9.10.2019, 18:05
Қараулар: 317
Әсері мен пайдасы көп болды

Әсері мен пайдасы көп болды

   Елбасының  халқына арнаған Жолдауында айтылғандай басты назар  әсіресе ауыл тұрғындарына  аударылып отырғаны белгілі.  Ауылда отырған халықтың өз-өздерін жұмыспен қамтып, жеке  бизнес көздерін ашып, табыс  табуға  мол мүмкіндік бар деген болатын. Жақында  ауылымыздың әйелдер жамағатымен аудандық ішкі саясат бөлім басшысы  Эльмира Тағаниязова және әйелдер қоғамының төрайымы  Айсұлу Арыстанова  жиын өткізді. Әйелдердің  ауылдағы  жағдайларын сұрап біліп, олардың  пікірлері мен талап-тілектерін де тыңдады. Осы жиында аналар кеңесінің жұмысы  түсіндірілді.  Әйелдердің талап- тілектері де тыңдалған болатын. Ал тілге тиек болған әйелдер өтініштерінің бірі — ауылда сұлулық салонының жоқтығы .

  Осы  өтінішке орай, әрі  әйелдер қоғамының жұмыс жоспарына сәйкес жақында Алмаз ауылында шара өтті.  «Сұлулыққа арналған бір күн» атты шарада  қыз-келіншектердің басы қосылып, оларға   өз кәсіпкерлігін  ашу жолдары, үйде отырып табыс табу көздерін қарастыру туралы түсіндірілді.

  Ал тәжірибе ретінде аталмыш шарада бет әрлеу, сәндеп шаш қию, кірпік қондырудан шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Бизнеске бет бұрғандықтан өзім де  бұл күні ауылдастарым алдында жылдам жасалатын салат түрлерінен шеберлік сағатын көрсетіп, өз тәжірибемді ұсындым. Нәтижесінде ауылдастарымның ризашылығын алдым. Енді бұдан кейін де оларға өзім сабақ ұйымдастыратын боламын.

  Ауылдастарымның атынан айтарым, алыс ауылдар үшін бұл күн ерекше күн болғаны рас.  Әдемі де әсерлі кездесумен бірге өткізілген шеберлік сабақтарының біз үшін берері көп болды.  Әрі ойымызға ой қосып, біріміз шаштараз қызметін, ал енді біріміз тойхана ашып өз бизнесімізді бастамақпын. Қазіргі таңда  «Бизнес -бастау» курсынан өтудемін. Әйелдердің қолынан келмейтін іс жоқ, тек ынта мен еңбек керек демекпін.

                                    Сәуле Ашенова,

 Алмаз ауылының тұрғыны

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар