26.08.2019, 16:30
Қараулар: 695
Тұрғындар да белсенді болса

Тұрғындар да белсенді болса

Ауылды таза ұстау, қоқыстардың көше бойына шашылмауын қадағалау, тұрмыс қалдықтарын жинау жаз мезгілінде де назардан тыс қалмауда. Аудан орталығындағы мекеме-ұйымдар арнайы бекітілген кестеге сәйкес жұма сайын өздеріне бекітлген көшелерде сенбілік жұмыстарын жүргізуді жалғастырып отыр. Жуырда ғана аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі де ортақ шараға белсене қатысып, кезекті сенбілікте өздеріне бекітілген Ақсай көшесінде тазалық жұмысын жүргізді.

Қолдарына қаулап өскен арам шөптерді шабу үшін күректерін алған және тұрмыс қалдықтарын салуға арналған қаптармен «қаруланған» мекеме қызметкерлері ұйымшылдықпен жұмыс жасады. Осындай тазалық шараларын көше бойын мекен еткен әр тұрғын өздері де сақтап отырса, аула жайларының жанындағы қаптаған арам шөптерді өздері де жұлып жатса құба-құп. Бірақ, тұрғындардың осы тазалық мәселесіне келгенде кежегелері кері тартып, мекеме-ұжымдарға иек артып, қолдарын қусырып отыруға дағдыланып кеткендіктері шындық. Сондықтан да әр көше тұрғындары өздері бастама көтеріп, тіпті айына бір рет болса да  сенбілік ұйымдастырып жатса қандай ғанибет. Өзіміз тірлік етіп, өмір сүріп отырған ортамыздың тазалығы ешкімді де бей-жай қалдырмағаны дұрыс-ақ. Өйткені, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ аға буынның әр ісінен үлгі алатынын ескерсек, енжарлық пен еріншектіктен арылуымыз қажет.

Назым Айқын