18.09.2019, 17:03
Қараулар: 351
Шыңғырлаудан шыққан режиссер

Шыңғырлаудан шыққан режиссер

Жуырда Мәскеудің әйгілі Е.Б.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының режиссеры, жерлесіміз Гүлназ Балпейсовамен сұхбаттасудың сәті түсті. Ауылдан шыққан қаршадай қыз 13 жасынан Санкт-Петербург қаласына барып, суретші болуды армандайды. Бірақ бәрі бала кезгі қиялдың қалауындай болып шықпайды. Жетістікке жетер жолда сүрінген де, түңілген де кездер болды. Әйтсе де, қанында қазақы қайсарлық бар алғыр қыз арманға жетер жолда өмірдің болмашы сәтсіздіктеріне еш берілген емес. Бүгінде Гүлназ Литваның және Ресейдің әйгілі режиссеры, Е.Б.Вахтангов атындағы мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Римас Туминастың шеберханасынан шыққан Мәскеудің талантты жас режиссерлерінің сапында. Кейіпкеріміздің сахналауымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген: И.Бунинның «В Париже», А.Стринбергтың «Фрекен Жюли» және «Стефан Цвейг. Новеллы» атты спектакльдері театр репертуарынан түскен емес.

«Мен 1989 жылдың 23 шілдесінде Шыңғырлау ауданында заңгерлер отбасында дүниеге келіппін. Ол кезде ауданымыз бүгінгідей аса дүркіреп тұрмаған-ды. Көшелердің де атауы орысша болатын. Біз Лугавая көшесінде  тұрдық, 16 пәтер. Балалығымның да куәсі осы көше. Анам Айгүл Райымкулова 1989-1993 жылдары аудандық «Серпін» газетінде тілшілік, кейін жергілікті телевиденияда дикторлық қызметтерді атқарды. 1997 жылы отбасы жағдайына байланысты Ақтөбе қаласына қоныс аудардық. Қазір отбасым, бауырларым әлі де Ақтөбеде тұрады. Әркімге кіндік қаны тамған қасиетті мекені ыстық қой. Күні кеше тамыз айында туған мекенге табан тіреп, ата-әжемнің зиратына барып құран бағыштап қайттым. Аудан жылдан-жылға гүлденіп, көркейіп келеді екен. Тура шағын қалашық дерсіз»,-дейді Гүлназ балалық шақтағы естеліктерімен бөлісе отырып. Кішкентай кезінен өнерге әуес кейіпкеріміз Ақтөбе қаласындағы көркемөнер мектебін аяқтап, болашақта дизайнер-модельер мамандығын меңгеріп, Лондонда қызмет етуді қалайды. Алайда қызының өнер саласына барғанын аса қаламаған анасы «Болашағыңды қалай елестетесің? Егер суретші болуды қаласаң, өзіңді өзің көрсет. Қолыңнан келетінін дәлелде»,-деп қызына үлкен үміт артып, мектеп бітіре бойжеткен Гүлназды Ақтөбе-Санкт-Петербург бағытындағы автобусқа отырғызып жібереді аналық ақ батасын беріп.

«Петербургтың мемлекеттік көркемөнер академиясында оқып жүрген кезімізде әр сенбі сайын мұғалімге студенттер 200-ге жуық эскиз-картиналарымызды тапсыратынбыз. Әлі есімде мұғалім соның төртеуін ғана таңдап алып, «Мыналарың өте керемет. Тамаша!» деп мақтады да қалған 196-сын көп студенттердің көзінше жыртып тастады. Неге екенін қайдам, «құрбандыққа» ілінген менің суреттерім ғана. Неге олай істегені мен үшін  әлі күнге жұмбақ. Манағы айтқан мақтауларына «Мен сіздің сөзіңізге сенбеймін» дедім де, ашуға булығып шығып кеттім. Менің ол кезде мінезім «тентектеу» болатын (күлді). Сол ашудың қызуымен үш ай-ақ оқып үлгерген армандағы оқу орнымды тастап, академиядан құжаттарымды алып кеттім. Түсінесіз бе, бұл тәкаппарлық емес, кеудеде бұлқынған қазақы намыс болатын».

Оқудан шығып қалса да, ауылға қайтуға асықпаған 18 жасар Гүлназ кейін туризм-менеджері мамандығына жұмысқа орналасады.

«Менің өмірімде еске аларлық қызықты сәттер өте көп. Жарнама бойынша туризм орталығына менеджер керек дегенді оқып, жұмыс берушімен сұхбаттасуға бардым. Менен басқа бұл орынға 15 үміткер бар екен. Әлгі жұмыс берушімнің көмекшісі Наташа есімді орыс келіншек сұхбат барысында «Түсінесіз бе сіз Қазақстанның азаматтығында екенсіз…» деді. Ол кезде бүгінгідей қазақстандықтарға Ресейде жұмысқа орналасуға рұқсат беретін заң жоқ-тұғын. Бірақ «Суға кеткен тал қармайды» демекші мен оның қолынан ұстап алып «Мен қайтсем де осы қызметке орналасуым керек» дедім сенімді түрде нығыздай сөйлеп. «Сіз Петербургты білесіз бе?»деді ол. «Жоқ. Менің келгеніме үш ай ғана болды» дедім мен шындықты жасырмай. Шынымды айтсам, сол кезде маған сенім білдіріп, үлкен қолдау көрсеткен Наташаға мен әлі күнге риза боламын. Себебі сол жерде ол маған Петербургтың әйгілі көрікті жерлерінің тарихи сипаттамалары жазылған бір бума қағазды қолыма ұстатып тұрып «Мынаның бәрін сенбіге дейін жаттап алуыңыз керек. Сол күні басшымен кездесіп, сынақтан өтесіз» деді. Мен қуанып кеттім. Әрине, бұл маған тағдырдан берілген үлкен мүмкіндік еді. Содан не керек, мен сынақтан сүрінбей өтіп, қалаға келген туристтерге жолсерік (гид) есебінде жұмысқа орналастым. Өмірімнің бұл кезеңі де ерекше есте қалды»,-дейді Гүлназ.

«Ал енді сіздің ең негізгі таңдауыңыз-режиссерлікке оралсақ. Анаңыз айтқандай өнерде сіздің қолыңыздан бірдеңе келетіндігін дәлелдей алдыңыз ба?» деген сауал тастадық орайы келгенде.

«Мен бойымдағы қабілетімді бірталай салада сынап көрдім. Оған біздің жоғарыдағы әңгімеміз дәлел. Өзіме үнемі «Сен бұл мамандықсыз өмір сүре аласың ба?» деген бір ғана сұрақты қоятынмын және оған «Ия!» деп өте оңай жауап беретінмін. Сөйтіп көңілімнен шықпаған қызметімді оңай ауыстыра салатынмын. Ал режиссерлік мамандықтан кетуге талпынған кезімде түсіндім. Жоқ! Мен бұл мамандықты тастай алмайды екенмін.

Дәл қазір есіме ең алғаш өміріме сабақ болған оқиға түсіп отыр. ГИТИС-тың екінші курсында оқимын. Купринның әңгімесінің желісі бойынша «Allez!» қойылымын сахналап жатырған кезім. Ұстазым Римас Туминас кенет қойылымды тоқтатып тастап, екі сағат бойы тек кемшілігін айтып сынады. Оны өзімнің қатарластарым, спектакльде ойнайтын әртістер түгелдей естіді. Мен шымылдықтың арғы жағында « Масқара!» деген сөзден басқа ештеңені айта алмай, ашудан булығып жылап тұрмын. Кенет ұстазым «Гүлназ Балпейсова, мында келіп отырыңыз» деді. Мен келіп отырдым. Қайталаңыз: «Мен дарынсыз режиссермын». Мен қайталадым. «Мен сізді естімей тұрмын» деді ол сабырлы үнмен. Мен қайтадан қайталадым: «Мен дарынсыз режисермын». «Жоқ! Мен сізге сенбеймін. Қаттырақ айтыңыз» деді ол бұйрықты түрде. Кенет мен театрды басыма көтере «Мен дарынсыз режисермын!» деп айғайлап жібердім. Даусымның қатты шыққаны соншалық, театр қабырғаларынан жаңғырық пайда болды. «Міне, енді сендім. Сізден болашақта жақсы маман шығады деп үміттенем. Қойылымыңыз да жаман емес. Осы бетіңізден таймаңыз» деді.

Бұл оқиғадан түсінгенім, шығармалық жұмыстың басты ережесі – әр жұмысыңды нөлден бастауың қажет. Мен бұл істің маманымын, менің қолымнан бәрі келеді немесе мен ғажап дүние шығарамын деп еш уақытта өзіңе сенім білдіруге болмайды. Режиссердің өзіне-өзі мүлтіксіз сенген уақыты-оның «өлгені». Әр жаңа қойылымды жоспарлауды құдды бір мезетте бар жыйған біліміңнен айырылып қалғандай күй кешіп, бәрін ақ парақтан бастауың қажет.

Ұстаз біздің топтағы әр студентін ерекше махаббатпен тәрбиелеп, өмірден де, өнерден де өз орнымызды табуға үлкен септігін тигізді. Менің төлқұжатым да, сырт келбетім де қазақстандық. Ия біз қызуқанды халықпыз. Бірақ тез басыла қалатын қасиетіміз тағы бар. Міне осындай қанда бар қайсарлықтың, өжеттіктің, намыстың, рухани үйлесімділіктің арқасында болар топтағы студенттердің ішінен ұстазымыз Ринас Туминаспен бір театрда қызмет етіп келе жатырған мен ғана. Бұл өзім үшін үлкен абырой. Менің өнердегі ең үлкен жетістігім – осы болар»-дейді кейіпкеріміз үлкен тебіреніспен.

«Жалпы жастарға айтарым кітапты көп оқуға тырысу қажет. Бос уақытты отбасында өткізуді жиі әдетке айналдырған да дұрыс. Ең бастысы армандай біліңіз. Арман адамды ешқашан адастырмайды. Арманға жетер жолда тәуекелді де ұмытпаған жөн»,-дейді Гүлназ сұхбат соңында оқырмандарымызға өз тілегін арнап.

Бізде өз тарапымыздан Шыңғырлаудан шыққан талантты режиссер қызымызға тек сәттілік тіледік!

 

Самат Бойболат