18.09.2019, 17:14
Қараулар: 351
Жақсылық – жариямен өлшенбейді

Жақсылық – жариямен өлшенбейді

Әуелден пейілі дархан, дана қазақ өзгеге жақсылық жасауды сауабы мол, салиқалы іс деп бағалаған және ол ісін ешқан көптің алдында көлбеңдетіп жарияламаған.  Содан да болар «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр» деген секілді қасиетті қанатты сөздермен өзінің де, өзгенің де игі ісін белгілі бір дәрежеде «жасырып» отырған.

Ал бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғам – жария қоғамға айналғалы қашан. Желіні ашып қалсаң болды, желдей есіп жүрген жария-жақсылықтан да көзің сүрінеді. Онсыз да басына тартсаң аяғына жетпейтін жұтаң тіршіліктің қамытын киіп, көңілі құлазып жүрген жандарға бәлен теңгеге азық-түлік я киім-кешек әпердік деп, бергенін жіпке тізіп жарыса жариялаушыларды көріп көңілің шайлығады. Түспесіне қоймай суретін де салып қояды ғой жарқыратып.

Статистиканы қайдам, әйтеуір, біздің өңірімізде де түрлі әлеуметтік категорияларға жататын бірлі-екілі отбасылардың бар екендігін айналайын интернеттің арқасында біліп қаламыз. «Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы» деп ат қойып, айдар тағып,  ат басындай алтын бергендей алаулатып-жалаулатып жазудың не қажеті бар деп ойлайсың көріп отырып. Өзін мүсіркеп, мұқым елге жария қылғанын қай-қай отбасы болмасын құп көрмесі анық қой. Бір жағынан қарасаңыз, бүгінгі күні атқарған ісіңнің фото суреті болмаса, айтқан сөзіңе ешкім сене қоймайтыны да айдан анық дүние. Қайырымды жандардың бәз біреуге сынық кәмпит ұстатса да суретке түсіріп жүретіні содан да болар деп қаласың амалсыз. Қайыр қош! Біздің айтпағымыз, әр адамның жеке бас құқығын сақтап, қоғамда әлеуметтік бөліністің орын алмауын өзімізден бастауымыз қажет.

Қазақ әлімсақтан жетімі мен жесіріне пана болып, жақыннан да, жаттан да жан жылуын аямаған дария пейілді дархан халық. Бес күндік келте ғұмырда бір-бірімізден барымызды аямай, сыйласып ғұмыр кешкенге не жетсін?! Тек, ағайын, «оң қолыңмен жасаған жақсылығыңды сол қолың көрмесінші». Жақсылық-жариямен өлшенбейді!

 

Самат БАЙБОЛАТ