18.09.2019, 17:16
Қараулар: 365
Қазбадан табылғанның бәрі құнды

Қазбадан табылғанның бәрі құнды

Бағзыдан сыр тартып, баян берген көнекөз жәдігерлер ордасына айналған Шыңғырлау жерінің «Көне Сегізсай қорғандары» маңында тағы да кезекті археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмысты БҚО инновациялық-технологиялық университетінің тарих факультеті, ІІ курс студенттерінен құралған экспедициялық топ жүргізуде. Топ жетекешісі тарих ғылымдарының кандидаты, аталмыш жоғары оқу орнының оқытушысы М.Д.Қалменов мырза. Бүгінгі таңда кезекті бір оба қазылып, зерттелуде. Жалпы бұған дейін қазылған обалар бұл өңірді заманында сармат тайпаларының құтты қоныс, атамекені еткенін меңзейді. Сол дәуірлерде жауынгерлігімен ықтырып, айбынымен қорқытқан жұлдызы жоғары мемлекеттің өмір-тіршілігі, салт-жорасы мен таным-түсінігі осы обалар мен қорғандарда көрініс тапқан.

Сарматтар — мал тісіне ерген көшпенді халық болған. Олардың бір жетістігі күнделікті тіршілік, аң аулау, жауға шабу, ел қорғау істерінде ер мен әйел боп бөлінбеген екен. Әйелдер де ерлермен бірдей садақ тартып, қару асынған. Аң аулап, жорыққа шыққан. Белгілі бір жерде, аймақта орналасқан қанша халық болса, мезетте сонша әскери жасақ шығара алады екен. Олар желдей жүйрік, өгіздей төзімді, аса мықты дала жылқыларын өсірген. Қандай қашық жер болса да, тез жетіп, аяқ астынан болады екен, сондай-ақ, тез көзден ғайып болып, жаудың берекесін кетіретін соғыс тәсілдерін меңгерген. Күші басым жауды қаша жүріп ұрыс салып, тез тоздырады екен. Осылайша, сол дәуірде атқа қонған сарматтарды тоқтатын күш болмағанға ұқсайды. Осындай мықтылығымен сармат бабаларымыз бүгінгі біздің өңірден бастап сонау Қара теңіздің жағалауларына дейінгі ұланғайыр жерді өздеріне бағындырған.

Осылайша, шағын киіз үйлерін арбаларына тіккен, малымен бірге көшіп жүріп, жер шетіне дейін жете алатын құдіретті тайпа Азия-Еуропа құрлығының алып империясының бірі және бірегейі боп қалыптасқан.

Түрлі елдерді жаулап ала отырып, сауда-саттықты, өнерді, өндірісті, егін егіп, шаруашылық жүргізуді де жақсы меңгерген. Территориясының Ұлы Жібек жолының бойында жатуы, Қара теңіз бойына дейін созылып жатқаны одан әрідегі елдермен де сауда байланысын жүргізуіне мүмкіндік берген. Бүгінде музейімізде тұрған, осы обалардың бірінен табылған Венециялық шыны құты бұл сөзіміздің бір дәлелі.

Обалар мен қорғандардың көпшілігі, өкінішке орай, тоналған боп шығуда. Иә, әр заманда адамдар тарапынан тонауға ұшыраған обалардан ежелгі қолөнердің ағаштан, темір мен түсті металдардан, бағалы тастардан жасалған жәдігерлерін табу мүмкін болмай отыр. Ал, олар органикалық жәдігерлерге қарағанда жақсы сақталады да, өз кезегінде көп мәліметтер берген болар еді. Дегенмен, түрлі ыдыстар, адам сүйектерді, бірге көмілген қару-жарақ, мал түрлері, олардың әбзелдері де тарих үшін құнды.

Археологиялық қазба жұмысы өз қиындығымен қатар, осындай тарихтың құнды дерегін нақтылауда аса маңызды. Сондықтан, экспедициялық топқа жаңа жәдігерлер тауып, тарихқа жаңалық қосуда сәттіліктер тілейміз!

 

Қаршыға Асу