9.05.2020, 11:40
Қараулар: 257
            Жақсының аты өлмейді

            Жақсының аты өлмейді

Бахыт Меңдіғалиев Шыңғырлау ауданының Мырзағара ауылы, Киров селолық советіне қарасты Егінші колхозында дүниеге келген. Есейіп, ержеткен жігіт жұмысқа араласып, қоғамның белді бір тұлғасына айнала бастағанда кенеттен сұм соғыс басталып, ол да көптің бірі болып, қолына қару алып, майданға аттанады. Б.Меңдіғалиев 15-ші запастағы атқыштар полкінің 3-ші атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. Талай майдан күндерін басынан өткерген  Бахыт қаруластарымен бірге жауға тойтарыс беріп, көптеген елді мекендерді басқыншылардан азат етті. Жауды түре қуған шайқастардың бірінде ауыр жарақаттанған Б.Меңдіғалиевқа госпитальда ота жасалып, сол жая аяғы қара санынан кесіледі. Балдаққа сүйеніп, елге қайтқан жас жігіт ауыл шаруашылығын көтеру, мал басын көбейту сынды 1947 жылы совет үкіметі шығарған қаулыны басшылыққа алып еңбекке араласады.Осы тұста соғыс, қиындық көріп, ысылып келген оған Егінші колхозына басқарма болуға ұсыныс түседі. Үлкен жауапкершілік, елдің сенімі оның өз ісіне одан әрмен байыпты, ұстамды да іскер болуын талап еткендей еді. Ауылдағы қолы іске  епті жандарға қарайласып, наубайханаға ашуға мұрындық болып, еңбек адамдарына барлық жағдайды жасайды. Тұрғындар үшін аса қажет моншаның үздіксіз жұмыс істеуін қадағалайды. Өз денсаулығын екінші кезекке ысырып қойып, егіс даласынан да, шабындықтан да табылатын Бахыттың жанкештілігі ауылдастарын қатты тәнті етіп, олардың жүрдім-бардым жұмыс істеулеріне тосқауыл қойғандай еді. Бітік шыққан астықты ысырапсыз қамбаға құйып алған кездер оның көзін көре қалған жандардың әлі жадында. Осы тұста да басқарма шаруа жандардың қасынан табылып, қажет жерде қол көмегін де беріп жүрген екен.

«Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған Б.Меңдіғалиевтың адамгершілігі мен қарапайым мінезі есінде қалғандар кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие ретінде айта жүруден жалыққан емес. Бахыт майдангер артына өнегелі де тәлімді ұрпақ қалдырды. Олар қайсар да қарапайым әкелерін әрдайым үлгі тұтып, жеңіс күнінде әке рухына тағзым ету үшін жан-жақтан жиналып, әке шаңырағында бас қосып келеді. Иә, үлгі тұтар өткенің болса, ғибрат алар ұрпақ табылары сөзсіз.

ГүлшатБОТАНОВА

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар