18.09.2019, 17:08
Қараулар: 217
Көнеден жеткен көп тиын…

Көнеден жеткен көп тиын…

Адамды алға сүйреуші күш- оның қызығушылығы. Біреулер ілім ізденіп, ғылымды қуса, енді біреулер дүние-байлықтың соңына түседі. Мамандыққа құштарлық бір адамдарды даңқтың биігіне шығарса, енді біреулер шығармашылық жолына ерік-күшін сарп етеді. Осындай жандар қатарында коллекция жинаушылар да бар. Халқымыздың болмысында аса көп кездесе қоймайтын қызық істің бірі осы. Әр адамның өзі үшін аса ыстық немесе қымбат заты, бұйымдары болуы мүмкін. Осы қызығушылық пен ерекше ықылас осындай зат немесе бұйымдардың өзге де түрлерін және көптеп жинау идеясын тудырады. Осыны қолға алған жанды коллекционер деп атауға әбден болады.

Еуропа елдерінде, жалпы әлемде коллекция жинау аса мәртебелі кәсіп, мұны тіпті табыстың көзі ретінде қолданып жүргендер мың-сан. Коллекциялардың тарихи, ғылыми және көркем шығармашылық деп аталатын санаттары олардың құнын аса бағалы етеді. Сондықтан, бұл кәсіпті пайданың көзі деп ұғатын еуропалықтар ерте кезден-ақ коллекция жинауға ден қойған.

Біздің елімізде де мұндай жандар баршылық, мұның өзі кейінірек жұғысты бола бастады десек болады. Ертеректегі коллекция жинау фактілеріне көз салсақ, ол қазақы қалпымызға тән халықтық кәсіпке ыңғай орын алған екен. Мысалы, ата-бабаларымыз бірыңғай мал түрінен жылқы болса- үйір, түйе болса- келе жинағаны белгілі. «Көк аланың үйірі», «Нарқоспақтың келесі» деген тіркестер осындай тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Кейінірек пошта маркілерін, түрлі ойыншықтар, фарфор-фаянстар, техникалар түрінде коллекциялар жинау орын алды.

Жерлесіміз, аудан тұрғыны Нұрлан Қуанаев осындай қызықты тиындар жинауды бала кезінен бастаған екен. Бұл қызығушылыққа ағасы Мырзаболаттың үйі, ауласының Шыңғырлаудың байырғы тұрғындары тұрған үйдің орнына орналасуы себеп болыпты. Аула іші мен сыртынан түрлі ескілікті заттар жиі табылып қалады екен, соларды жинай келе, бір ізге түсіріп кәдімгідей коллекциялық топтама жасапты.

Нұрекең балалық кезде түрлі төсбелгілер (значки), сіріңке қорабындағы маркілерді көп жинағанын тілге тиек етеді. Түрлі ілгектер де жинап көріпті. Айтуынша, ертеректе Шыңғырлау ауылының төменгі жағында «Базарная» атты көше аумағында дүкен болыпты, сол дүкен маңында газет- жорнал сататын дүңгіршек те болған екен.

-Сол дүңгіршекке маркалы сіріңке көп түсетін, бағасы да қымбат, 6 тиын болушы еді, соны үздіксіз сатып алатынмын. Суреттері тартымды, көбіне спорт тақырыбында болатын,- деп баяндайды. Бүгінде сол естелік жәдігерлерді жоғалтып алғанына өкініш білдіреді. Бұл азамат аудандық музейге 14 дана ескі монеталарын тапсырған. 1 тиыннан- 5 тиынға дейінгі құндылықтағы монеталар патша үкіметінің монеталар ауласынан шығарылғаны көрініп тұр. Тиындардың барлығында екі басты самұрық құстың суреті бейнеленген. «Мъдная россъиская монета» деген жазу бедері бар. Келесі бетінде 1872, 1890, 1899,1900,1908, 1910, 1913, 1916 деген жылдар белгісі мен тиын құны жазылған. 1872 мен 1916 жыл ақшалары 1,2,3 және 5 тиын мыстан құйылған. Ал 1916 жылдың күміс тиындары 15 тиындық құнмен жасалынған. Мұндай күміс тиындар саны үшеу. Бір қызығы осы күміс тиында ортасынан бір- екі жерден тесіліп, киімге ілгек ретінде пайдаланылған.

