17.09.2019, 12:32
Қараулар: 224
«НЕВАДА-СЕМЕЙ» ҚОЗҒАЛЫСЫНА – 30 ЖЫЛ

«НЕВАДА-СЕМЕЙ» ҚОЗҒАЛЫСЫНА – 30 ЖЫЛ

Өткен аптада «Нұр Отан» ғимаратының мәжіліс залында «Семей-Невада халықаралық антиядролық қозғалысына — 30 жыл» атты дөңгелек үстел өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ғ.Бейсеннің төрағалығымен өткен жиынға «Ерекше Тәуекелді Солдаттар» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша төрағасы Есім Бектілеуов және ауданымыздың Семей сынақ полигонында әскери міндеттерін атқарған азаматтар, қоғамдық бірлестік жетекшілері, мекеме, бөлім басшылары мен аудан жастары қатысты.

«Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалыстың құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиын бейне- фильмнің көрсетілімімен басталып, Шыңғырлау ауданы бойынша «Ерекше Тәуекелді Солдаттар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарқын Нуровтың баяндамасымен жалғасты.

«Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1989 жылы 26 ақпанда Семей-Невада — ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қоғамдық-саяси ұйым құрылып, қазан айында ресми тіркелді. Осы антиядролық қозғалыстың күш-жігері  арқасында 1989 жылы жоспарланған 18 ядролық сынақтар 7-ге  дейін азайды. Ең соңғы ядролық сынақ сол жылы 19 қазанда жасалды. Осы сынақ қалдықтарының  жойылуына біз де атсалыстық», — деп баяндамасын ресми түрде бастаған бірлестік төрағасы  Ж.Нуров сөз соңында естеліктерімен бөлісті. Ол 19 жасында Жамбыл облысының Қордай ауданында әскери міндетін өтеп жүрген кезінде жоғары радиациялық қауіпті аймақ саналатын Семей облысының Жарма ауданы Георгиевка-2 елді мекенінде радиация қалдықтарын, балқыған темірлерін, жарылыс сынықтарын жинауға қатысқандығын сөз етті.

Орал қаласынан арнайы келген «Ерекше Тәуекелді Солдаттар» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша төрағасы Е.Бектілеуов «Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызмет атқарған азаматтарға берілетін жеңілдіктер туралы» баяндады. Сөз барысында зардабы мол полигонға қатысқан жерлестерімізге емделуге, демалуға, коммуналдық төлемдерді төлеуге қатысты жеңілдіктер туралы және қандай салық түрлерінен босатылатындығы жөнінде кеңінен хабарлады.

Дөңгелек үстел соңында Семей сынақ полигонында әскери міндетін атқарған жерлес азаматтар Б.Момышұлының «Батыр шапағаты», «Ветераны подразделений особого риска» медальдарымен, «25 лет закрытия Семипалатинского ядерного полигона» төс белгісімен және алғыс хаттармен марапатталып, естелік суретке түсті.

Аман Ізмұхан

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар