17.09.2019, 12:26
Қараулар: 406
Үйрек-қаз өсіріп, қаражат қылуда

Үйрек-қаз өсіріп, қаражат қылуда

Алмаз аулында  тұратын Үміт Дюсенова үш баланың анасы. Жолдасы Мұрадым  мектепте күзетші болып жұмыс істейді.  Дюсеновтар үй ішілік бюджет қаражатын  тиынына дейін тиімді пайдаланып,  жеке аула шаруашылығын дамытып отырған отбасылардың  бірі.   Биылғы жылы, көктем тусымен — ақ  400 теңгеден сатып  алған  80 үйректі шашау шығармай  бағып, өсірді.  Қысқа  сақтап, артық-ауысын  сатып, одан  біршама ақша құрады. Бұл қарекеттің берекетін көрген соң көп ұзатпай  қаздың  балапандарын 1300 теңгеден  алып, міне, оны да өсіруде.   Сауда орындарында диеталық еті үшін жақсы сұранысқа ие болатын  қаздарын қараша айына дейін ұстап,  содан соң ғана ет қылмақ. Қаздың етін тұтынушылардың көпшілігі Үмітке қазірден — ақ тапсырыс беріп қойған.                                                                                                                                                                        «Балапанды күзде сана дегендей, осы өсірген қаздарымнан қомақты ақша  табатыныма сенімдім»,-дейді үй шаруасындағы алмаздық Үміт замандас. Бейнет түбі — зейнет  деген осы да !

— Ауылымызда көптеген тұрғындар жеке аула шаруашылығын дамытып келеді. Төрт түлік малды көбейтіп, ет, сүт өндірумен қатар, жаз бойы құс өсіріп, табыс табуда. Әсіресе  тез өсетін үйрек балапандарын алып,  әр үй сайын отыз-алпыс құс бағып,  өнімін ет қылып, азық — түлік,  өзге де тауарға алмастырып, қарекет қылғандар баршылық. Шыны керек, ауылда отырсаң да екі қолға бір күрек, дегендей өдерін жұмыспен қамтығандар саны күннен күнге көбеюде.-дейді Алмаз ауылдық округінің  бас маманы Алмагүл Барақбаева. Бұл әрине, қуантарлық жағдай.

 

Айсұлу Амангелдіқызы