Нұрлан Қуанаев бұл тиындарды берігіректе (2014-15 жылдары шамасында) Шоқтыбай ауылы маңындағы Қопа аймағынан тауып алғанын айтады. Ертеректе осы Қопада ауыл болған екен. Бүгінде бұл арада ауыл болғанын осындай аракідік табылып қалатын ескі заттар мен сол маңайдағы зираттар ғана білдіреді. Мына патша үкіметінің тиындары елді-мекен тіршілігінің бір дәлелі. Мұндай заттардың арнайы металліздегіш құрылғымен іздестіретін болса, халық «Монашка» атап кеткен аймақтан да табылатынын айтады кейіпкеріміз. Бір уақытта әйелдер монастыры болған бұл жерде кейін балалар үйі орын алыпты. Сондықтан бұл маңның әр дәуірдің ізі қалған жәдігерлерден кенде болмасы анық.

10 жасынан осындай ерекше заттарға қызығушылығы артқан Нұрекең «жарты тиын» (пол копейка) деген монета тапқанын да айтады. Кейінірек жоғалтып алғанға ұқсайды, бірақ «жарты тиынның» болатынына таңданысын әлі де жасыра алмайтынын жеткізді. Шынында да, бүгінгі күнге ешбір жерде немесе әдебиетте кездестермеген едік мұны. Бір жағынан алып қарағанда ол кезде қой бағасының 1, 2 немесе 3 тиын болғандығы қайбір әдебиеттерде кездеседі. Осы тұрғыдан алып қарағанда қозылы қойдың бағасын дәл беруге «жарты тиынның» да болуы әбден мүмкін.

Қалай болғанда да ауыл азаматының ізденіске бейім, тарихқа бей-жай қарамайтыны қуантты. Тарихқа жанашырлық керек, әр тұсын қамқорлықпен түгендеп, ақтаңдағын толтыруға осындай жанашырлардың жәрдемі ауадай қажет.

Нұрланның ағасы Мырзаболат Қуанаев та көптеген ескі дүниелерді музейге жиі әкеліп тапсырып отырады екен. Бұл ел боламыз, ауылымыздың өткенін түгендейміз дейтін ізгі жандардың ісі, әрине!

Айтпақшы, Нұрлан Қуанаев осы жолы қос саусаққа бірдей киілетін үлкен жүзікті де ала келген екен. Бұл мүлікті де тауып алған. Музей сөресіне уақытша беретін айтып, қалдырып кетті. Жүзік беті үлкен етіп жасалып, күміспен бедерленген. Көз орнына өрнек салыныпты. Негізі, жасы үлкен немесе лауазымды мәртебесі бар әйелдер таққан «Бәйбіше жүзікке» ұқсайды. Жүзіктің суретін де салмақпыз, қандай да бір ақпарат білсеңіз, нұр үстіне нұр болары сөзсіз!

Сондай-ақ, Нұрекең әкелген шәркей де өткен шақтан сыр шертер жәдігерлер қатарында. Мұны ол бір досынан алған екен. Әлдеқалай бір кездескенінде досының үйінде екі шәркейдің тұрғанын көреді. Көне заттарға қызығушылығы мол жан тағы жолы арнайы қолқа сала барып, осы шәркейді алған екен. Шәркей өзен жағасында көп өсетін кәдімгі тал қабығынан тоқып істелген. Көнеден жеткен бұйым болса да өте жақсы сақталған. Ескі әдебеттер мен суреттерде мұндай аяқ киімдерді крепостной-шаруалардың, әсіресе славян халықтарының кигенін білеміз. Өзі қолға түрпідей тигенімен, киерге төзімді болғанға ұқсайды. Досында болған екіншісінің тіпті бауы да бар екен. Біздің музейімізде де әуелден біреуі бар болатын, енді көрмеге қояр шәркей саны екеу болды. Тарихи жәдігерлерді жинақтауға аса тиянақтылық қажет. Музей қорының толыға түсуіне, әрине, халық көмекші. Көнеден жеткен көп естеліктің көзден таса қалып, ақыры жоғалып кетпей, музей көрмесінде көпшілік назарына ұсынылғаны құба-құп. Бұл тұрғыда жаңа еңсе тіктеп келе жатырған музей жұмысына елеулі үлес қосып жүрген жерлестерімізді, соның ішінде Мырзаболат, Нұрлан Қуанаевтар, Кеңес Таңатов, Әскербай Саматов, Орынша Рысқалиева есімді ауыл үлкендері, Кәкімғали Базарғалиев, Ұзақбай Мұртазин сынды жерлестеріміз және аудандық мәслихат, аудандық Қорғаныс ісі жөніндегі бөлім, аудандық аумақтық басқармасы, ауыл мектептерін айрықша атап өтуге болады. Жақсылық пен жанашырлықтың үлкені-кішісі болмайтыны секілді бізге әкелінген жәдігерлердің де үлкені-кішісі болмайды. Тарихи жәдігердің бәрі бағалы, себебі, түптеп келгенде олар біздің құнды тарихымыздың құраушы бөлігі.

 

Қаршыға Елемесов, музей маманы