17.09.2019, 12:28
Қараулар: 1174
Ауылдың тірлігін жеңілдеткен интернет

Ауылдың тірлігін жеңілдеткен интернет

Цифрлық технология  еліміздің барлық  салаларында кең қолданысқа ену үстінде. Енді оны жер-жерде жетілдіру, дамыту  ғана қалды. Негізінен бұның барлығы да  халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жасалып отырған шаралар екені белгілі. Ауданымыз бойынша  2017 жылдан бері «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Жұмыс  белсенді жүріп, нәтижесі де көрінуде. Аудан орталығы көшелерінде бейне бақылау камералары, 8 ауылдық округ әкімі аппараттарына электронды құжат айналымның бірегей жүйесі қосылуда. Ақшат ауылдық округіне банкомат және 7 ауылдық округ пошталарына  терминалдар орнатылған. АХАЖ қызметінің акт жазбалары 74% электронды форматқа ауысты. Жеке қосалқы шаруашылық жүргізу кітабы 100% Е-халық ақпараттық жүйесіне енгізілген. Аудан орталығындағы 7 мекемеге оптикалық–волокондық интернет желісі енгізілді. Білім беру ұйымдарына қабылдау қызметін автоматтандыру жобасы да іске асты. Аудандағы білім беру ұйымдарына «Smart мектеп» жобасы аудан орталығындағы 2 мектепке енгізілді. Сондай-ақ «Smart City» – «Ақылды қала» халықаралық форматының «Smart Chingirlau» жобасы жасақталған. Қазіргі таңда, жобаға ақпараттар енгізілуде.

Сонымен қатар, алдағы уақытта ауылдық  округтерге ЕСЭДО каналы арқылы онлайн байланыс орнату (ВКС) және 3 ауылдық округке  (Ақтау, Ардақ, Қарағаш) ұялы байланыс орнату жоспарлануда. Айтпағымыз, аудан бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары да қазіргі заманның жетістігін, соның ішінде интернет пайдасын   мейлінше  пайдалануда. Мысалға алсақ, округтер арасындағы тірек ауылы саналатын  Ақшаттың адамдары  көгілдір отынның, таза ауыз судың пайдасын көріп отырғаны жаңалық емес. Ауылдағы тағы бір  мақтан тұтар құбылыс,  бұл — интернетті күнделікті тұрмыста  нақты қолдануы. Онлайн сауда, мобильді банкингті жастар тез меңгеретіні түсінікті. Соңғы кездері  бала-шағадан қалыспаған үлкендер де осы үрдістен қалмай, интернетті қажетінше пайдалана білуі жанды жадыратады. Себебі, осы интернет желісінің арқасында ауыл әйелдері бұрынғыдай  сүт, айранын сату үшін базарда отырмайды, арнайы дүңгіршіктер ашпайды. Енді олардың уақыттары үнемделген. Таңертең сиырын сауып, қаймағын тартып, майын жасап болған соң,  ватсаптағы топқа суретін жібере салса жетіп жатыр. Сәлден соң-ақ «клиенттері» топырлап жазып, бағасын біледі. Көп күттірмей өздері келіп, алып кетеді. Жаңа тартылған қаймақ немесе жаңа жасалған  май солай тез-тез  өтеді.

— Әлеуметтік желіні пайдаланатын әжелер мен апалардың тобында  ауылдың әңгімесін көрмейсіз. Парақша немесе ватсапты ашып қарасаңыз, кім не сатады, қаншадан, қайда, қандай көлемде, құрамы қандай, қалай өндірілгені туралы жазылады. Кейде бейне — жазбасы қоса жүреді. Ал мал-құсы жоғалған кезде ватсап немесе «В контакте», «Инстаграм» парақшасына  жоғалған малдың, құстың суреті шығады. Болмаса түр-түсі жазылып, бүкіл ел болып «іздеу» салады. Немесе «Мынау бұзау кімдікі?» «Сағат үште  бәленше деген жерде, бәленшенің үйнің қасында жүрген малдың иесі бар ма?», «Біздің үйдің ауласына қара-ала сиыр кіріп тұр, бұл кімдікі?» деп фотоны жарыса салып жатады, — дейді ақшаттық мейірбике апамыз Баян Абдрахманова. (Фото)

Осыдан жиырма-отыз  жыл кейін шегініп, еске алайықшы! Жоғалған малын  іздеген адам  ең алдымен көше-көшені  жаяу аралап, таппаса сай-саланы, дала-қырдан іздеп кететін еді ғой. Ал қазір малдың өзін трекер деген чиптер бақса, ауылдың ішіндегі құсың да  интернеттің арқасында көзден таса болмай тез арада табыла қалады. Ал ауылдағы  ақ жаулықтылар  мен бұрымдылар болса, уақыттын тиімді пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы саудасын жасап, мал-құсын қарап  жүрген жайы бар.

Ал, аудан орталығындағы тұрғындардың   әлеуметтік желіні пайдалануын айтар болсақ, тіпті керемет!  Себебі оның  ең алдымен   адамдардың пайдасына жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, өмір сүру деңгейлерін жеңілдетуге, жақсартуға қарай бағытталған. Әсіресе  орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізіп, жарнамалау арқылы сауда көрсеткішін көтеруде. Бұнда парақшалары көптеп ашылған және ең көбі 3000-нан аса   тіркелушілері бар  «Шыңғырлау — хабарландыру» чаты қазіргі таңда  белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл  жылжитын және жылжымайтын мүлік сату, түрлі қызмет түрлерін ұсыну, тіпті курстарға қабылдау,  туризм, спорт, демалыс тағы да басқа  хабар-ошар түрлері жөнінде ақпарат алмасу жақсы дамыған желі саналады. Әсіресе, сауда-саттық жүйесі жақсы жетідірілген. – Жақында сатылымға шығарар нәрсемді осы чатқа жүктеп, жиырма минуттан кейін оның сатылып кеткеніне өзім де таң — тамаша қалдым. Не деген жылдамдық деп риза болдым, — дейді  Шыңғырлау ауылының тұрғыны Нұржан Қуанов. (фото)

Міне, ауылдың тірлігін жеңілдеткен интернет! Демек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ауыл-аймақтарда  жүйелі іске асып келеді деуге  негіз бар!

 

Айсұлу Арыстанова