6.05.2020, 18:07
Қараулар: 203
Тазалық өзімізден басталсын

Тазалық өзімізден басталсын

Көктем келіп, жер аяғы кеңейісімен жылда ауданымызда бірден сенбіліктер басталатын. Биыл еліміздегі жағдайға байланысты көпшілік сенбіліктер ұйымдастырылмаса да, тұрғындар үй-айналасын күл-қоқыстан жинап жатқандары байқалады. Дегенмен, осы жиналған қоқысты әркім қапшыққа салып көше бойына немесе контейнерлердің айналасына үйіп-төгуде. 

Жерлестерімізді тазалыққа үндеу мақсатымен ауылдық округ тарапынан 2017 жылы 100 дана қоқыс салатын контейнер, 20 дана пластикалық шөлмек қалдықтарын салатын торлы контейнер алынып, аудан орталығында 30 жерге тормен қоршалып орнатылды. Кейін бір жылдан кейін тағы да қосымша 50 қоқыс салатын жабық контейнер мен 20 дана пластикалық шөлмек қалдықтарына арналған қоқыс жәшіктері қойылғантұғын.

Бүгінде көше бойлап, әдемі қоршаумен қоршалып орнатылған кей қоқыс жәшіктерінің іші де, айналасы да қоқыстан шашылып жатқанын көреміз. Орталықтағы бас көшелерде контейнерлер уақылыты тазартылғанымен, шет жақ көшелердің айналасынан полиэтиленді пакеттер, қалбырлар мен бөтелке шыныларын, тұрмыстық заттардың түр-түрін, тіпті малдың да терісін кезіктіре аласыз. «Үш мәрте қоқыс шығаратын жеке кәсіпкермен келісім-шартқа отырып, халыққа аудандық маслихаттың шешімімен бекітілген бағаға қоқыс шығаруды ұйымдастырдық. Бірақ, тұрғындар акшасын төлемей, тегін шығарғысы келеді. Бұдан жеке кәсіпкерлер шығынға ұшырап, жұмыс нәтиже бермеді. Биыл да осы бағытта қайта жұмыстанамыз»,-дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғ.Жұмағазиев.

Кей тұрғындар жылда ұйымдастырылатын сенбіліктерге сеніп қалған ба деген ой келеді. Өйткені, аула маңы қоқыстан аяқ алғысыз. Марат есімді ауыл тұрғыны: «Айналамызды таза ұстауға тырысамыз. Бірақ көршілеріміз жинауға салғырт қарағандықтан, бізге қайта-қайта қағаз, полиэтилен пакеттер ұшып келе береді. Өз басым тұрмыстық қалдықтарды ешқайда шығармаймын, жуынды құсқа, малға кетсе, өртенетін қоқыстар моншаның отына кетеді» деп өз ренішін білдірді. Жалпы, өткен жылы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің №434 «Ұсақ бұзақылық» бабына сәйкес көшеде қоқыс тастағаны үшін  58 жеке тұлғаға  әкімшілік хаттама толтырылған. Ал,осы Кодекстің 505-бабы бойынша үй маңына қоқыс қалдықтарын тастағаны үшін 158 әкімшілік хаттама толтырылып, тұрғындарға ескерту берілгендігін айтады полиция қызметкерлері.

Негізінде, кеңестік кездегідей қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жаратса, бұндай көріністер аз болар ма еді. Шыны, әйнек өнімдерін бөлек, пластика өнімдерін бір бөлек, қағаздарды бір бөлік тапсырса, көшеден аталған дүниелерді таппас едік. Есесіне, көшеміз де, табиғатымыз да таза болмас па еді?!

«Тазалық — иманның жартысы» демекші, алдымызда қасиетті Рамазан айы келе жатқанда жан тазалығымен қатар, қоғам тазалығын да ұмытпайық!

Аман ІЗМҰХАН