28.08.2019, 9:35
Қараулар: 486
Азаппен өткен алты  жыл

Азаппен өткен алты  жыл

Жалған  діннің құрбаны болып, жат елден жаннәт  іздеп қаншама  адам тектен -текке опат болды.  Сирияны бетке ұстап, бағыт — бағдарсыз елден кеткен қаншама тағдыр құрдымға кетті. Десек те отқа түсіп опық жеп, туған жерге жете алмай жанұшырған  отандастарын   жат жерде қалдырмаған  зайырлы мемлекетіміз үшін тағы бір  марқайып, мақтанатынымыз  шындық. Күрмеуі қиын шақта ешбір  саяси уәжге  қарамастан, кедергілерге төтеп берді. Қиналғандарға  қол  ұшын созып,  қақтығыс аймағынан өз азаматтарын   алып шықты    Бақ беттерінде айтылып, жазылып  жүрген  «Жусан» операциясының  үшінші кезеңінің арқасында елге жеткізілген жанның бірі — Ақнұр есімді   27 жасар келіншек.  (Аты — жөні белгілі себептермен өзгертіліп алынды. Талай құқайды басынан өткерсе де бойынан  ибалығы, ізеттілігі байқалатын  Ақнұрдың  айтары көп,  айта алмайтыны  да, әрине, біраз. Дегенімен жәймен отырып,  ашық сөйлесуге тырыстық.  Айтқанын қағазға түртіп, Ақнұрдың  өткен жолы өзгелерге  ащы да болса сабақ болсын, оның қателігін қайталамауға сеп болсын деген  ниетпен оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Ақнұр ауылда өскен. Бойжеткен шағында  қалаға  келіп, колледжде оқыпты.   Мінезі жұмсақ, ақ жүректі қыздың қасында құрбылары өте көп болмапты. Жылтыраққа қызықпайтын, селтеңдеп, кафелерге жүгірмейтін қыздың қасында өзі сияқты тек кітапты сүйетін қыздар ғана болыпты. Өзі кішкене кезінен  кітапқа құмар екен.  Тек талғамай, таңдамай оқи беретін. Колледжге жан — жақтан келгендер оны  «оқымысты» деп сырттай мысқылдайды екен. Сөйтіп жүргенде қасындағы  құрбысының  оқып жүрген кітаптаптарына деген  Ақнұрда  қызығушылық пайда болады. Ешкімнен сұрай алматын  сұрақтарына деген  жауапты осы әдебиеттерден көргендей болады. Ал кітаптар болса сансыз көп еді. Қайдан келетіні белігісіз. Қыз болса  қайдан немесе кім берді деп сұрамастан оқи береді.  Кітаптар болса -келе берді, келе берді.  Өзіне баураған  әдемі  сөздер бұны бір құпия әлемге жетелегендей,  бар болмысымен  кітап айтқан әлемге  сүңгіп кете барады.  Дін туралы кітаптағы  қағидалармен өмір сүре бастайды.  Осыған дейінгі алған білімі,  үйренгенін жоққа шығарғандай.  Түбі жоқ  бір беймәлім «ілімге » ынтық болады. Мектептегі  алғаны  тым таяз, нәрсіз деген шешімге келеді.  Өмір туралы ойлары да өзгеріп,  бертін келе   адамдардың күнделікті  күйбің-тірлігіне аянышпен қарап,   өзінің алдағы « керемет » өмірін күтеді.   Шамасы келсе, барлық  өткен өмірін дұрыстап,  осы бағытының дұрыс  және анық  екендігіне  әбден сенеді.  Шашын  орамалмен  жасырып,  жабық киімдер  кие бастайды.  Сабағынан қалмай барып жүргенімен  айналасынан түсіністік  таба алмай қатты қиналады. Студент қыздар мысықылдап келемеж  етсе,  колледж  басшысы бірнеше әңгімелесуден кейін,  тіпті шешімін төтесінен айтады.  «  Не орамалыңды шешесін, немесе  сырттай бөлімге ауысып , бізден кетесің !» -дейді. Бірақ,  сырттай оқудың  ыңғайы болмай, көпке дейін колледж қабырғасында  қалуға тырысып бағады. Өкінішке орай, біраз теперіш көрген соң барып, ауысып тынады.

