13.08.2020, 16:13
Қараулар: 143
 Әр нәрсенің мөлшерін білейік

 Әр нәрсенің мөлшерін білейік

Дүние жүзін індет жайлаған кезде сырқаттанған жұртшылық дәрігер белгілеп берген ем-домнан бөлек  халқымыздың сан ғасырлық емделу шараларын да қолданып жатты. Бірі құйрық майды ерітіп кеуделеріне жақса, бірі бауырды  шалалай пісіріп асауда. Енді бірі шөптерден тұндырма жасап ішуде. Осы кезде ел арасында зімбір мен лимонның, ақжелектің (хрен) бұл дерттің бетін қайтаруға деген септігі мол екен деген сыбыр тарасымен дүкен сөрелеріндегі бұл дәрумендердің бағасы көкке ұшты да кетті. Келісі мың теңгенің ар жақ бер жағына барған оны қалтасы көтеретіндер болмаса кім алсын, амал жоқ сатушылар да ақырын бағасын түсірді.

Қай ауруға шалдықса да адамға алдымен иммунитетті көтеру маңызды, ал осы жолда зімбірдің қаншалықты пайдасы бар-жоғы туралы аудандық аурухананың онколог маманы Жұбаныш Хамидуллиннен сұрап, өзінің дәрігерлік кеңесімен бөлісуді өтіндік.

— Шын мәнісінде зімбір тамырының пайдасы зор. Лимон мен зімбір ең тамаша антисептик,-дейді Жұбаныш Сисенғазыұлы.-Ол қанды тазалайды, суықтау мен қабынуға қарсы күреседі. Иммунитетті күшейтеді. Емдік қуаты жөнінен зімбір мен бал аралас шай, сарымсақпен тең. Ал салыстырғанда дәмі мен иісі жағымды, витаминге бай. Зімбір тамырында кальций, алюминий, хром, темір, магний, никотин қышқылы, фосфор, кремний, калий, С витамині бар.

Зімбір мен бал суықтау мен жұқпалы респираторлы инфекцияны әлсіретеді. Жұқпаларға қарсы мынадай шәй құрамы пайдалы. Шамамен 2,5 сантиметр болатын зімбір тамырын жуып-тазалап, өзіңізге ыңғайлы етіп тураңыз. Оған 2 стакан (200 грамдық) су құйыңыз. Оны 10-15  минут қайнатады. 10 минут тұндырып, сүзіп алады. Қалауыңызша бал, лимон қосып, шай орнына ішуге болады. Тағы бір емдік рецепт бар: 100 грамм зімбір тамырын ұсақтап турап, 2 дана лимонды еттартқыштан өткізіңіз. Екеуін араластырып, оған 100-150 грамм бал қосады. Дайын ботқаны шыны ыдыспен тоңазытқышта сақтауға болады. Оны күніне 3-4 рет 1 стакан қайнаған жылы суға 1 ас қасықтан қосып ішеді. Иммунитетті көтеруде, әлсіздікті жеңуде, қарт кісілер мен балалар үшін зімбір шайынан гөрі осы әдіс тиімді.

Зімбірдің тағы бір пайдасы ол суықтаудан сақтайды екен. Ол үшін былайша дайындаған жөн: эмаль ыдысқа 2 ас қасық көк шай жапырағын салып, 1 литр қайнаған су құйыңыз. 3-5 минуттан соң жапырақтарды сүзіп алып тастайсыз. Шамамен 10 сантиметрдей болатын зімбірді қабығын аршып, осы шай үстіне турап салады. Оған 2 дана қалампыр (гвоздика, дәріханалық болсын), жарты ас қасық корица қосады.

Ыдысты өте баяу отта жарты сағат қайнатады. Сосын жарты лимонның шырынын сығып және 8 ас қасық бал қосып, ыдысты жылы орап қояды. Жарты сағаттан кейін емдік тұнба әзір болады. Мұрын пысылдап, тамақ жыбырлап, бас ауырып, суықтау, әлсіздік, тұмау­рату белгілерінде, құрғақ жөтел кезінде жылы күйінде жарты стаканнан, күніне 3-4 рет ішу керек.

Емделумен қатар оның мөлшерін де біле жүрген жөн дейді дәрігер. Оны тамаққа жүйелі түрде қолданса асқазан сөлін қалыптастырады, ас қорытуды жақсартады. Бірақ зімбірдің қарсы көрсетілімі мен жағымсыз әсері де бар. Оны асқазан жарасы және гастрит кезінде, жүрек ауруларынан зардап шегетіндерге қолданудың қажеті жоқ. Он екі елі ішекте жара болса, тағамды сыртқа шығарып, құсу болса, өтте тас түйіршігі жиналса, температура жоғарыласа кері әсері байқалуы мүмкін. Сондықтан да қай нәрсені де өз бетіңізбен қолданбас бұрын дәрігердің кеңесіне құлақ түріп, белгілі нұсқау шеңберінде әрекет еткен жөн дейді маман. Ендеше, қай нәрсенің пайдасы болса да өз ағзамызға құлақ түріп, дәрігердің кеңесіне жүгініп, артық қылам деп тыртық қылып алмауға тырысайық.

Назым АЙҚЫН