9.10.2019, 18:09
Қараулар: 12
    Толассыз жаңбыр жауған түн

    Толассыз жаңбыр жауған түн

— Апа, мен кітап жазғым келеді, — дейді үлкен көздерін төңкере қарап. Бұл оның толқыған сәттеріндегі әлпеті.

— Бәрекелді, сіңлім! Бірақ ол кез-келген адамның қолынан келе бермейді, бұны әбден ойланып алып айттың ба, қарағым? — дедім сұраулы жүзбен. Әп-сәтте жарқыраған жүзі солғын тартып, көздеріне мұң толды.Терезеге жақындап, үнсіз  тұрып қалды. Терезенің арғы жағында жаңбыр құйып тұр, оның жаңбырды көрсе жаны жабырқайтынын білетінбіз. Осындай жаңбырлы түн оның тағдырын мүлдем өзгертіп, бақытын бір сәтте шайып кеткендей оқиға орын алған еді. « Қайтейін, апа, іштегі жалын отымды басып, сағынышымды, өзегімді өртеген өкінішімді қағазға түсірсем деймін. Сәл де болса жаным тыныш табар ма, бәлкім? Жан-жарымнан осылай кешірім сұрағым келеді. Әрі өзгелер осындай орны толмас қателікті қайталамасын деймін ғой» — деп Сара ауыр күрсінді.

Келіншек әңгімесін бастады…

Өзі қалалық. Балалық шағы қиындау өткен. Жастық шағы да қара ала жолақтан тұратындай. Оның бәріне өзі себепші. Мектепті  бітірер — бітірместен ғашық болған жігітімен көңіл қосады. Кеш болса қол ұстасып қыдыру, ойын-сауық орындарына бару, өкшесі ауырғанша билеуден басқа ешнәрсе ойламапты. Өмірдің өзі осы екен, қызық пен шаттыққа толы, осылай өте береді деп ойлапты. Бір күні жігіті басқамен кетеді.Соққы жалғыз бұл емес еді. Дәрігер іштегі баланың егіз екендігін айтқанда  Сара есін жия алмай қалады. Өз — өзіне қол жұмсауға бел буған, бірақ, көрер жарығы бар екен, туысы байқап,  әйтеуір  аман алып қалады.

Көп ұзамай егіздер дүниеге келеді. Бір қуаныш, бір үміт алма кезек Сараны мың өзгертеді. Күн артынан күн, айлар, жыл өтіп, сәбилері  былдырлай бастасымен Сара балаларға күтуші алады. Өзі жақын маңдағы дәмханаға даяшы болып орналасады. Міне сол жерде ең алғашқы рет өмірлік жолдасым болады-ау деген жанды кездестіреді.

Сараның айтуынша бір күні дәмханада ауылдан келген бір топ ер адамдар тамақтанады. Біршама уақыттан соң сол жігіттердің бірі әлем-жәлем болып қайта жүгіріп кіреді. Асығып-аптығып, бір  бума  құжат-қағаздарын жоғалтқанын айта бастайды.

Сол-ақ екен жаңа ғана үстелдерді сүртіп болып, ас дайындайтын бөлмеге бұрылған Сараның қолынан шап етіп ұстап алып, жалынады. «Құжаттарымды, ғылыми еңбектерімді осында ұмытып кетіппін, көмектесіңіз қарындас, барлық жерден іздедім, таба алмадым. Мүмкін осында ұмытқан шығармын» — дейді  жігіт шыр-пыр етіп.  Сұрастыра келе,  бір бума қағаз және  қара папка осы жердің меңгерушісінің алдынан табылады. Жігіт болса ризашылығын  қалай жеткізерін білмей әлек. Арсалаңдап аппақ тістерін көрсетіп, күле береді. Кете де қоймайды. Сара енді ғана  оның бет-жүзіне қарап, оның келбетті екендігін байқайды. Көздері қап-қара, күн қаққан кескіні ауылдың жігіті екенін айтып тұр. Қою қабақты, қыр мұрынды Асқар өзінің бір ауданда агроном екендігін, әрі ғылыми еңбек жазып жүргендігін айтады. Аузын ашса жүрегі көрініп тұрған жігіттің басы бос, ата-анасының жалғыз ұлы екенін де сол жерде жеткізеді.

