9.10.2019, 18:03
Қараулар: 851
Жеке аула шаруашылығын дамытуда

Жеке аула шаруашылығын дамытуда

Аудан орталығындағы  М.Өтемісов  көшесінде  Қасымбаевтар отбасы қоныс тепкен. Ауласына кірсеңіз ауылдың  иісі шығып тұрған қазақи тірлікті көресіз. Бұл аулада  жал құйрығы келіскен жылқы малы,  оншақты ірі қара, ешкі мен қой да бар. Аулада қысқы мал азығы жиылған. Шаруа отағасы күнделікті тірлікпен қоса, бизнесін осы жеке  шараушылығынан тапқан. Ауланың ортасында  саман тас соғып әлсін-ауық сатылымға шығарып отырады. Жыл сайын үйрек-қазды асырап, оның етін өндіру де  жылдағы жұмыстары.

Отағасы  Асхат, жұбайы — Ләззат осы жердің қызы. Жастайынан әке-шешесінен көрген-білгендерін осы өмірде пайдаға асырып, жеке шаруашылықтарын мығым ұстап келеді.

2005 жылдан бастап осы аумақтан үй алып,  жеке аула өнімінен қаражат жасап отыр. Әрі бақуатты өмір сүріп, ұл-қыздарын жоғары оқу орындарында оқытып отырған жайлары бар. Малдың өнімін пайдаланып әрі  сатып, пұл қылуға машықтанған. Оның үстіне  бұл үйді көпшілігі қымыз өндіруші кәсіпкер ретінде таниды. Білетіндер қымыз, саумал алуға үнемі осы үйге  келеді.

Ерте тұрып, ала таңнан бие мен сиыр сауып, құс жайып күнделікті тірліктерін жалғастыратын  Қасымбаевтар бүгінде отыз шақты тұрғынды  қымызбен  және  онға тарта адамдарды  саумалмен қамтып отыр.Тұрақты  тапсырыс берушілермен қатар, той, құдалықтың кезінде  мол көлемде қымыз алушыларымен алдын-ала келісіп отыратынын айтады Асхат.

 Айсұлу Муса