9.10.2019, 18:01
Қараулар: 667
300 қаз өсірсең-3 000 000 теңге қалтада

300 қаз өсірсең-3 000 000 теңге қалтада

Президент Қ.Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында айтып өткендей, елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары  жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті қоғам болып қолдауымыз қажет. Ауыл аймақта жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы өзін-өзі жұмыспен қамту. Ол үшін ауылдағы барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, соның ішінде  мал, құс өсіруге ден қойғанда ғана ауыл әлеуеті көтерілмек.

Сөзімізге мысал — Ұрысай ауылындағы  Есқазиевтар отбасы  соңғы жылдары  құс өсіруді мықтап қолға алған. «Бизнесіміз осы. Ауылда жердің кеңдігі, көк шөптің көптігі құс өсіруге  үлкен демеу. Өсірген малың, құсың да күз болғанда кәдімігі пайда көзі. Әрі өзің тұтынатын өнім, әрі қаражат болмақ. Жарқырап жатқан жол, өз көлігіңмен мына тұрған аудан орталығына немесе Ақсай шаһарына  өткізсең қып-қызыл ақша», — дейді  ауыл шетінде қаз жайып жүрген Айнұр. Жолдасы Серік екеуі  қаздың балапандарын көктемде  «Газель»  автокөлігімен көршілес Ресейден  әкелген.Төмен бағамен алғанымен, келгенше шығыны біраз болған. Аз уақыт арнайы күтімде ұстап, сосын барып далаға жіберген. Соның өзінде ит-кұстан қорғап, біршама қарайлап отырмаса болмайды дейді. Балапан кезінде  қарға, сауысқан  тыным бермесе, өсе келе  қарақұстардың өзі біршама салмақ қосқан балапан қаздың өзін аспанға көтеріп әкеткен кездері болған. Кешкі уақытта оларды түгендеп, қой секілді аулаға қамайды. Айта кеткен жөн, шаруа отбасы қазбен қоса  үйрек, күркетауықты да  бағымға алған.

Есқазиевтер жыл сайын жеке аула шараушылығынан өндірген өнімін, сауда орталықтарына өткізетінін білдік. Биылғы жылы да Ақсай қаласындағы мейрамханамен  алдын ала келісім бойынша  әр килосын екі мың теңгеден 300 қазды сатуды шешкен.  Отағасы Серік Есқазив Шыңғырлау  ауылының тұрғындарының жеке малын бағады. Арасында  үйдегі құстарды қарасып, жұбайына көмек етеді. Қолы боста ауыл мен шыңғырлаудың ортасында өз көлігімен жүргінші тасиды. Бала оқытып, қыз ұзатқан отбасы. Өзгелер сиықты  ауылда жұмыс жоқ деп өзеуремей, керісінше қолдары жұмыстан босамай отырған жанұя.

 

 Айсұлу Арыстанова