26.08.2019, 15:52
Қараулар: 350
Аудан әкімі ақсақалдармен кездесті

Аудан әкімі ақсақалдармен кездесті

Жуырда ғана аудан әкімі лауазымына тағайындалған Е.Тұрмағамбетов аудан ақсақалдарымен кездесті. «Қызметке жаңадан тағайындал­ғандықтан, үлкендердің батасын алайық, етене әңгімелесіп, өтініш-тілектеріңізді тыңдайық деген ниетпен алғашқы кездесуімізді өмір көрген өздеріңізбен кездесуден бастауды жөн көрдік. Осындай жауапты істе ел тізгінін ұс­таған балаларыңызға бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол сілтесеңіздер деген оймен бас қосып отырмыз, – деп бастаған аудан әкімі жиналғандарға жаңадан тағайындалған аудан әкімінің орынбасары А.Бисембаевты таныстырды.

Басқосуда аудан көлемінде атқарылған жұмыстармен қатар, алға қойылған мақсаттар кеңінен баяндалды. Аудан көлемінде толықтай шешімін тапқан көгілдір отын, елді мекендердің 90 пайызы қамтылған ауыз су, жөнделіп жатқан жолдар мен нысандар туралы сөз болып, өңіріміздің басқа да тыныс-тіршілігі жөнінде мағлұмат берілді.

Өз кезегінде сөз алған ақсақалдар жаңадан тағайындалған аудан әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, өздерінің ұсыныстары мен ойларымен бөлісті. Соларды бірі,  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Самиев өз сөзінде келер жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын жоғары деңгейде өткізуді бүгіннен бастап, жүйелі жоспар құруға шақырды. Батыр бабаларымыздың ерлігін насихаттайтын кітаптар шығаруды, ізденуді қолға алумен қатар, арамыздағы ардагерлерге де қамқорлықты одан әрі күшейтсе деген ұсынысын білдірді. Ал Ақтау ауылының тұрғыны К.Ниезбаев ауылда таза ауыз су мәселесін шешуді сұраса, ауданымыздың құрметті азаматы, ардагер ұстаз Б.Сапаров «Ұлы даланың – жеті қыры» мақаласы аясында ауданымыздағы әр тұрғын ауласының сыртына 7 ағаш отырғызып,  ауылымызды одан әрі көркейтуге шақырды. Бұдан басқа да ақсақалдар тарапынан мектепті жөндеу, бөгет салу, зейнеткерлерді мәдени шараларға қатыстыру, мәдениет үйін салу жөнінде көптеген сұрақтар мен өтініштер болды.

Аудан басшысы кездесуді қорытындылап, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, ақсақалдарға алғысын білдірді.

Аман Ізмұхан

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар