1.10.2019, 12:10
Қараулар: 67
Жастарға арналған жоба

Жастарға арналған жоба

Ауданымызда «Жастар жылы» аясында үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап аудан әкімінің қолдауымен «Әзіл базары» жобасы жүзеге асырылып келеді.
Бұл жобаның басты мақсаты-қазіргі жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, өнерге, көшбасшылыққа баулу және тілді дамытып, ой — қабілеттерін жетілдіру.
Бастау алған «Әзіл базары» жобасының мектепшілік финалдық ойыны 30 қыркүйек  күні аудандық  мәдениет үйінде өтті.
Ойынға  «Қарағаш жастары» (Қарағаш ауылы), «Папасының қыздары», (Ақшат ауылы), «Из 90» (Ащысай), «Жарық жұлдыздар» (Ащысай), «Ұнамаса қарама» (Шыңғырлау мектебі), «Қылышев фа-соль-де –рі» (Л. Қылышев) командалары қатысып, бақтарын сынады.
Ойында «Мен жастарға сенемін» тақырыбына сай әзілдерді барынша шынайылықпен жеткізу, тақырыпты сәлемдесуде аша білу, сахна мәдениеті, музыка үндестігі, сахнада өзін- өзі ұстауы, еркін ойнауы, микрофонмен жұмыс жасауы сыналды.
Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен  І орын және «Әзіл базары» кубогін «Қылышев фа- соль- де- рі» құрамасы , ІІ орынды «Ұнамаса қарама» және  «Папасының қыздары», ІІІ орынды «Из 90», «Жарық жұлдыздар» және «Қарағаш жастары» құрамалары иеленді.  Ойын барысында үздік сәлемдесуімен «Қарағаш жастары» командасы ерекшеленсе, «Бір әуен аясында» сынағынан «Из 90» командасы сүрінбей өтті. Ойын барысында актерлық шеберлігімен көзге түскен Мейрамбай Дәулет «Үздік ойыншы» аталымымен марапатталды.

 

Айбек Абаков,

аудандық мәдени демалыс олртылығы директорының орынбасары