Сол күннен бастап  Асқар  дәмханаға жиі келетін болады. Енді ешкімге сенбеймін деген Сараның жүрегі   шын бақытың осы — Асқар деп соғатын болды. Күндер өте береді. Бірге жүріп, бірге тұрып, енді тағдырларын бір арнаға түсіретін күнде жетеді.Бірақ, бір емес екі балалы әйелді аламын дегені несі деп алыс ауылдағы тума-туыс наразылық білдірсе,ата-ана үнсіз қобалжиды. Екі жас болса көңілдері жалау, жүректері шаттыққа толып, мына өмірде өздерінен басқа ешкім жоқтай сезінеді.

Иә, мынау дүниеде әлі де алшаң басып жүрер еді.Тек  алғашқы қиындықтар кімнің -кім екендігін дәлелдей бастайды. Сара ауылда тұрмайтынын бірден кесіп айтады. Ата-ана қоғадай жапырылып, оларға қаланың ортасынан уақытша пәтер жалдап береді. Амал нешік, қиындық мұнымен де бітпейді.Балаларды анда-мында тасып жүріп,  бір жылды артқа тастағандарын байқамапты. Ал отбасын құрған соң туған ауылдан, ата-анадан бөлініп, қалаға біржола келген Асқардың жағдайы мүлдем нашарлайды. Ғылыми еңбек жайына қалады. Күнделікті ас — суға жететін  қаражат табам деп  қатты қиналады. Біршама жұмыстың басын қайтарып, ең соңында тіпті әбіржи бастайды. Ал, жұмысқа күндіз кетіп, түн ортасында бір  келетін  Сараның табысы, әрине, қайда тартса да жетпейді.

Өмір болса өтіп жатыр, бұрынғы «күнім», «жарығым» деген сөздердің орнына  ауыздарынан «ақша қайда, несие неге төлемедің ?» деген сұрақтар ғана шығатын болады.

Сондағы ыстық сезім қайда кетті десеңші! Бір күні нағашы апасы іздеп келеді. Күн көріс бар деп көрші облыс, оның түкпіріндегі алыс  ауылға әкетеді.

Айтқандай-ақ, жолдасы мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Жұмыс, оның үстіне қолының шеберлігі бар, аны — мұны шаруалар  жасайды. Күндер тағы  жылжып өте берді.  Екі сәбиді Асқар әбден бауырына басқан. Амал нешік, өмірлері мүмкін шуақты болар ма еді кім білген. Тек…. сол бір апта жауған толассыз жаңбыр өмірлерін түбегейлі өзгертпегенде ғой…

Қайғылы оқиға орын алардан бұрын қара жаңбыр тоқтамастан бір апта  жауған. Уақыт — көктем. Әшейінде көгілдір көктемге қуанатын, жылы жаңбырын сағынатын  ауыл адамдарына да  бұл бір апта өте ауыр болған. Мал біткен қораға тығылып, қора-қопсы суға толып, үй-жайды сел ағызып, тасқын су әбден берекетті алған. Ал далалықта егін екпек түгілі, қыр басына аттап шығу мұң болған. Жолдасы мол жаңбырдың кесірінен жұмысқа шықпай үйде отырып қалады. Қол аяғы байланып, мешел адамдай үйде күн кешкен күндер екен. Жұмыс  жүрмейді, қаражат жоқ, жағдайлары нашарлайды. Ата-анасынан сұрауға екеуінде де бет жоқ. Үйде ұрыс-керіс көбейіп, әбден берекеттері кеткен. Басу айтар ешкім жоқ, ақылға келер бұлар жоқ. Мүшкіл жағдайларына күн ұзаққа тек бір-бірін кінәлаудан басқа ештеңе білмепті. Таң атысымен керіс басталып, қараңғы түсе шаршап барып, бастары көпшікке тиіп жүріпті. Жаңбыр да, жұбайлардың ашулары да  бір толастамай бір аптаға созылыпты. «Азаматсың ба, бізді асырау сенің міндетің!» — деп Сара жер тепсінеді. «Жат жерге сүйреп нең бар еді, сол жердегі жұмысымнан айырдың. Ата-анамнан, өскен ортамнан, жолдастарымнан бөлек әкеткендегі сенің тапқан жерің осы ма?» -деп  жолдасы Асқар ышқынады.

