17.09.2019, 12:33
Қараулар: 1079
Жарасым тапқан жас отбасы

Жарасым тапқан жас отбасы

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, шағын мемлекет. Осындай сыйластығы мен жарасымдылығы үйлесім тапқан ауданымыздағы жас отбасылардың бірі – Дәулетовтар отбасы. Жас та болса бір отбасының отағасы мен отанасы атанып отырған Қазбек пен Әйгерім Дәулетовтар Казталов ауданы, Жалпақтал ауылының тумасы. Жас отбасы өңірімізге 2018 жылы қоныс аударып келген. Бүгінде Әйгерім жеке кәсібін өрбітіп, Қазбек мектепте мұғалімдік мамандықта .

«Ауылдағы он бір жылдық мектепті аяқтай сала, Оралдағы М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ колледжіне «физика және информатика пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Оқуды аяқтай сала ауылымда бір жыл қызмет етіп, әріптес достарымның шақыртуымен келіншегім мен екі баламды ертіп Шыңғырлау ауданына келдім. Ондағы негізгі мақсатым тәжірибе алмасу. Келе аудандық білім беру бөлімінің көмегімен Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебіне жұмысқа орналастым. Қалағаныңның бәрі бір мезетте орындала қалуы мүмкін емес қой. Алғаш ауданға келген кезімізде отбасымызбен пәтерден –  пәтерге көшіп, біраз әбігерге түскеніміз рас. Ол кезде дүниеге кішкентай қызымыз келіп, өрісіміз кеңейіп жатқан. «Сабырлы жетер мұратқа» демекші көп ұзамай пәтер мәселесі де ақырындап шешіле бастады. Ағымдағы жылдың сәуір айында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында  баспаналы болып, отбасымызбен бір қуанып қалдық. Жалпы мемлекет тарапынан жас мамандарға ерекше жағдай жасалуда, білім саласына да жылдан-жылға айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл біз секілді жастарға үлкен қолдау»,-дейді Қазбек жайдарлы жүзбен әңгімесін өрбітіп отырып.

Жастық жігері жалындап тұрған кейіпкерлерімізбен әңгімелесе келе білдік, Қазбек отбасында 5 баланың кенжесі екен. Өзі 2014 жылдың көктем айында шаңырақ көтеріп, отбасылы болыпты. Бүгінде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған қос кейіпкеріміздің айтуынша отбасындағы ең маңызды құндылық – өзара сыйластық екен. «Сыйластық бар жерде сенім де, береке де, татулық та болатын тәрізді»,-дейді Әйгерім өз ойымен бөлісіп.

«Ауданға алғаш келгенімізде мен үшінші перзентімізге жүкті болғандықтан үйде отырдым. Қыруар бос уақытымды тиімді пайдалану мақсатында қыздарға жасалатын сәндік процедуралар, маникюр қызметтерін меңгеріп алдым. Сөйтіп маникюрдің түрлі қызметтерін  көрсетіп, кәсіп ете бастадым. Бүгінде өзімнің тұрақты клиенттерім де бар. Кәсібімді кеңейту мақсатын аудандық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен бизнес семинарға қатысып, өзімнің жеке сұлулық салонымды ашу мақсатында жобамды ұсындым. Алдағы уақытта бұл арманым да жүзеге асады деп ойлаймын. Жалпы, елімізде қай-қай саланы алмаңыз мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндіктер өте көп. Тек білекті сыбанып, қызметке кіріссең болғаны»,-деп Әйгерім әдемі әңгіме тарқатты.

Айтпақшы, отбасының Мадияр есімді тұңғышы биыл даярлық сыныбына қабылданып, алғаш мектепке қадам басыпты. Отбасы үшін бұл да үлкен қуаныш дейді Қазбек пен Айгерім қуаныштарын жасырмай.

Сұхбат барысында қос кейіпкеріміздің әсерлі әңгімесіне қанығып, бірін-бірі толықтырып тұрған ерекше үндестікке сүйсініп отырып, уақыттың зымырап өте шыққанында аңғармай қалдық. Ауданымызда осындай көпке үлгі боларлық жас отбасылардың бар екендігі бізді ерекше қуантты.

Самат БАЙБОЛАТ