Сырттай оқуы —  уақытының  көп сағаттарын   діни уағыз тыңдап, әрі  дін жолына түсіп, тек кітап  оқуына  үлкен мүмкіндік береді.  Әрі әрбір лекциясы асқан шеберлікпен оқылатын, түрлі сабақтардан дәріс беретін  мұғалімі — Дарын Мүбаровтың  да әсері болады.  Оның  ешбір лекциясын қалт  жібермей, құныға тыңдап, үлкен әсермен үйіне  қайтып жүреді.  Діни әдебиетке деген құштарлығы одан сайын артып, өмірдің бар  кереметін осы  әдебиеттерден ғана іздей бастайды.  Жақсы өмір, бақыттың бастауы да осының ішінде   сияқты көрінеді. Дарын Мүбаровтың айтуымен  алғашқы жұма намазына барады. Басын сәджеге тигізеді.  Сөйтіп,  өзі таңдаған жолдың дұрыстығына өзін тағы  сендіре бастайды.  Бара — бара   хиджапты да киеді.  Өзіне сөз айтқан жігітпен табысып,  тез арада  күйеуге шықпақ болады. Ол да  шариғаттың таңдауы, міндетім деп мойын ұсынады.  Бірақ, әлі жассың деп, ата-ана   рұхсат бермейді.   Барлық ой — санасы  тек қана  діни оқылықтарды оқумен уланып,  уақыты бес мезгіл намазға жығылумен өтеді. Ата-ана, байғұс,  біразға дейін қыздарының  өздерінен бөлектеніп бара жатқанын сезгенімен,  амал жоқ,   бауыр еті баласы ғой, тек енді  амандығын  ғана тілеумен болады. Бірақ, күндердің бір күнінде Ақнұрлары  бәрін тастап  Сириядан бір шығады деп тіпті ойламапты.  Сырттай оқу бөлімінде сабақ берген мұғалімімен  сүйген жігітінің де  өмір  туралы, шариғат туралы айтқандары  бірдей болған соң ба Ақнұрдың бұл  беймәлім бір әлемге енуінің өзі   оп-онай,  әрі тез болады. Бұның  ой-пікірлерін бас изеп отырып құптап,  өзгешелеу дүниетанымын ұштап, әсерлеп отыратын жандар әр уақыт қасынан табылып жүреді екен.  Онысына іштей  қуанған қыз  бейне бір аспанда қалықтап жүргендей  сезімде болады. Әлдебір гипноздық әсер еткендей,  не болса соған «Мақұл» деп тұрады.  Жігітімен  талай күндер, түндер бойы  бір тақырыпта әңгіме -дүкен құрып, білген — түйгендерін талқылап, іштей бір рухани  байлыққа кенелгендей  сәттерді басынан кешеді. Сезімінің жетегімен  қол ұстасып, бір отау болуға бел байлап сөз алысады. Сөйтіп тұрмыс құрады. Бұған дейін рұқсат бермеген ата — ана  амалсыздан келісімін береді. Жолдасы екеуі  армандарын  жалау қылып,  төрт күл дүниенің  рахатын көреміз, әлемді  бірге білеміз деп серттеседі. Ал  тумысынан тіл алғыш, әрі тәрбиелі отбасынан шыққан қыз  жолдасының  айтқанын қалт еткізбей орындайды. Әркез осылай болады да.  Өзге отбасылар сияқты « Шәй »десу немесе жекіп сөйлеу деген бұларда болмайтын. Жанұя жарастығы, жолдасының бұған деген  мейрімділігі  алдағы уақыттағы өмірдің шексіз әрі бақытты болатынына сендіретін. Содан  болар тіпті   жолдасының түрік еліне  жұмысқа  шақырғанын айтып, үйге қуанып келгенде де  ештеменің жөнін сұрамай  басын шұлғып, келісе кеткен. Бір күні  жан-жары бұған: Бүгін саған  ерекше хабар әкелдім, жинал,  Турцияға көшеміз.  Өзім жұмыс істеймін, ал сен үйде отырасын,- дейді.  Жедел  жиналып, сапарға шығады.   Шет елге көшіп бара жатқанын   анасына  ғана айтады. Тек, Турциядан  Сирияға өтіп бара жатқанын білгенде ғана   бір пәлеге ұрынғанын  жан-жүрегімен сезіп,  іштей «Аһ !»  ұрады.  Қатты қателескенін,  мықтап шатасқанын сонда біліп, қорқыныштан  жүрегі өрекпиді.  Тек  жәутеңдеп қана күйеуіне сұраулы көзбен қарауға ғана шамасы жетеді.  Сөйтсе де, ерін  тыңдайтын әйел ғой,  ештеме демей, оған  мойын ұсынудан өзге шамасы жоқ еді. Нағыз шекарадан өтерде буындары дірілдеп, аяғы жүрмей қояды.  Ішкі түйсігімен, қалайда  артқа қайтуды ойлайды. Бірақ  не істеуге білмейді. Қайтар жол жабық, шегінерге жол жоқ .  Ал жолдасы болса бұның қолтығынан демеп,  «Сирия жеріне өтердегі  басқан  әрбір қадамыңның өзі  бізге соншалықты  сауап  әкеледі »- деп тағы сендіреді.

