайқаста полктің Қызыл Туына қауіп төнгеде, өз басын қатерге тіге отырып, отқа оранған машинадан секіріп түсіп, жалауды аман сақтап қалады. Жаудың  бомбалары көктен жерге толассыз төгіліп, осы ұрыста көптеген жауынгерлер қаза тауып, ал Төлебай ағай жарақат алады. Емделіп шыққан соң майдан даласына қайта оралып, Варшава қаласын азат етуге қатысады. Осы шайқастағы ерлігі үшін жоғары қолбасшының бұйрығымен алғыс алады.1944 жылы соғыс кезіндегі көрсеткен батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.  Жеңісті Берлинде қарсы алған Төлебай Құлпейісұлы  соғыстан 1947 жылдың көктемінде елге оралып,колхоздың қайнаған жұмысына араласып кетеді. Бөлім меңгерушілігінен бастап колхоз басқармасының орынбасарлығына дейін көтеріледі.  Мал шаруашылығының қыр-сырын меңгерген,  озық маман ретінде танылып, көптеген марапаттар алып, ауыл-елдің құрметіне бөленеді.

Тың игеру кезінде де Төлебай ағай  алғы шептен көрініп, астықтан мол өнім алуда өзінің күш-жігерін аямады. Жұбайы Ақсұлу апай екеуі 13 ұл-қыз өсіріп, өмірден өз орындарын табуға әкелік үлесін қосты. «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысы», «Жеңістің 20 жылдығы», «Жеңістің 30 жылдығы», « Совет әскері Қарулы Күштерінің құрылғанына 50 жыл», «Неміс фашисттерін жеңгені үшін»,  «Тың  жерлерді игеру», «Кеңес Одағының  маршалы Г.Жуков» сынды орден-медальдардың иегері Төлебай Елемесовтің өмір жолы лубендіктер үшін әрдайым мәңгілік мақтаныш болып қала бермек.

Гүлім ШЫНТАС

 

 

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар