17.09.2019, 12:19
Қараулар: 328
Сынықшы  Күнзипа

Сынықшы  Күнзипа

Шыңғырлау өңірінің тумасы, осы жерге  танымал сынықшы Күнзипа  туралы айтуды жөн көрдік. Білетіндердің  айтуынша оған әкесі  Сапарғали Шугаевтың   сынықшылық   қасиеті  дарыған. Ол кісі арқалы, әрі сынықшы болған деседі.  Оның қызы Күнзипаның  өмірдегі тірлігі де  адамдарды емдеп, жазумен  өткен. Өзі 1935 жылы  дүние есігін ашқан, руы байбақты. Қарапайым, қолындағы барын беретін, мінезі  ашық, жолдасы Қасен екеуі ұл-қыз өсіріп, адамдардың ризашылығына бөленген жандар.  — Ауылдан күндік жерде келе жатқан адамды  біліп,  немесе ниет етіп, аттың басын  бұрғанды күні бұрын күтіп отыратын көріпкелдігі бар  Күнзипа апаны барша жұрт қатты сыйлайтын. –дейді шыңғырлаулық  Берік Байдушев.

Адам денесінің ауырған жерін сипап отырып-ақ жазатын,  әсіресе сынық салғанда кәнігі хирургтарға бергісіз ерекшелігімен танымал болды. Оның емшілігін білгендер басқа облыстардан да ауыл мен қаладан да келіп, ем-домын алып, алғыстарын жаудырып жататын.

Оқыс оқиғаларда немесе аяқ астынан ауыр -жарақат алып, сынығын салдыруға кешеуілдеп  келген адамға  «Иә, сен кеше жарақаттандың ғой, неге  үйде жатып қалдың,  ауырғанға сонша шыдауға бола ма екен»? — дейді екен. Болған істі, тіпті сағатына  дейін айтып беретін болған. Адамға көмек беріп, емдеуге  ынтығып тұратындығы  сондай, тіпті  ешкім келмей кетсе, танымайтын бірақ,  алыстағы  жағдайы нашарлаған адамдарды ойлап, өзі де ауырып, қиналып қалатын деп еске алады ұрпағы.

Ол кісіні менің де көзім көріп, бала болсам  қасиетіне тәнті болғанмын. Есімде,1977 жылдың ақпаны. Ойламаған жерде көктайғақ мұзға  қатты құладым. Сол қолым астымда қалып, қатты ауырды. Үйдегілерге  көрсетпей  екі күн жүрдім.  Үшінші күні  қолым күп болып, ісініп кетті. Күнде жұмыстан жәй келетін әкем сол күні  қолымды көріп шошып кетті.  Қараңғы түскеніне қарамай машинаға салып алып, көрші Тасмола ауылына алып келді.  Күнзипа деген сынықшы деп іздеп едік, тез арада таптық.  Көз алдымда сол көрініс қалып қойды.  Қоңыр үйде қарсы алған  апа, «Ә, келдіңдер ме, бұл қыздың қолын сындырғанына бүгін үшінші күн ғой, неғып білмейсіңдер ? » -деп  әке-шешеме аздап жекіп алды.  Менің қолды қалай ауыртқанымды  айта бастаған ата — анамды, қолын көтеріп тоқтатып,  бірден төрге шығарды. Балаларына шәй әзірлетіп, өзі қазанға сырттан әкеп ет салды. Әңгіме-дүкен құрып, кәдімгі  күнде көріп жүрген адамдардай  сөйлесе кетті. Қасен деген жолдасы да  бәйек болып, тап бір алыстан туыстары келгендей шауып жүр. Мен болсам үндемей отырмын. Бұл қашан қолымды қарайды, қонаққа келгендей болдық қой деп ренжіп те алдым.  Сөйтсем, Күнзипа апа сынықты «сырттай» көріп, біліп отыр екен ғой.

Шәй ішілді, ет  желінді, біз  әлі отырмыз. Ата-анам да, мен де бүгін, шамасы,  сынық қарамайтын күн  болды-ау деп қипақтай бастағанымыз сол екен. «Қане, қызым, тағы бір күштілігіңді  көрсет, шыдамды болсаң, әкел  қолыңды. Жеті күнде  жазылады» — деді.

Сөйтсек, қолым бір емес бірнеше жерден сынған екен, соның бәрін шыңғыртып отырып, жинап, орнына келтіріп, салды. Үлкен бөз матамен мықтап таңып берді.  Сөйтіп, сынықты орнына салып, әрі қонақ қылып ауылға қайтарды. Қазір өзімнің түсінігім бойынша ісіп тұрған ет пен сүйекті қабыстыру мүмкін емес. Ал менің қолым қатты ісіп барғанын білемін. Бірақ  сынықшы ет жеп болған соң ғана қолымды көрді ғой.Есімде қалғаны сол кезде  оның ісігі  тіптен байқалмады. Демек, ол шәй мен ет ұсынып, әрі ісікті қайтарып отырған болды. Қызығы сол, сынық жазылған күні матаның өзі-ақ сыпырылып  түседі дегені. Жетінші күні айтқан уақытында  мата қолымда шешіліп, аң-таң қалдым. Бейне бір,  сынық тіптен болмағандай. Бірақ көп жылдар бойы ақпан айының бір ғана күні  түнімен қақсап аурып шығады. Ол жайында  Күнзипа апай ескерткен еді.

Міне, Шыңғырлау топырағынан шыққан, қабілетімен жұртты таңдандырған сынықшы, емші  адамдардың бірі осы  жоғарыда айтылған Күнзипа апай. Ерекше қасиетімен адам емдеп,  қиналғанға қол ұшын берген.  Өзі өмірден өтсе де оның жақсылықтары  ұмытылмайды.

 Айсұлу Арыстанова