Жетінші күн дегенде жаңбыр толастапты. Таң алдында сыртқа шыққан Сара әшейінде аңқиып ашық тұратын қораның есігінің жабық тұрғанынан секем алады. Жақындап барып тартып қараса, іштен ілулі!Есікті сындырып, ішке кірсе алдарында серейіп, Асқарының денесі тұрады. Міне, оқиға осылай болған. Одан арғысын тыңдаудың өзі қиын. Аңтарылған көрші-көлем. Жылаған балалар. Ес-түссіз құлай берген Сараның басын сүйейтін көрші кемпір ғана арасында дауысын көтеріп, айналадағыларға бұйрық беріп, сабырға шақырады.

Санасы сансырап, не істеп, не қоюға білмей отырған Сараның жағдайы елден ата-енесі келгенде тіптен мүшкіл болады. «Жарығым-ай, қарағым-ай, бізді қайда тастап барсың-ай?» деп аңырап келген ананың жоқтауы бүткіл ауылдың жүрегін шымырлатып, жыламаған кісі қалмайды. Жылайын десе жас шықпай, айқайлайын десе дыбысы шықпай қиналған Сара үшін бұл сағаттар бейне бір тозақ өртінен кем болмаған шығар, сірә! Сұлық жатса да миына небір ойлар, небір естеліктер оралады. Қаладан көшіп кетерде қайын енесінің айтқаны  есінде. «Қарағым жалғыз ұлым сен дегенде ішер асын жерге қояды. Екі ұлыңа әке болам деп отыр. Қайтейін қарағым, бақытты бол деуден басқа амалым жоқ. Тек көз алдымнан соншама алысқа әкетем деуіңе қарсымын. Әлі де ойланып, ақылға салшы, қасымызда жүрсеңдер қайтеді!»- деп жалынғаны, ал бұл: «Жоқ!» -деп келте қайтарғаны қайталап  ойға оралды. Айтқаны келді. Енді Асқар оралмайды. Қастарында жүрмейді.Тек көз алдында бір ғана көрініс-жаңбырдан кейінгі өлі тыныштық және қора төрінде  асылған  жолдасы.

Міне, енді Асқары жоқ. Жақында бастарына баспана алды. Балалар өсіп келеді. Тек жаңбыр жауған сайын есіне Асқары  түсіп, жанын қоярға жер таба алмай Сара жүр. Әрбір жауған жазғы жаңбыр, оның есіне Асқардай азаматтың болғанын, сүйген жанның қадіріне жетпегенін, қайталап еске түсіретін болды. Қанша рет ойланса да неге сонша ренжістік деген сауал миынан шықпай қойды. Сәл болса да мінезін өзгертіп, әйел болып, неге түсіністік танытпадым, неге оны сол бір қиын күндерде қолдамадым  деген өкініш өзегін жеп келеді. Өмір деген үлкен  теңізде осындай өкінішті арқалап жүзу қандай қиын. Ал ол малтып, қиналып жүзіп келеді. Енді Асқарсыз,тек балалары үшін өмір сүріп келеді.

 

  Айсұлу Амангелдіқызы