17.09.2019, 12:36
Қараулар: 213
Латын әліпбиі – келешек кілті

Латын әліпбиі – келешек кілті

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес республика көлемінде нақты жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш Жарлық негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен 10 қыркүйек күні  республика бойынша  латын қарпіне негізделген жалпықазақстандық ашық диктант жазу шарасы өткені баршаға мәлім. Аталған акция біздің ауданымызда да оздырылып, оған 160 – қа  жуық адам қатысты. Бұл шараға этномәдени бірлестік өкілдері, белсенді жастар, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, студенттер, оқушылар мен  тұрғындар белсенді ат салысты. «2019 жыл – жастар жылы» тақырыбы бойынша жазылған сынаққатқа  қатысушылар өз біліктіліктерін көрсетіп бақты.

Осы шараға үлкен жауапкершілікпен қатысқандардың бірі «Ізге-ай» татар ұлттық мәдени орталығының жетекшісі Лилия Волошина. Ол: «Күннен күнге латын әліпбиінің қолданылу аясы кеңейіп, латын әліпбиін түрлі ономастикалық атауларда, әлеуметтік желілерде, газет–журналдарда көріп, оқып жүргендіктен, көз үйренді. Сондықтан, латын қарпінде диктант жазу қиын болмады, – дей келе, татар ұлттық бірлестіктері атынан мемлекеттік тілдің, әрі латын әліпбиінің дамуына өз үлестерін  қосуға тырысатынын жеткізді.

«Акцияға қатысушылардың осы латын қарпіне қызығушылықтары және латын қарпінің қолданылу аясының кеңейіп,  көпшілігінің мәтінді сауатты жаза білуі қуантты. Бәлкім, көпшіліктің ұялы телефондарына латын қарпі перне тақтасын жүктеп, күнделікті желіде қолдануының пайдасы да болар» — дейді ұйымдастырушы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Қ.Ислямқұлов.  Демек,  баршамызда латын қарпіне деген ынта көбірек болса, оның пайдалану өрісі де мол болар деп сенейік!

Өз тілшіміз

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар