18.09.2019, 17:18
Қараулар: 254
Күз кереметін айшықтаған байқау

Күз кереметін айшықтаған байқау

Күз айы — береке мен ырыстың символы. Сонымен қатар әсем табиғатымыз  алуан түрлі бояуға, қырман астыққа,  бау-бақша  өнімге  толар шақ. Күз айы  талай ақынның өлеңіне, жазушының шығармасына арқау болар сырлы сезімге  толы  табиғаттың бір мезгілі. Міне, осы кезеңді  шығармашылық ізденіспен ұштастырған Шыңғырлау аудандық кітапхана  қызметкерлері күз айының ерекшеліктерін  көрсеткен  мерекелік байқау  ұйымдастырды. Оған мұрындық болған орталық кітапхананың  кәсіподақ төрайымы Гүлнәр Вагапова. Кітапханашылар  бұл  шарада өздерінің бар өнерлерін салды. Күз, гүл, жеміс-жидек пен күз ерекшеліктері туралы талай әдебиеттермен жете таныс екендіктерін көрсетті.  «Күзгі өнімдер және гүлдер»  байқауында  кітапханашылар күз туралы өлең  жырларын оқып, гитараға қосылып, ән де шырқап берді. Гүл туралы көптеген мағлұматтар жинақталып, оқылса, ал әсем бөлмелерде табиғаттың өзі тудырған және  кітапханашылардың шебер қолдарымен жасалған  талай дүниелер көздің жауын алды. «Біздің қызметкерлеріміз қандай шараға да үлкен жауапкершілікпен ат салысады. Ал бүгінгі  мерекелік байқау оларға шығармашылық  ізденіспен бірге  мереке, шаттық сыйлағаны шындық. Өздері де гүлге оранып, күз композициясына арналған көрмелері бірінен-бірі өтеді.  Айта кету жөн, қызметкерлердің жұмыс істеп, жан-жақты дамуына, заман талабынан шығуына  бізде барлық жағдай жасалған. Жаңа әдебиеттермен толықтыру, материалдық-техникалық базамен жасақталуымен қатар интернет желісін қолдану аясы молайды. Ал бұл шара кітапханашыларға әсемдік әлеміне саяхат секілді әдемі әсер сыйлады.  Гүл және жапырақтан, көкөніс, жемістен жасалған экслюзив мүсіндер көздің жауын алды», -дейді кітапхана директоры Гүлсім Қуанаева.

Байқауға жан — жақты әзірленген төрт бөлімнің ішінде  кітаптарды толықтыру және өңдеу бөлімі  озық шығып, кәсіподақ комитетінің дипломы мен бағалы сыйлығын алды.

  Айсұлу Муса