Алғашында  жағдайлары жақсы болады.  Орналасуға  бір адамдар келіп  көмек етеді, үлкен вилла беріп,  азық-түлікке деп   ай сайын азын-шоғын ақша беріп тұрады. Тағамның  мұнда тым қат екендігі  бірден байқалады. Базарда еттен  басқа ештеңе жоқ. Өзге тағам, тәтті  тіптен болмайды.   Редиска, жүгеріден басқа ештеңе көзге түспейді. Бара — бара тіптен жағдай қиындап кетеді.  Жақсы тұратын арбатардың есіктерін қағып тамақ сұрауға мәжбүр болады.  Олардың  әйел,  бала — шағаға деген  аяныштарының арқасында  бірде ұн , бірде бидайдың  талқанын  сұрап алып талғажау етеді.  Ұнмен крупаны қосып, нан жасап жейтін уақыттары да болған.  Күндіз  тыныштық орнаса, түн ауа аспаннан бомбалар түсіп,  тас — талқан етеді.- Бүгінгі   қасыңда тұрған  адамның ертең  сенімен көрісері неғайбыл  немесе  керісінше.- дейді жанарын төмен салып.  Аспаннан бомба жауып, айнала от пен шаң-тозаңға араласқанда шырқыраған жаның  өзіңді көкке сүйрейтіндей. Үйлерге, көше мен көліктерге  түсіп, жарылған жарықшақтары айнала ұшқанда  қайда тығыларын білмейтін  әйелдермен балалардың жағдайы тіптен қиындайды.  Түнімен балалар шошып, әйелдер жылаумен  шығады.   Бірде бомба түскен шұқыр қасында  іші жарылып, қарны ақтарылып жатқан,  жүкті  әйелді көріп қатты шошиды. Жаны шықпай  қиналған әйелдің ішінен өлі баласы шығып қалыпты….

Бомбалау сәттерінде тығылар тесік іздеп, бас сауғалап жүгіргенде,  бәрін ұмытып, осы бомбалардан аман қалсам деп бір күндік амандығын  сұрап  Тәңірге жалбарынады екен.  Ал   темірден құйылған  бомбалардың   саны  шексіз. — Әрбір бомбалаудан кейінгі тыныштықта  отырып,  тағы да  арман болған туған жерді аңсайсын.Бір сәтке болса да көрсем ғой,  туған жердің  топырағына  аяғым тисе,  балшығына қарамай жата қалып сүйер едім ғой,- деп  жылайтынбыз дейді  Ақнұр.

Күйеуі үнемі бір жаққа кететін.  Қайда болдың, қайда барасың деп сұралмайды, тәртіп солай. Бір күні   телефон шалып, қатты жарақаттанғанын,  қиналып тұрғандығын,  бірақ аман — есен үйге келетінін айтып содан соң үнсіз қалады.  Сол үнсіздік оның бұл өмірден өткеннін білдірген  соңғы  үнсіздік еді.  Жарының немен айналысқанынына көзі  жетіп, іштей  күйінеді. Артынша біреулер келіп  жолдасының жақын арада   үйге жететінін айтады. Бірақ Ақнұр жолдасының енді өмірде жоқ екендігін білетін. Олардың сөзіне сенбейді.

Сол күннен бастап бұлар үлкен ұл және  іштегі тоғыз айлық баласымен ғана қалады. Бір жеңілдігі  сол – түрмеде,  лагерьде  жесір және аяғы  ауыр  әйелдерге жақсы қараған.  Оларда Уали деген   арнайы  қараушы немесе күтуші  болған.  Қанша әйел болсада оларға , тамағын жатын орын беріп отырған.  Күндер өте береді. Осы жерде тоғыз ай көтерген  кіші ұлды дүниеге әкеледі.  Қасындағы әйелдер көп көмек етеді. Басын сүйеп, тамақтарын бірдей бөліседі.Аштық пен от  ортасында туылған баланың  көрер жарығ ы бар екен, әрі  ешбір ару — сырқаусыз  өседі.  Елге жеткен соң да  Ақтаудағы карантин  және бейімдеу орталығындағы  медициналық тексерулерден білгендей  балалардың  денсаулығы ақаусыз депті. Бұл да көңілге үлкен демеу.

Ақнұрдың айтуынша  алғашында  Сирия жерінде  қайда түскендерін, не мақсатта жүргендерін  зерделеуге мүмкіндік тіптен болмаған.Түсінген соң — ақ  қашуды көздейді. Бірнеше рет   қашпаққа  әрекет етікенімен  сол жердегілер барлық әйелдерді  кері қайтарады. Ал бірде тіпті жалдап алған  жол көрсетуші  оларды  жүргізіп, жүргізіп, қайтадан   шыққан жерге әкеп, алдап  тапсырады.  Босатқанымен не керек,  бұл шаралары әйелдерге  өте ауыр болады. Келесі бір  қашып кетпек болған  ұмтылыста   15 сағат жол жүріп, адасып,  ашығып, шөлдеп,  амалсыздан  өздері тұрған мекенге  қайта оралады.  Жергілікті  күзеттер  ұстап алып,  ұрсып- зекіп келесіде  ұсталсаңдар  енді сөз жоқ бірден  түрмеге  саламыз деп  қорқытады.  Үйге келіп  әлденіп алып, екі күннен кейін тағы жолға шығып, сол шыққаннан  курдтадың  лагеріне жетіп құлайды. Олар түрмеге он күн қамап,  сосын,  лагерге өткізеді.  Әйтеуір өлместің күнін кешкен.  Аз-мұз тамақ беріп, жатар жерлеріне матрас  қана берген.

Күндердің күнінде елден хабар жетіп,  еріксіз келгендердің тізіміне тұру жұмысы жүреді. Ал андағылар болса, қалайда  бұлардың   қашқындар тізіміне  енбеуі үшін  бар айла — шарғыларын жасап бағады.  Себебі соғыстағы  арсыз саясаткерлердің  тәсілі  іспетті, бұлар да әйелдермен балаларды пайдаланбақ екен. Олар көбірек болса оқ боратпайды, бомба лақтыруға батпайды деп ойлайды. Нақтырақ айтқанда, адамдарды тегін  қалқан қылған түрлері. Өкінішке орай,  тірідей қалқан болған талай  әйел мен балалар  қанға бөгіп, арманда кетеді. Соңғы  жылдары  қан құмарларға ештеңе де кедергі болмағанын білеміз.

Ақнұрдың  айтуынша курдтардың  лагерінде бірнеше ай бойы қамалып отырыпты. Ай сайын елден хабар болар ма деп  зарығумен, жабығумен өткен күндей — ай.  Балалардың « Апа,  тамақ жегім келеді» — деп қиылып қарағандары жанға  батса, бір жағынан  алда не болар деген қорқынышпен   өткен   күндер  ұмытылар ма?  Ауылда есеңгіреп ата-ана күтсе , сағыныштан сарғайып  Сирия жерінде  бұлар отырыпты.  Өмір — ай, неткен  қатігез едің деп талай налыған кездері  көп.  Бірақ  барлығын да алға деген ұмтылыс, өмірге деген құштарлық, елге деген сағыныш  жетелеп, әрбір күнін жалбарынумен өткізгені шындық.

