17.09.2019, 12:23
Қараулар: 446
Тойың қалай, туысқан…?

Тойың қалай, туысқан…?

Қуанышын көппен бөлісетін қазекемнің болмысындағы ғажап қасиетінің бірі- той жасау. Иә, тойды аса жақсы көретін халықпыз, менталитетіміз сондай. Шаңырақтың шаттығын, балаларымыздың жетістігін, әулетіміздің қуанышын жұртқа көрсеткіміз кеп тұрады. Жан толқытар жақсылығымызды үнсіз қабылдап отыра алмаймыз. Бұл ұлттық бейнеміз.

Қуанышты бөліссе-көбейеді деп қоямыз. Ағайын-туысқанның тілегін, батасын, жанашырлығын танимыз осы тойда. Ықыласқа мелдектеп, асып-тасып кетеміз. Өмірдің бір қызығы осы!

Сондағы түпкі мақсат елдің батасын алу. «Батамен ер көгереді», «Қырықтың бірі-қыдыр, мыңның бірі-уәлі» деп жатамыз. Жақсылығымыз бен жаңалығымызды көптің батасымен көркейту, ұзағынан сүйіну. Бұл тойдың негізгі мұраты.

Бүгінгі тойларымыз осы мақсатты ғана қуа ма? Әлде, басқа да мүдделер көзделе ме тойларда? Жолдан қосылған жанама кәделер, халық танымында жоқ жоралғылар нені білдіреді?

Көрген көзде кінә жоқ, бүгінгі тойлар бұрынғы патша ағзамдардың тойынан кем өтпейді. Ас та төк, шайқа да сапыр. Ырыстың жауы-ысыраптың бәрі осында. Әке-шешенің міндеті болған соң, «жұрттан қалмаймыз»- ды желеу етіп, миллиондап несие алып, екі есе етіп қайтарып жатады. Тойхананы жалға алудың бағасына қарап, қымбатына ұмтыламыз, бәрі сол әлгі жалған намыстың ындынын басу үшін, бала мен келіннің өздеріне жұмсалатын қаржының өзі біраз, киімі мен көлігін қосқанда… Мейлі делік, солай-ақ болсын, арманы орындалған әке-анаға ақыл айтудан аулақпыз, бірақ ысырап екені анық. Ол аз болса, кейінгі уақытта тілек айтқанның үстіне шапан-шапқыт жауып, құр қол қайтармау деген жоралғы пайда болыпты. Бұл не үшін екені белгісіз.

Жалпы, қазекем тойға шашу әкеледі, бұл бұрыннан бар. Қашан да үйге үй қосылып, елдің көбейгені халқымызға жаққан жақсылық. Сол жаңа тігілген отау малды болсын, ыдыс-аяқты, керек- жарақты болсын деген доспейіл тілек. Мал атап, тұрмысқа қажет керек-жарақты, тіпті күйлі немесе шебер ағайын киіз үйді тарту ететін бопты. Бүгінде де солай, тойға шашу әкелінеді, әркім өз ықыласын осылай білдіріп жатады. Бірақ, ағайынның бұл ықыласы банктерден алынған несиенің өңешінде кетеді. Той жасауға алған несие тойға әкелген ағайынның шашуын жұтады, жетсе мейлі ғой, жетпесе ше…?  Содан соң екі жас қашан аяққа тұрып кеткенінше сол әке-шешенің мойнына мінеді.

Тағы бір ескеретін жайт, тойдағы рәсімдер. Бұрынғы мен бүгінгіні салыстырар болсақ, бұрынғының  рухани мағыналы тұстары көп болған екен, біріншіден, келін үйге түседі, үйде беташар рәсімі жасалып, отқа май құяды, яғни, осы ошақтың отын жағамын, осы әулеттің отын өшірмеймін деген ниет. Босағадан аттап, шаңыраққа сәлем етеді, бұл да бұдан былай мен осы үйдің адамымын, осы шаңыраққа қызмет етемін дегенді білдірсе керек. Үлкендердің бата-тілегі де үйдің ішінде беріліп, барша айтылған ізгі ниет пен ықылас шаңырақта қалады. Тұла бойы шымырлап, аттаған босағаның енді өзінікі екенін, әулетке келін болғанын барша болмысымен түйсінген келін де сол өмірге икемделе бастайды, босағасын тастамайды.

Ал, қазіргі келін, көп жағдайда, бірден тойханаға келеді. Сол жерде беті ашылады, сол жерде сәлем салынады, сол жерде бата беріліп, тілектер айтылады. Той біткен соң айтылған тілек, бата, салынған сәлем мен сыйластық сол тойханада қалады. Сосын, далаға түскен келін далаға қашатын болады. Мүмкін, қазіргі заманның көзімен қарағанда бұның еш қисыны жоқ шығар жастар өміріне, бірақ бүгінгі күннің жастарының жиі ажырасып жататыны баршаға аян.

Тойды байлық жарыстырудың бір жолы етіп алған кейбір отандастарымыз даңғойлықтың небір үлгісін көрсетуде. Мысалы, Шымкент қаласында былтыр өткен бір тойда жастарға тартылған той тортының биіктігі 4 метр, салмағы 2 тонна болыпты, ал бағасы 59 млн. теңгені құраған. Бұдан артық ысырап болуы мүмкін бе…?  2 тонна тортты барша тойға жиналғандардың жеп тауыса алмасы анық, сонда бұл не? Осыны негізге алған сарапшылар бұған кеткен қаржыға 3 бөлмелі төрт пәтер немесе 20 автокөлік алуға болады деп отыр. Мұндай ақшаны табу үшін қатардағы қызметкер адам 82 жыл еңбек етуі керек екен.

Тойға алыс-жақын шетел әншілерін шақыртатындар да ақша шашудан «ерлеп» тұр. Ресейдің Киркоровы мен Өзбекстанның «Ялла»-сын тойыңа келтіру үшін 30 мың долларды санап бересің, осыны істеп жүргендер бізде жетерлік. Бұл қаржылардың елімізден кетіп жатырғанын ескеретін болсақ, бұл даңғойлық пен әсіре ысырапқа заң жүзінде тоқтау салудың қажеттігі білінеді. Бұлай деуге кейбір басқа елдердегі тәжірибелер ой салады. Мысалы, Тәжікстан мен Түркияда шектен тыс ысыраппен той жасағандарға тәртіп қатаң екен. Айталық, Тәжікстанда мұндайға бірінші мәрте жол бергендерге 4 мың доллар, екінші рет қайталанса 5700 доллар айыппұл салынады екен. Түріктерде арнайы рейдтер жүргізіліп, тойдың үстінде артық тәттілер тәркіленеді. Ал, өз ағам- өзбек елінде тойханалар аудан хакімінің қарарына сәйкес өтетін тойға ғана тапсырыс қабылдайды. Жергілікті бекітілген АХАЖ-да ғана тіркеліп, әкімшіліктің шығарған нұсқаулығына сәйкес жасайсыз тойды.

Бүгінде елімізде белең алып тұрған арынды атаққұмарлық пен іркусіз ысырап туралы ел Президенті Қасымжомарт Кемелұлы өз «Твиттер» парақшасында «-бізге атаққұмарлық пен  ысарапшылдықтан құтылатын жаңа үлгі қажет» деп пікір қалдырған еді былтырғы жылы. Бұл ел болып қолдайтын мәселе. Себебі, статистика бойынша елімізде 6 млн-нан аса адам несиеге тәуелді. Солардың 85 пайызы несиені той жасауға алған екен.

Қанағатты қанына сіңген қағида еткен қазекем, бұрында «бұдан жаманымда да тойға барғам» деп пейілді кеңге салып, апшымайтын еді. Ал, бүгінде адами атаққұмарлық тойханаға тікұшақ қондырып, көлік кіргізетінге дейін жетті.

Ұрпағымызға ешқашан шеті мен шегі көрінбейтін ашкөздікті емес, ұлттық құндылығымыз, салт- санамыз бен жол-жорамызды ұлағат етейік, ағайын!

Сіз не дейсіз? Тойың қалай, туысқан?

 

Қаршыға Елемесов