Қазақстан  отандастарын әкетеді екен деген сыбыс тарасымен  өмір сүруге деген құштарлық одан сайын  күшейіп,  қалайда жандарын сақтауға  тырысыпты. Өзге елдің адамдары бұларға   қызыға қарап,  жанарлары жәудірейді.  Қиындықты бірге көтерген қара көздердің  бәрі де аман деп айту мүлдем мүмкін емес. Десек те бірге келген 16 әйелдердің әлі күнге  бір — бірімен  хабар алысып, жағдайларын сұрасып тұруы, от еліндегі  қиындықта  бауырдай болып кеткендіктері,  ал бойларындағы мейрім шуағымен  жандарын  жылытқандарын байқадық. Осы уақыт аралығында Ақнұрдың  өзінің  басынан өткенін ой елегінен өткізіп, екшеуге, сараптауға уақыты жеткілікті болды. Оны   былай жеткізеді: Ол жақта жүргенде түсіндім, бұл ісіміздің  дұрыс  еместігін, мықтап түсіндім.  Бәрібір саяси соғыс екендігін,  олардың мұнай үшін, жер үшін  соғысып отырғанын. Ешқандай да  Шариғат Халифат  болмағанын, барлық соғыс қимылдарының   Американың  жобасымен  жүргізілген  жоба екенін, адамдардың  бізді  алдап келгендігін және   біз сияқты қыз — келіншектердің, жастардың  алданғанын білдім. Сирияда  өткен өмір  біздегі  өмірдің қаншалықты артық екендігін түсіндірді. Қиындықтардың бәрін бастан өткере отырып, осындай қателіктерді  өзгелердің қайталамағанын қалаймын.  Әсіресе  дін  жолы деп  теріс бағытқа салатын  ағымдардан сақ болуды айтар едім. Ақылдасар адамның  және  білмегеніңді сұрайтын адамнан да шатаспауды  тілер едім. Білмей жүріп, үлкен қателікке,соңы  өлімге әкелер жағдайға тап болыппыз. Қиянда жүріп  еліміздің қадірін, Қазақ елінің қаншалықты өркениетті, зайырлы екендігін түсіндік. — дейді күнсініп.

Аспанда  от жарқылдап бомба жарыған сайын  бүктетіліп отырып,  жандарына сауға  тілеген   жанкештілердің  бүгінде  біразы  бейбіт өмірдің саф ауасын құмыға жұтып,   айналаға басқаша көзбен қарайды. Көрген құқайлармен, аштық пен азап,   алдау мен арбаудың  неге әкеп тірейтінін   енді мықтап түсінді.  Сонша жылдардан кейін  ғана тікұшақпен әуеге көтеріліп, елге жақындағандағы іштегі сезімді айтып жеткізу,  әсте  мүмкін емес. Өң мен түстей уақытта  Ақтауға келіп қонған  ұшақ  тағдырлары тәлкек болған бір топ жанды өмірге жаңа әкелгендей болады.  Құшақ жайып күтіп алған жақын — жуық, бұрын қайғыдан  жас төксе, енді  қуаныштан  өкіріп жылап,  аймаласты.   Біздің кейіпкеріміз   бүгінде  туған ортасымен қайта табысып, өзіне жанашырлықпен көмек еткен, шынайы  колдау көрсеткен адамдарға шексіз риза. —  Бізді  соғыс қиымылдары жүріп жатқан апатты жерден алып шығуды тапсырған сол кездегі Елбасы Н.Назарбаевқа,  Президентіміз Қ.Тоқаевқа,  сыртқы істер Министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне,  барлық  әскери жауынгерлерге мың да бір алғыс айтамын. Балаларым аман, еш жеріміз жарақаттанбай келдік, өлім мен өмірдің ортасында жүрген, адасқан адамдарға кешіріммен қарап,  барлық жағдайымызды жасаған еліміз үшін мен қуанамын,-дейді Ақнұр  көз жасын сүртіп.

Аранын ашқан  ажал ортасында  өткізген алты жылды артқа тастап жаңа өмірге қайта аяқ басқан  Ақнұрдың жан — жарасын  түсінуге тырыстық. Бір сәтте  аяғын шалыс басса да тез есін жиып,  алға ұмтылған оның  ерік — жігерін таныдық. Айтса сенгісіз  қиындықты  бастан өткерген  адамның  бүгінде  күн нұрына тік қарап, иығын тік ұстауының   өзі  жақсылық.  Жас  та болса кез келген жанның  пешенесіне тілемейтіндей қиын өмірді бастан кешкен Ақнұр  бүгінде  екі сәбиін жетектеп, нық басады. Алдағы күнге сенімі мол,  айналасында көптеген адамдардың қолдауы бар. Себебі әрбір  адам  бұл өмірге бақытты өмір сүруі үшін келеді.  Ал елімізде бұл үшін барлық жағдай бар, ең алдымен адами құндылыққа басымдық   берілген.  Ақнұрдай қыздарымыз енді адаспасын деп тілейік, жамағат!

  Айсұлу Арыстанова